Бұқаралық ақпарат құралдары

 Көненің көзі, тарихтың өзі

 

Қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық саз аспаптарының ішінде қобыздың орны ерекше. Аталған күрделі аспапты меңгеру де оңай емес. Сөйте тұра, елімізде телегей теңіз тұңғиық әлем іспеттес озық өнерді жанына серік етіп, әуен мен сарынның түсін ажыратқан дана қобызшылар мен жас қобызшылар шоғыры қалыптасып келеді. Бір кездері жойылып барып, қайта жанданған қобыз өнеріне қызығушылық танытқан жас талаптардың қатарында Чернорецк №2 мектебінің оқушылары Қалия Рақымжанова, Айымгүл Ахмет, Айдана Абайлар бар. Дарынды қыздардың өнерін тамашалап, жеткен жетістіктерін елге насихаттау мақсатында аталған мектепке арнайы ат басын бұрдық.

Қобыз – терең де толқымалы сырға толы үні бар, тыңдарманға эстетикалық әсер сыйлайтын, адамның табиғи даусына ең жақын бірегей аспап. Халық арасында «Күй атасы – Қорқыт» деген сөз бар. Дәл осы Қорқыттың күй сарындарын орындаған негізгі аспап — қазақтың қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін бұл аспаптың шын мәнінде қасиетті екенін ұғынуға болады. Набережное ауылындағы Чернорецк № 2 мектебі талай шәкірттің кеудесіне білім бұлағын құйып, зердесіне білім шырағын жаққан, талай дарынды түлетіп ұшырған білім ордасы. Осыдан 4 жыл бұрын мектеп директоры Гүлнар Айбенова музыкалық колледжді енді аяқтаған Айдана Ұйықбаева есімді жас маманға оқушыларға арнап қобыз үйірмесін ашуды ұсынады. Алғашында он шақты оқушының басын құраған үйірмеде, бүгінде талай сыннан сүрінбей келе жатқан 3 дарынды қыз қобыздың қыр-сырын меңгеруде. Айдана Жұмабайқызымен екі жыл шыңдалып қалған қыздар бүгінде Әсем Ботабаеваның жетекшілігінде. Киелі қобыздың шынайы жанашырлары қос мұғалімнен жеткіншек қыздар талай конкурстың жүлделі орнын қажығаларына байлап қайтты. Облыстық, Республикалық конкурстардан өзге, Халықаралық сайыстардан да жүлдесіз қайтпаған жас өрендер атауларына сай «Самғау» тобы болып, биік белестерді бағындыруда талмай еңбектенуде. Осы орайда, мектеп директоры Гүлнар Зейноллақызы:

– Қобыз үйірмесі мектебімізде 4 жылдан аса уақыт жүргізіліп келеді. Қыздарға әр түрлі күй шығармаларын үйретумен қатар, әрдайым сайыстарға қатыстырып отырамыз. Себебі жарыс, бәсекелестік болған жерде оқушылар шабыттанып, шеберліктерін шыңдай түседі. Бүгінгі таңда қобызшы қыздарымыздың қоржынында халық әні «Ақбаян», «Жезкиік» «Илигайдан» бастап, классикалық туынды Е.Г. Брусиловскийдің «Шолпанына» дейін бар. Аптасына екі рет қобыз сабағы өткізіліп тұрады. Жылына 3-4 туынды үйренеміз деп алдымызға мақсат қойғанбыз. Біз әкімшілік тарапынан мектептің дарынды оқушыларына әрдайым қолдау көрсетіп отырамыз. Мысалға, биыл қобызшы қыздарымызға қазақы үлгідегі жаңа костюм тіккіздік. Енді олардан тек жеңіс күтеміз, – дейді.

Бір айта кетерлігі, «Самғау» тобы Красноармейка балалар өнер мектебінің филиалы құрамында екен. Өткен жылы  қобызшыларымызға сәтті жыл болды. Соның бір дәлелі, жас орындаушылар арасында өткен «Ертіс Star» ұлттық музыка конкурсында 1-орынды жеңіп алды. Үстіміздегі жылы красноармейкалық қобызшы қыздармен бірігіп, «Dreamfest» атты бірінші халықаралық көпжанрлы конкурс-фестиваліне  қатысып, әрі гран-при иеленіп қайтқан болатын.

ХІХ ғасырда өмір сүрген Бекасыл атты ақын: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», — деген екен. Жоғарыда айтып өткен үш қызымыздың отбасы да өнерден алыс емес көрінеді. Айымгүлдің анасы баянда ойнаса, Қалияның ағасы әнші, ал Айдананың әжесі музыка пәнінің мұғалімі болғандықтан, барлық аспаптарда еркін ойнаған болып шықты. «Көргені жақсы көш бастар» — деген осы да.

Халық арасында қобызбен тек мұңлы әуендер ғана ойнау керек деген жаңсақ пікірлер бар. «Самғау» сияқты жас қобызшылар мұның жаңсақ пікір екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бір кездері жойылып кету қаупі туып, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, қайта жанданған қобыз өнеріне қызығушылық  танытқан жастар саны біртіндеп көбейіп келе жатқандығы көңіл қуантады. Кеңес дәуірінің кезінде бақсы аспабы деп көптеген қудалаушылыққа ұшыраған қазақ халқының саз аспабын өзіміз бағаламасақ, кім бағалайды? Скрипканың арғы атасы Қорқыттан қалған қобыз болса, контрабасс, альт прима қобыздың бір түрі емес пе? Бәлкім, ғалымдарымыз осыны халықаралық деңгейде зерттесе, әлем көзінің қазақ музыка өнері арқылы қазақ ауыз әдебиетіне ынтасы ауар ма еді?! Бұл дегеніңіз, қазақ тарихын әлемге таныту деген сөз. Бастысы, төл тарихымыздағы ұлттық аспаптың ғұмыры ұзақ болғай деген тілектеміз. Ал, Қорқыттан қалған қара қобызды насихаттау сіз бен біздің еншімізде.

 

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙ

Суретті түсірген автор