БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ ХАБАРЛАЙДЫ


«БЖЗҚ» АҚ «Ашық есік күніне» шақырады

«БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы 2019 жылдың 20 қыркүйекте Павлодар қ., Исиналиев к., 1 мекенжайында таңғы сағат 10:00-де шарасын өткізеді.

«Ашық есік күні» аясында «БЖЗҚ» АҚ филиалдарының мамандары ерікті зейнетақы жарналары бойынша насихаттау жұмысын жүргізеді.

Қор мамандары өз зейнетақы капиталын қалыптастыру маңызы туралы және ерікті зейнетақы жарналарының келешек зейнетақыға әсері туралы айтып береді.

Ниет білдірушілердің барлығы басты күн тәртібі бойынша ғана емес, зейнетақы жүйесінің қызметі мен жеке салымдарға қатысты басқа тақырыптар бойынша да жауап ала алады.

«БЖЗҚ» АҚ өз салымшыларын, алушыларын және ниет білдірушілердің барлығын «Ашық есік күнінде» күтеді!


Менің еңбек өтілім өте аз. Жұмыс істеуге ұзақ уақыт мүмкіндігім болмады. Енді мен болашақта қандай зейнетақыға үміт арта аламын?

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы жаңа әдістеме бойынша тағайындалып жатыр. Оған дейін базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленіп келді. Енді оны тағайындарда зейнеткердің зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі. Егер ол жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 2019 жылы бұл сома – 16 037 теңгені құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін базалық зейнетақының көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан көп болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең.

2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі 29 698 теңге.

Егер 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі 6 айдан кем болмаса, онда ортақ зейнетақы да тағайындалады. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттен төленетін жасына байланысты ортақ зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап (күні бүгінге дейінгі аралық) жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыстың негізінде есептеледі.

Әрине, жиынтық зейнетақының басым бөлігін жинақтаушы зейнетақы басуы керек. Егер қандай да бір себеппен міндетті зейнетақы жарналары төленбеген болса, оны ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен де  толықтыруға болады.

Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен үшінші бір тұлғаның атына да аудара алады. Бұл жағдайда үшінші тұлға да жеке басын куәландыратын құжатпен Қорға келуі тиіс. Қажет жағдайда салымшы мен алушының орнына олар сенім білдірген тұлға да нотариат куәландырған сенімхат негізінде өтініш бере алады.

Айта кетелік, кәмелетке толмаған тұлғалардың да ерiктi зейнетақы жарналары бойынша шот ашуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте шартқа кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды.

Заңды тұлғалар да өз кезегінде жеке тұлғалардың, мысалы өз қызметкерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Олар әдетте мұны қол астындағы мамандарды еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды. Заңды тұлғалар ұсынатын құжаттар топтамасы enpf.kz сайтында орналастырылған.


Баспасөз аңдатпасы

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы шотын кімдер аша алады?

Қазақстанның кез-келген азаматы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын аудара алады. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Бұл ретте жарналардың мөлшерінен гөрі, олардың тұрақты аударылғандығы маңызды. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтар болашақта Қордан қомақты мөлшерде зейнетақы төлемдерін алуға септігін тигізеді. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды.

Кәмелетке толмаған тұлғалар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шарта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды.

Салымшы ерікті зейнетақы жарналары есебінен шот ашу үшін Қорға өзі келген жағдайда жеке басын куәландыратын құжат тапсырады. Егер шарт үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуі тиіс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкілі немесе оның орнына нотариат куәландырған сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға өтініш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшінші адамның пайдасына шарт жасау үшін алушы да жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшінші адамның пайдасына шарт жасасу үшін тиісті құжаттар топтамасын ұсынады. Қажетті құжаттар тізімі Қордың enpf.kz сайтында көрсетілген.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 2019ж. 29.08. 


2019 жылдың 1 тамызына қарай БЖЗҚ-ның негізгі көрсеткіштері

Зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан жоғары

 2019 жылдың 1 тамызына қарай жарналардың барлық түрі бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,17 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 8 пайызға, ал бір жыл ішінде 1,6 трлн теңгеге немесе 19 пайызға өсті.

Зейнетақы шоттарының барлық түрі бойынша келіп түскен зейнетақы жарналарының сомасы жыл басынан бері 549,2 млрд теңге болды. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жинақтар сомасы 9,9 трлн теңгені құраса, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақтар сомасы 224,9 млрд теңгеге және ерікті зейнетақы жарналары бойынша (ЕЗЖ) жинақтар сомасы 1,9 млрд теңгеге жетті.

2019 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша салымшылар мен алушылардың МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны жыл басынан бері 152 мыңдай шотқа көбейіп (жүйден шыққан қатысушылардың жабылған шоттары ескерілді), 10,3 млн бірлікті құрады.

2019 жылдың жеті айы ішінде зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 124 млрд астам теңгені құрады. Салыстырып қарасақ, былтырғы жылдың сәйкес кезңінде зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 110,9 млрд теңге болған. Бұл ретте жасына байланысты төлемдер – 43,9 млрд теңге, ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты кетуге байланысты төлемдер – 26,2 млрд теңге, ал сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар – 35,5 млрд астам теңге болды. 2019 жылы сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар көлемінің елеулі түрде артқанын атап өткен жөн (2018 жылдың 7 айы ішінде ол 11,1 млрд сәл астам теңгені құраған еді). Өйткені 2019 жылы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілген күннен бастап (01.01.2014ж.) толық 5 жыл өтті. Сәйкесінше өз пайдаларына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде күнтізбелік 60 ай (5 жыл) төленген 50 жасқа толған адамдар (ерлер мен әйелдер) өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ бұл үшін Қордағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақ ақша ай сайын кемінде ең төмен зейнетақы мөлшерiндегі зейнетақыны төлеп тұруға жеткілікті болуы тиіс. Жыл басынан бастап күні бүгінге дейін 1,2 мыңнан астам адам осы құқықтарын пайдаланып үлгерді. Олар сақтандыру ұйымдарына жиынтық жинақтары есебінен шамамен 16,2 млрд теңгені аударды. Осылайша еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдар үшін Қордан МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу түріндегі жеңілдік толығымен жүзеге асырылып жатыр.

2019 жылдың 7 айы ішінде салымшылар мен алушылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 363,2 млрд теңгеден асты. Зейнетақы жинақтарының табыстылығы жыл басынан бері 3,77 пайыз, ал инфляция 2,8 пайыз болды. Егер бұл көрсеткішті жылдық тұрғыда алып қарайтын болсақ, зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде 9,65 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 5,4 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан жоғары болып, нақты табыстылық 4,25 пайызға жетіп отыр.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 2019ж. 29.08. 


Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары.

Жұмыскердің әлеуметтік жауапкершілігі.

Зиянды өндірістегі жұмыс адам денсаулығына нұқсан келтіретіндігі бәсенеден белгілі. Сондықтан бұл шетін мәселеде жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі өте маңызды.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көрсетілген жұмыскерлердің пайдасы үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – Қор) агенттер меншікті қаражаты есебінен аударған ақша. Тізбені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Бұл жарналар зиянды еңбек жағдайы үшін жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына аударатын өтемақысы.

Қорға төленуге жататын МКЗЖ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Зейнетақы жарнасының бұл түрі 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 984 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларының (бұдан әрі – Зейнетақы қағидалары) 10 тармағына сәйкес МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) бекітілген. Ол «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында көзделген құқықтарды, міндеттер мен жауапкершілікті, сондай-ақ БЖЗҚ-ның, МКЗЖ аударылатын жеке тұлғаның (МКЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерiн алушының) және агенттің арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктерін белгілейді.

Зейнетақы қағидаларының 11 тармағына сәйкес МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан (ол enpf.kz. сайтында орналастырылған) бойынша МКЗЖ-ны есепке алу жөнінде жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтінішке агенттің және өзі үшін МКЗЖ аударылатын жеке тұлғаның қол қоюы арқылы жүзеге асырылады.

БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтердің бірыңғай тізімге енгізілгені туралы электрондық хабарламаны алған күннен бастап агент және өзі үшін МКЗЖ аударылатын жеке тұлға МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.

МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы бұрын жасалған шарт болған жағдайда МКЗЖ аударылатын жеке тұлға және жаңа агент МКЗЖ есепке алу бойынша жаңа ЖЗШ ашпай-ақ БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарымен айқындалатын нысан бойынша МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу туралы өтінішке қол қояды. Бұл ретте МКЗЖ есепке алу бойынша жаңа шот ашылмайды.

БЖЗҚ-ға МКЗЖ еспке алу бойынша ЖЗШ ашу туралы өтінішті рәсімдеу үшін салымшы Қорға тиісті құжаттарды ұсынады. Бұл құжаттардың тізімі Қор сайтында орналастырылған. МКЗЖ табыстар алынған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.

Арнайы салық режимін қолданатын шаруашылық жүргізуші субъектілер бұл жарналарды Қорға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көрсетілген тәртіпте аударады.

Қорға міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден агент:

1) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған жеке тұлғалар;

2) әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар;

3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін босатылады.

Іс жүзінде төленген және жұмыскер кіріс алған жағдайда, жұмыс беруші уақтылы аудармаған МКЗЖ сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе жұмыс беруші оларды уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі көлемінде мерзімі өткен әрбір күн үшін есепке жазылған өсімпұлмен бірге Қорға жұмыскердің пайдасына аударылуы тиіс. Бұған қарап, еңбеу жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндердің мемлекет тарапынан қорғалғандығына және құрметті демалысқа шыққан соң барабар төлемдерге үміт арта алатындығына көз жеткізуге болады.

Қордағы зейнетақы жинақтары ай сайын ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған жағдайда өздері үшін МКЗЖ кемінде күнтізбелік 60 ай бойы (5 жыл) төленген әрі 50 жасқа толған азаматтар өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл жарналардың 2014 жылы енгізілгенін ескерсек, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін әрі 50 жасқа толған азаматтар биылдан, яғни 2019 жылдан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу құқығына ие болды. Айта кетелік, 2019 жылдың басынан бері осы санаттағы азаматтар 150-ден астам зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан.

Міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болған жағдайда, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін салымшы (алушы) ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын пайдалануға құқылы.

Осылайша, сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетін жасасу арқылы сақтандыру ұйымынан ай сайын өмір бойы сақтандыру төлемдерін алып тұруға болады. Сақтандыру ұйымына аударуға жеткілікті соманы зейнетақы калькуляторы арқылы есептеуге мүмкіндік бар. Ол Қор сайтындағы «Электрондық қызмет көрсету»  — «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде қол жетімді (https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcInsurance/calc.php).

Айта кетелік, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары алушыларға тек заңнамада көрсетілген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі. Заң талаптарына сәйкес Қордан төленетін зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 59 жасқа толғанда) және бірінші немесе екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға төленеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың да мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Анықтама: 2020 жылдан бастап елімізде шартты-жинақтаушы құрамдауыш  енгізіледі, яғни жұмыс жағдайына қарамастан барлық жұмыс берушілер жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен Қорға айлық табыстың 5 пайызын қосымша аударатын болады.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 2019ж. 12.08. 


Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу аясында БЖЗҚ-ға жарналар түсе бастады

 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) іске қосылды. Бірыңғай жиынтық төлем өзін-өзі жұмыспен қамтушы жеке тұлғалардың бейресми қызметін тіркеуді оңайлатуға бағытталған. Сол арқылы төрт міндетті төлемді: мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналарын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды бір төлеммен жүзеге асыруға болады. Осылайша БЖТ төлеу мүмкіндігіне ие азаматтар барлық төлемдерді оңайлатылған тәртіпте төлеп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатыса алады.

Бұдан басқа БЖТ төлеуші қазақстандықтар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысып, жинақтарын молайтады және қатысу өтіліне қарай мемлекеттік базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға үміт арта алады.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

 Орналастырылды 05.08.2019ж


БЖЗҚ Ашық есік күнін өткізеді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындар арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында 2019 жылдың 21 маусымында өзінің барлық филиалында кезекті Ашық есік күнін өткізеді.

Ашық есік күнін өткізудегі басты мақсат – салымшыларға зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік сала бойынша жан-жақты ақпарат беру және ең керекті қызметтерді бір жерде көрсету.

Шараға қатысушылардың барлығы бағалау сауалнамасы арқылы өздерінің пікірлері мен ескертпелерін жазып қалдыра алады.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен Қор қызметтері туралы толық ақпаратты «БЖЗҚ» АҚ кеңселерінен алуға болады.

Біз сіздерді Исиналиев к-сі, 1 мекенжайында орналасқан «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалының кеңсесінде күтеміз.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 19.06.2019ж


«БЖЗҚ» АҚ құрылғаннан бері жинақталған инвестициялық табыс

оң сипатқа ие

Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шотына есептелген таза инвестициялық табыс көлемі 154,9 млрд теңгені құрады. Өткен 12 ай ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 10,7 пайызға жетсе, бұл кезеңде инфляция деңгейі 4,9 пайызды көрсетті. Осылайша жылдық мерзімде зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан 5,8 пайыздық тармаққа жоғары.

Әдетте нарықтық бағалау барысында зейнетақы активтерінің портфелінде бір қаржы құралы табыс әкелсе, екіншісі шығын әкелетіні белгілі. Бұл жалпы әлемдік құбылыс. Дегенмен БЖЗҚ құрылғаннан бері оның зейнетақы активтеріне есептелген қорытынды инвестициялық табыс оң сипатқа ие. Мысалы, 2015 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта жинақталған оң сипаттағы шынайы табыстылық (жинақталған инфляцияны шегергенде) 8,43 пайызды құрады.

Зейнетақы жинақтарының шынайы табыстылығы 2018 жылы 5,97 пайызды, (бұл ретте жалпы табыстылық 11,27%, ал инфляция деңгейі 5,3%) және 2014 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде жинақталған шынайы табыстылық 9,93 пайызды (бұл ретте жалпы табыстылық 59,38%, ал инфляция  49,45%) құрады.

Инвестициялық табыс салымшылар мен алушылардың шоттарына күн сайын есептеледі және оның көлемі шоттағы жинақ ақшаның сомасына, зейнетақы жарналарының мөлшері мен аударылу жиілігіне байланысты.

Инвестициялық табысты есептеу шартты зейнетақы бірлігінің (ШЗБ) құнына байланысты. Әрбір жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары теңгемен және шартты зейнетақы бірлігі санымен есепке алынады. Зейнетақы шотына түскен әрбір зейнетақы жарнасының сомасын Қордағы шартты зейнетақы бірлігіне бөлу арқылы ШЗБ саны есептеп шығарылады. Мысалы, Сіздің жеке зейнетақы шотыңызға 10 000 теңге көлемінде зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. 2019 жылдың 23 мамырына қарай ШЗБ құны – 760,5 теңге дейтін болсақ, Сіздің шотыңызға есептелетін ШЗБ саны 13,2 бірлік болады (10 000 теңге/ 760,5 теңге).

2019 жылдың 24 мамырындағы жағдай бойынша ШЗБ құны 762 теңге болды делік. Бұл ретте шотқа есептелген инвестициялық табыс ескерілді. Енді осы күнгі ШЗБ санын есептеп шығарайық. Сіздің шотыңызға есептелген ШЗБ саны ШЗБ-ның ағымдағы құны негізінде былайша қайта бағаланады: 13,2 ШЗБ * 762 теңге = 10 058 теңге. Осылайша Сіздің зейнетақы жинақтарыңыз 2019 жылдың 24 мамырына қарай 10 058 теңге болады. Бұл жерде зейнетақы жинақтары инвестициялық табыстан (58 теңге) және есептелген жарналардан (10 000 теңге) құралатындығын айта кеткен жөн.

Сонымен зейнетақы жинақтары инвестициялық табысты есептеуге байланысты көбейді. Соның арқасында ШЗБ құны 1,5 теңгеге артты (762 теңге – 760,5 теңге).

ШЗБ құнын Қордың www.enpf.kz сайтының басты бетінен күн сайын көруге болады. Зейнетақы жинақтарының көлемі жарналардың мөлшері мен тұрақты аударылуына және инвестициялық табыс сомасына тәуелді. Сондықтан жарналарды жеке зейнетақы шотына уақытылы және толық көлемде аудару өте маңызды.

БЖЗҚ – Қазақстан Республикасы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық легінің бірыңғай әкімшісі және операторы. Қордың басты мақсаты – Қазақстан азаматтары БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болуы үшін оларға барлық қажетті жағдайды жасау. Бұл үшін зейнетақы қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігі одан әрі арттырылып,  зейнетақы активтерінің есебі шынайы жүргізіледі, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін арттыруға көмек көрсетіледі.

 «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

 Орналастырылды 04.06.2019ж


2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерінен ұсталған жеке табыс салығын қайтару туралы

Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) берілетін зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығы (ЖТС) салынады.

Егер зейнетақы төлемдерін алушы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін:

Ұлы Отан соғысына қатысушы және оған теңестірілген адам;

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестер Одағының ордендері және медальдарымен марапатталған адам;

1941 жылғы 22 маусым — 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестер Одағының ордендері және медальдарымен марапатталмаған адам;

I, II немесе III топтағы мүгедек;

мүгедек бала;

мүгедек бала он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай мүгедек бала үшін — оның ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;

«бала кезінен мүгедек» деген себеппен мүгедек деп танылған адамның өмір бойына әрбір осындай адам үшін — оның ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;

асырап алынған бала он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай адам үшін — бала асырап алушылардың бірі болса, Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (бұдан әрі – Салық кодексі) Кодексінің ережелеріне сәйкес Қордан берілетін зейнетақы төлемдері түріндегі табыстарына, оның ішінде жерлеуге байланысты біржолғы төлемдерге Салық кодексінде белгіленген шекте жеке табыс салығы салынбады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 121-VI редакциясына сәйкес жоғарыда аталған адамдар мен қосымша санаттағы адамдардың (жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алған ата-аналардың бірі) табыстарына, Қордан берілетін зейнетақы төлемдеріне және жерлеуге байланысты біржолғы төлемдерге салық шегерімдері мен табысты түзету қолданылмады. Сәйкесінше Қор төлемдеріне 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынды.

Аталған санаттағы зейнетақы төлемдерін алушылардың мүдделерін қорғау мақсатында БЖЗҚ жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктерді қайтару үшін Салық кодексіне түзету енгізу туралы бастама көтерді. Бұл бастамаға мемлекеттік органдар (Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Ұлттық экономика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) және депутаттық корпус қолдау көрсетті және ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 2 сәуірдегі № 241-VІ Заңы аясында бекітілді. Бұл Заңның нормалары 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап орын алатын қатынастарға таратылады. Осыған байланысты табысты түзету немесе салық шегерімін қолдануға және 2018 жылдың 1 қаңтарынан бері ұсталынып келген жеке табыс салығының өтелуіне құқығы бар зейнетақы төлемдерін алушыларға ұсталынып келген жеке табыс салықтары қайтарылады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бері ұсталынып келген жеке табыс салығын қайтару үшін БЖЗҚ-ға мына құжаттарды ұсыну қажет:

  • табысты түзету немесе салық шегерімін (оның ішінде жерлеуге байланысты біржолғы төлемдер) қолдану туралы өтініш;
  • табысты түзету немесе салық шегерімін қолдануды растайтын құжаттардың көшірмелері.

Ұсталынған жеке табыс салығын қайтару жөніндегі өтініштің үлгісін www.enpf.kz

сайтынан жүктеп алуға болады.

Ұсталынған жеке табыс салығының өтелуіне қатысты құқық зейнетақы төлемдері, оның ішінде жерлеуге байланысты біржолғы төлемдер жүзеге асырылған күннен бастап 5 жыл бойы сақталады.

Айта кетелік, бұл құқық табыстардың басқа түрлері бойынша салық заңнамасында көрсетілген шекте табысты түзету немесе салық шегерімін пайдаланбаған жоғарыда аталған тұлғаларға таратылады.

 «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 17.05.2019ж


БЖЗҚ сұрақтарға жауап

 БЖЗҚ салымшылары Қордың қандай негізгі ұсынымдарын есте сақтауы тиіс?

 – Зейнетақы қорының қызметі туралы бүкіл ақпарат Қордың enpf.kz сайтында және бұқаралық ақпарат құралдары бетінде, сондай-ақ БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар Қор бөлімшелері республиканың барлық өңірлерінде, оның ішінде Астананың барлық ауданында жұмыс істейді. Қор кеңселерінде кез келген зейнетақы қызметін алып қана қоймай, жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы жан-жақты ақпарат алуға болады.

Қор филиалдарында үш ай сайын Ашық есік күні шарасы өткізіліп тұрады. Онда келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауаптар ала алады. Біз алушыларға зейнетақы жарналарының Қорға уақытылы және толық көлемде аударылуын қадағалап отыруға кеңес береміз. Бұл үшін әр түрлі ыңғайлы тәсілдерді пайдалануға болады. Мысалы: Қор базасына тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі мен парольдің немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көемегімен enpf.kz сайтының Жеке кабинеті, Қордың ұялы қосымшасы, сондай-ақ  Қорға ұсынылған жеке электрондық мекенжай.

Қазір жас маман жұмысқа орналасқан жағдайда, Қорға алғашқы зейнетақы жарнасы келіп түскен сәтте, зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. Яғни, жаңа салымшыға зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу үшін Қор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Тек өзінің зейнетақы шотының жай-күйін, жарналардың тұрақты аударылуын қадағалап отырса болғаны. Өйткені Қордан төленетін болашақ зейнетақы төлемінің қандай болатындығы Қорға жарналардың уақытылы және толық көлемде аударылуына тікелей байланысты.

Бүгінде базалық зейнетақының көлемі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей тәуелді. Бұдан басқа зейнетақы аударымдары банктер үшін клиенттерге несие рәсімдеу барысында маңызды көрсеткіш болып саналады.

Зейнетақы жинақтары әрбір салымшының меншігі. Шоттағы зейнетақы жинақтары сенімді қаржы құралдарына инвестицияланады, сәйкесінше шоттарға күн сайын инвестициялық табыс есептеліп отырады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қор салымшыларының зейнетақы шоттарына 917,1 млрд. теңге көлемінде инвестициялық табыс есептелді. Бұл жерде әрбір салымшының шотына есептелетін табыстың сомасы сол шоттағы жинақтардың көлеміне тәуелді.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 30.04.2019ж


БЖЗҚ-да «2019 жылы күшіне енген, ҚР зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер» тақырыбы бойынша Ашық есік күні өткізілді

2019 жылдың 19 наурызында БЖЗҚ-ның барлық филиалында биылғы жылы алғашқы «Ашық есік күні» шарасы өткізілді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындар арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы жұмыстар аясында салымшылар мен алушыларға зейнетақы жүйесіне қатысты маңызды сұрақтар бойынша тұрақты түрде ақпарат беріліп жатыр.

Аталмыш шараның тақырыбы – зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты мақсат – зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату мақсатында зейнетақы заңнамасына мынадай өзгерістер енгізілді:

— егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті болса, жеке тұлғаларға, олардың ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарналарын осы салық агенті төлейтін болады;

— егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу – фрилансердің міндеті емес, құқығы болып табылады;

— егер жеке тұлға жалдамалы жұмысшы болса және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасаса, онда осы шарт бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу – оның міндеті болып есептелмейді. Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауы тиіс.

Биылғы жылғы жаңа енгізілімдердің бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы. Яғни, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның Қорда міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен сәтте шот автоматты түрде ашылады.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) іске қосылды. Сол арқылы қатарынан төрт төлемді:

— мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын;

— БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын;

— Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды;

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік жарнаны жүзеге асыруға болады.

Бұдан басқа, 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты электрондық үкімет порталы арқылы алу оңай бола түсті.

Осы күннен бастап кез келген салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені тек электрондық цифрлық қолтаңба ғана емес, бір реттік sms-парольдің көмегімен де ала алатын болды. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі.

2019 жылдың ақпанында «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды. Енді нотариустар «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі арқылы өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға онлайн тәртібінде (хат жүзінде сауалдар жолдамастан) сауалдар жолдай алады.

Зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер Ашық есік күніне келушілер мен Қор мамандары арасында қызу талқыланды. Қатысушылар бүгінгі кездесудің пайдалы және достық сипатта өткендігін ерекше атап өтті.

Айта кетелік, БЖЗҚ-да Ашық есік күні осымен үшінші жыл қатарынан әрбір үш ай сайын өткізілуде. Өткен жылы бұл шараға еліміз бойынша 20 мыңнан астам адам қатысқан болатын.

Бүгінгі шараға қатысушылар биылғы жылы күшіне енген, зейнетақы заңнамасындағы барлық өзгерістер туралы толыққанды және маңызды мәліметтерді, сондай-ақ өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша ақыл-кеңес алды.

Қандай да бір себептермен Ашық есік күніне келе алмағандар зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша Қордың www.enpf.kz сайты арқылы Басқарма Төрайымының блогына сұрақ қоюға, байланыс орталығының 1418 телефон нөміріне қоңырау шалуға (Қазақстан бойынша қалалық және ұялы телефон арқылы хабарласу тегін) болады. Сонымен қатар салымшылар мен алушылар өз өтініштерін Қордың әлеуметтік желілердегі негізгі парақшалары және WhatsApp арнасы арқылы жолдай алады.

 «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 28.03.2019ж


«БЖЗҚ» АҚ салымшылар мен алушыларға ақпарат беру бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлайды

 Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары мен алушылары жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені кез келген уақытта (электрондық тәсілмен) тегін алуға құқылы. Бұл заң жүзінде бекітілген құқық.

Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы анықтаманы мынадай тәсілдермен алуға болады:

  • БЖЗҚ-ға тікелей келіп өтініш беру;
  • электрондық тәсіл, оның ішінде:

– үзінді көшірме БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық мекенжайға жіберіледі. Салымшы (алушы) таңдап алынған кестеге сәйкес зейнетақы шотынан үзінді көшірмені: ай сайын, үш ай сайын, жарты жылда бір рет немесе жыл сайын алады;

– логин мен пароль (құпия сөз) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен, Қор сайтының Жеке кабинеті арқылы;

– электрондық үкімет порталының Жеке кабинеті немесе бір реттік sms-пароль арқылы, мұнда sms-пароль mGov мобильді азаматтар базасында тіркелген салымшылар мен алушылардың ұялы телефонына жіберіледі;

  • дәстүрлі пошта байланысы арқылы.

Ақпарат алу тәсілін таңдау үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжатпен БЖЗҚ кеңсесіне келеді. Электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда, ақпарат алу тәсілін Қор сайтының Жеке кабинетінде таңдауға немесе өзгертуге болады.

Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы анықтаманы электрондық пошта арқылы алу тәсілін 800 мыңнан астам салымшы (алушы) таңдаған. 2018 жылы оларға шамамен 5,6 млн хабарлама жіберілді.

2019 жылдың 1 қаңтарына қарай 5,2 млн адам зейнетақы шотының жай-күйі туралы анықтаманы Қордың enpf.kz сайтының Жеке кабинеті арқылы алу мүмкіндігіне ие.

Бір жыл ішінде интернет-хабарландыру тәсілін таңдағандар саны 1,2 млн жуық адамға көбейді. Бұл тәсіл шынында да өте ыңғайлы: зейнетақы шотының жай-күйі туралы анықтаманы кез келген жерде аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы жедел түрде алып тұруға болады.

Алғашқы жылдары салымшылар мен алушылардың көпшілігі зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу барысында шоттан анықтама алу тәсілі ретінде пошта байланысын таңдаған болатын. Бұл ретте зейнетақы шотынан үзінді көшірме салымшылар мен алушыларға жылына бір рет жіберіледі. Ал пошталық мекенжай өзгерген жағдайда, бұл туралы Қорға міндетті түрде хабарлау қажет. Егер хабар берілмесе, БЖЗҚ бұдан кейін зейнетақы жинақтары туралы анықтаманы жібермеуге құқылы. Сонымен қатар шоттарында ақша жоқ салымшылар мен алушыларға үзінді көшірме жіберілмейді.

2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қор 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы 1 миллионға жуық анықтаманы салымшылар мен алушыларға жіберу шарасын жүзеге асыруда. Яғни, БЖЗҚ 2019 жылдың басынан бері 2018 жылдың қорытындысы бойынша салымшыларға (алушыларға) ақпарат беру шарасын жүргізіп жатыр.

Айта кетелік, үзінді көшірмені Қор кеңсесіне келіп алу тәсілін 1,8 млн астам адам таңдаған.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Орналастырылды 15.03.2019ж


ХАБАРЛАНДЫРУ   

«БЖЗҚ» АҚ «Ашық есік күні» шарасына шақырады

 «БЖЗҚ» АҚ 2019 жылдың 19 наурызында Павлодар қ., Исиналиев к. мекенжайында таңғы сағат 10:00-да «2019 жылы күшіне енген, ҚР зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер» тақырыбы бойынша «Ашық есік күні» шарасын өткізеді.

Шараға қатысушылар биылғы жылы күшіне енген, зейнетақы заңнамасындағы барлық өзгерістер туралы толыққанды және маңызды мәліметтерді, сондай-ақ өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша ақыл-кеңес ала алады.

«Ашық есік күні» шарасы аясында мынадай сұрақтар көтеріледі:

  • жеке зейнетақы шоттарын автоматты түрде ашу рәсімі;
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату;
  • Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу;
  • бекітілген кесте бойынша зейнетақы төлемдерін есептеу;
  • зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша өтініш беру.

«БЖЗҚ» АҚ салымшылар мен алушыларды және барлық келем деушілерді «Ашық есік күні» шарасына шақырады.

Орналастырылды 15.03.2019ж


Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық

жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды

«БЖЗҚ» АҚ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда нотариустарға және шетелдік консулдық мекемелерге, олардың өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша жеке зейнетақы шотының және онда қаражаттың бар болуы туралы анықтама береді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) мен Қазақстан Республикасы нотариустарының өзара іс-қимылын оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палата, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы («ҰАТ» АҚ) және БЖЗҚ арасында «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы туралы Шарт жасалды. Бұл шара «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттелген болатын.

Енді аталған Шарт аясында нотариустар өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі арқылы онлайн тәртібінде (БЖЗҚ-ға хат жүзінде сауалдар жолдамастан) сауалдар жолдай алады.

Қор өз кезегінде салымшылар мен алушылар Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған немесе растаған құжаттарды ұсынған жағдайда «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесіне сауал жолдап, салымшылар мен алушылардың Қорға ұсынған құжаттарына қатысты жасалған нотариалдық әрекеттер бойынша ресми растау құжатын алады.

Бұл қызмет нотариустарға жүгінген мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағаздық құжатайналымын жояды.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz


Зейнетақы жинақтарының жай-күйін egov порталында sms-хабарламаның көмегімен білуге болады

«БЖЗҚ» АҚ 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2018 жылғы 11 қарашадағы №288 Қаулысының күшіне енетіндігін       хабарлайды. Соған сәйкес «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық табысты ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі электрондық үкімет порталында енді электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегінсіз де қолжетімді болады.

Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйін мынадай тәсілдермен білуге болатындығын еске саламыз. Олар:

  • БЖЗҚ кеңсесіне тікелей келіп өтініш жасау;
  • дәстүрлі пошта байланысы;
  • электрондық тәсіл, оның ішінде:
  • БЖЗҚ-ға ұсынылған жеке электрондық мекенжай;
  • логин және пароль (құпия сөз) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, БЖЗҚ порталындағы жеке кабинет;
  • электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы.

Айта кетелік, соңғы хабарлау тәсілін қолдану үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба қажет болатын. Енді 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап кез келген салымшы (алушы) бір реттік sms-парольді қолдана отырып, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме ала алады. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі.

Атап өту керек, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені электрондық тәсілмен алған өте ыңғайлы. Бұл зейнетақы жинақтары туралы маңызды ақпараттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік береді.