Алар биік әлі алда!

Алар биік әлі алда!

 

Өткен аптаның соңында ауданымыздың мемлекеттік қызметкерлері қаншалықты шымыр, спорт түрлеріне қаншалықты дайын екендігіне куә болып қайттық. Бұл додада соңғы түйенің жүгін артпасақ та, оныншы орынды қанағат еттік. Бұны ендігі жылы өтетін облыстық спартакиада дайындығына деген ынта деп білдік. Алар биік әлі алда екендігі сөзсіз!

 Ауданның мемлекеттік қызметкерлерінің спорттан хабары жоқ емес. Бір сәтсіздіктен барып, спорттық дайындық нашар деп кесіп айтуға да болмайды. Иә, осы жолы тоғызқұмалақтан біржолғы спортшыларымыздың жолы болмады. Қарсыластар да өздерін осал емес екендіктерін көрсетті. Ал, шахматтан  — 6 орынды місе тұттық. Аудан намысын қорғаған Ефремовка ауылдық округінің маманы Файзолла Алашбаев пен заңғарлық Майя Асанова ойынға бар күш-жігерін салса да, қарама-қарсы жақтағы ойыншылар жеген сайын жеңіп тыңды.

Сауаттылық жолында жүрген Рождественка ауылдық округінің тұрғыны Денис Матвеев, Қанапия Мұқажанов және аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Фариза Алекпарова «Президенттік миля» жеңіл атлетикалық жүгірісіне қатысып, жалпы есеппен 14 балл жинады. Бұл да, жүлделі орындардың қатарынан табылуға сеп бола алмады.

Командалық есепте сол үздік ондыққа да енуге аудандықтардың көп күші сарп етілгені айқын. Футбол ойын алаңында біздің команда Лебяжі ауданының ойыншыларымен кездесіп, қарсы жақтың қақпасына үш бірдей доп салды. Ұпай иелері ұйымдастырушылық-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас маманы Данияр Құсманов, Заңғар ауылдық округінің әкімі Хамза Оразбеков болды. Бірінен соң бірі соғылған доптар лебяжіліктердің келесі кезеңге өтуіне еш мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, Май ауданының ойыншыларымен болған кездесуде де, Хамза Оралбекұлы қақпаға бір доп салды. Бірақ, сәтті қадамнан басталған бұл додада сәтсіздікке ұрынған біздің команда 40 ұпаймен төртінші орынға жайғасты.

Мақсат – сын айту емес, мін түзеу десек, мұндай деңгейдегі спорттық жарысқа алғаш рет қатысып  отырған Павлодар ауданының мемлекеттік қызметкерлері көп сабақ алды деп сенейік. Дайындықтың жоқтығы, қатысушылардың спорттық дайындықтан өтпеуі себеп-салдарының бәрі-бәрі алға емес, артқа тартты. Бұған байланысты аудан басшысы өз ойын айтып, міндетті адамдарға тиісті сыбағаларын берді. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтсе» Александр Витальевичтің қамшылай сөйлеген сөздері ендігі жылы бірінші орынды алуға жол салып берер. Әзірге, жүлде – Май ауданында. Бізге де жұғысты болғай!

 

Гүлзат Мейрамова