«Ауы мен бауы» көп мәселелер

«Сын айтылмай  мін түзелмейді» дейміз. Бір сөзбен айтқанда, аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрболат Сағындықовтан сын естіп қайтқан бірқатар атқамінерлер ендігі, алдағы уақыттарда кемшін кетіп жатқан тұстарды түзейміз деп сөз берді. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің тапсырылуға дайын еместігі, аудан тұрғындарының мәртебелерінің әлі айқындалмағаны сияқты бірқатар сұрақтар алдағы уақыттарда шешімін тауып қалар…

 

Мінбеге шығып сөз алған аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Асылбек Резуанов алдағы демалыс күндері өтетін «Ұлы дала елі» фестиваліне дайындық бойынша есеп беріп, тойдың алдындағы дайындықтарды пысықтап алды. Не керектің бәрін тізіп шыққан Асылбек Қабылханұлына тиісті тапсырмалар берген Нұрболат Озыханұлы, мереке сценарийін, оған қатысатын өнерпаздар бойынша толық ақпаратты жуық арада беруді нұсқама етті. Оның айтуынша, биылғы ұлы тойға дай               ындықты аудандық әкімдік толығымен өз мойнына алған.

Келесі болып, баяндама жасаған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Наталья Кузят аудандықтардың мәртебесі бойынша мәліметті жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 13 120 адамның мәртебесі анықталған. Ал, ауданда тұратын 329 адамға әлі мәртебе берілмеген. Бұл дегеніміз, осы адамдарда жуырда іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан қалыс қалу қауіпі бар. Жергілікті әкімдердің аталмыш мәселеде немқұрайлық танытпау маңызды екендігін баса айтқан Нұрболат Сағындықов аз уақыт ішінде бұл сұрақ күн тәртібінен шешілуі керек деді.

Барлығы бес мәселе қаралған отырыста,  Астанада өтетін екі күндік ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне байланысты, аудандық маңызы бар жолдардың жөнделу сұрақтары назарсыз қалмады.

Гүлзат МЕЙРАМОВА

Суретті түсірген Майя ШУАҚБАЕВА