Жанға жайлы демалыс орны

Павлодар ауданының Заря ауылының түбінен демалыс орны ашылды. Құрылыс жұмыстары толық әлі аяқталмағандықтан, көпшілікке жарнама жасай қоймаған. Әйтседе, халықтың қарасы аз емес.

Бұл турбазаның құрылысы былтыр басталған-ды. Биыл жалғасын тауып келеді. Жуырда Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенко келіп атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысып шыққан.

Демалыс орнын басқарушы Марат Сарбасовтың айтуына қарағанда саяхаттап келген қонақтарға өте жайлы, лайықты орын болмақ.

  • Салу жұмыстары былтыр басталғандықтан, әлі толықтыру үстіндеміз. Ал, биылдан бастап туристерді қабылдап жатырмыз. Жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстар әлі толық бітпегендіктен, біз бәріне жар салып жарнамалаған жоқпыз. Дегенмен, алыс-жақыннан келіп демалып жатқан қонақтар бар. Айталық, жуырда Ресей, Қытай, Жаңа Зеландиядан мемлекеттерден меймандар келіп қонақтап қайтты. Жататын орын, қонақтарға ыңғайлы барлық жағдай әлі де жасалатын болады.

«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, шетел асып ақшаңды, уақытыңды кетіргеннен көрі өз елімізде осындай жерлердің де бар екенін ескеріп демалған дұрыс сияқты.

Мұнда адамдардың қарасы көп. Мәселен, демалыс күндері жүзге тарта адам келеді. Жазғы кафелер, шашылық істейтін орын, ықшамдап салынған моншаның да бар екенін көрдік. Енді, бағаналардан судың үстіне кішігірім үйшіктер орнатылуда. Қазір жоспар бойынша бәрін жан-жақты қарастыруда. Әзірше демалыс орнында төрт қызметкер жұмыс жасауда. Аудан орталығымен арнайы шарт жасасқандықтан, қоқыс атаулыны өздері келіп тазалап тұрады. Ал, судың үстіне 6 үйшік тұрғызбақшы. Саяхаттаушыларды әрлі-берлі тасымалдайтын бір қайық бар. Келесі жылдан бастап катамаран да өз жұмысына кіріседі, оның үстіне халыққа ыңғайлы болу үшін өзеннің үстіне көпір орнатылады деп күтілуде. Заря ауылдық округіне қарасты бұл демалыс орнына Зарядан бөлек ауыл шарушылық басқармасы да қолдау көрсетуде. Кіруі 700 теңгені құрайды. Туристердің келіп демалуы үшін жарық та тартылған. Бір сөзбен айтқанда, далада отырып, жақындарыңмен немесе достарыңмен таза табиғат аясында демалуға ыңғайлы жер болмақ.

Амангүл ТІЛЕЙ

Суретті түсірген Айдана Ертай