Көңіл толқыған күн!

Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, ендігі үлкен өмірге қанат қаққан түлектер қасиетті жұма күні қолдарына аңсаған аттестаттарын алды. Бұл күнді олар көптен күткен еді…

 Биыл Павлодар облысында барлығы 2564 мектеп бітіруші ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Айтар болсақ, тестілеудегі орташа көрсеткіш 88,2 балл құраған. Былтырғы ҰБТ қорытындысын еске алар болсақ, облысымыздың өзге аймақтардан мерейі үстем болғандығы биыл да көрсеткіштің төмен болмайтындығына сенім ұялатты.

Облыс бойынша 78 «Алтын белгі» иегерлерінің арасында заңғарлық Камила Жүсіпова да бар. «Білім» кемесіне мініп, ілім іздеген жас қыздың талабына нұр жауып, еңбегі өз жемісін берді. Ол өз құрбысының алды, ата-әжесінің мақтанышы, ағасының қолғанаты бола білді.

Көңіл толқыған күні ұстаздардың да, түлектердің де жүздерінен аз ғана қимастық сезімі байқалды. Лық толы ауыл клубының төріне жайғасқан ата-аналар, ата-әжелер мен кеш қонақтары мереке иелерін ду қол шапалақпен ортаға алып, жолдарына «ақ жол!» тілесті. «Сәлем» әнімен мереке шымылдығын ашқан сәні мен әні жарасқан Әсел Күлжанова көпшілік қауымды бір серпілтті.

Заңғар орта мектебі ҰБТ нәтижесі бойынша үздік мектептер қатарында. «Ұстазынан шәкірті озған» бұл білім ордасына жылы лебізін арнаймын деп арнайы келген аудан әкімі Александр Бабенко:

— Менің бойымды қазір үш сезім билеуде: біріншісі, қуаныш сезімі. Мен сіздер үшін өте қуаныштымын. Екінші сезімім ол – мақтаныш. Мен сіздермен мақтанамын. Ал соңғысы, мен аздап мұңайып та тұрмын. Себебі, мен де өздерің сияқты бала болдым, шала болдым дегендей. Он бір жыл бойы тай-құлындай тебіскен, қатарласып бірге өскен дос-жарандармен күнде көрісудің сәті болмайтындығын, сүйікті мұғалімдердің беретін ақылдары жетпей тұратындығын біз, аға ұрпақ жақсы білеміз. Сол себепті де, бір-бірлеріңді ұмытпай, кездесіп тұрыңдар демекпін, — деп барлық ата-аналар қауымына, мектеп ұжымына алғысын білдірді.

Аймақ басшысы одан басқа, сабағын кілең беске оқып, орта білімді үздікке аяқтаған Камилаға «Алтын белгіні» және өз атынан, облыс әкімі атынан азын-аулақ сыйлықтарды табыс ету үшін мерекелік кештің басты себепкерін ортаға шақырып, «немере баладан ыстық» деп жүрген ата-әжесіне ілтипат көрсетті. «Осыншама сәнді көйлегіңді бүлдіргім келмейді, «Алтын белгіні» атамыздың қолына табыс етейін» деп қалжынға басқан Александр Витальевич саналы ұрпақ тәрбиелеген Тілектес ата мен Нұржамал әженің алақандарына «Алтын белгіні» салды.

Осыдан 40 жыл бұрын мектеп түлегі болған аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Әлібекова сенімді ақтадыңдар, зор міндетті абыроймен атқардыңдар! Бұл таза өз жетістіктерің. Осы жеңіс сіздерге алтын бақ боп қонсын, — деп лебіз білдірді.

Бұл күні ақ ниеттер де, ізгі тілектер де айтылды. Әсем әндер де шырқалып, соңғы мектеп вальсі де биленді. Ауылдықтардың көңілі шат-шадыман. Бірінің ұлы, бірінің қызы мектеп аяқтап, үлкен белестерді бағындыруға бет алды. Ақ жол, саған, жас түлек!

 

Гүлзат Мейрамова