Мемлекет мүддесі жолында

Елімізде осымен үшінші жыл қатарынан аталып өтіп жатқан 23-маусым – мемлекеттік қызметкерлер күніне орай, аудандық әкімдіктің мәжіліс залында сала үздіктері марапатталып, құрметке бөленді.

Бәріміз де ел игілігі жолында еңбектеніп келеміз. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған мемлекеттік қызметтегі адамдардың күнделікті тірлігі ел мен халық жағдайын жақсартып, мемлекетімізді дамыған 30 ел қатарына қосу мүддесін көздейді. Қай жерде жүрсе де, мемлекеттік бағдарламаларды қарапайым тұрғындарға түсіндіріп, қолдан келер көмектерінен аянып қалмайтын әр мемлекеттік қызметкер құрметке лайық, әрине. Әріптестерін төл мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Александр Бабенко халық мемлекеттік қызметкерлерге үміт артып отырғанын, сол үдеден шыға білуге, ауданымыз облыс көлемінде үздіктер қатарынан орын алуына күш жұмылдыруға шақырды.

Бүгінгі таңда ауданымызда 151 мемлекеттік қызметкер бар. Олардың 17-сінің еңбек өтілі 15 жылдан асады. Еңбектері еленген 7 мемлекеттік қызметкер аудан басшысының қолынан марапат алды. Құрмет грамотасы Заңғар ауылдық округі әкімі аппаратының әлеуметтік сұрақтар жөніндегі жетекші маманы Ботагөз Бадықоваға табысталды. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасай бастағанына екі-ақ жыл болғанына қарамастан, жас маман белсенділігімен, жауапкершілігімен көзге түскен. Зор марапатқа аса қуанышты, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік жұмысты әрі қарай да адал атқаруға әзір.

Алғыс хаттарға ие болғандар арасында білім бөлімі басшысы Тұрсын Әлібекова бар. Білікті маман ауданымызға білім сапасын көтеруге келгелі небәрі бір жылға жуық уақыт болғанымен, ауданымыз ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке қолжеткізіп үлгерді. Нәтиже бар, демек, марапат та орынды. Сондай-ақ 20 жылға жуық өмірін мемлекеттік қызметке арнаған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік бағдарламалар секторының меңгерушісі Айман Мақанова, өмірінің 40 жылға жуық кезеңін салаға арнаған кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің техникалық бақылау жөніндегі бас маманы Жасұлан Маутин, сонымен қатар, ауданымыздың ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас маманы Әнсел Кернеева, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есеп жөніндегі бас маманы Қуаныш Исеев, Черноярка ауылдық округі әкімі аппаратының ауыл жөніндегі бас маманы Ертай Айдаболов Алғыс хаттармен марапатталды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Бөлемісовке облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы, жер қатынастары бөлімінің басшысы Айман Бектұрғановаға облыс әкімінің Алғыс хаты, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы жөніндегі басшысы Вера Гейнцке облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді.

Мереке иелеріне аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының әсем әні мен мың бұралған биі тарту етілді. Мемлекеттік қызметкерлер өз істерінің білікті мамандары ғана емес, жан-жақты жандар екенін тағы бір мәрте танытты. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Әжмұрат «Корабли» әнін шырқап, жиналғандарды тәнті етті.

Сандуғаш Сәрсембаева