Нәзік жандылар ел тыныштығы күзетінде

Нәзік жандылар ел тыныштығы

күзетінде

 

Кешегі Әлия мен Мәншүктің сіңлілері – өжет қыздарымыз бір қолымен бесік тербете отырып, ерлермен қатар ел күзетінде. Әсіресе, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда Отанымызды, халқымызды лаңкестік қауіп-қатерден қорғау бәріміздің азаматтық парызымыз десек, полиция қызметкерлеріне артылған жүк бұдан да зор.

 Аудандық ішкі істер бөлімі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Динара Шүкенова салаға 15 жыл өмірін арнап келеді. Әскери маман болуды балалық шағынан армандаған жан С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің биология-химия факультетін тәмамдағанымен, ұстаздық жолды таңдамай, ішкі істер органдарына қызметке келеді. Ол кезде 23 жасар бойжеткен еді:

— Павлодар ауданын жақсы білмеген соң, әуелгі кезде қиын тиді. Түрлі отбасыларға баратынбыз, жұмыссыздық, араққа салынғандық салдарынан күнкөрістің ең төменгі шегіндегі олардың әсіресе, балаларының жағдайы алаңдататын… Аяйтынмын, отырып бірге әңгімелесіп, қосылып жылайтын кездерім жиі болатын, жүрегім қатты ауыратын… Бірақ, полиция қызметкері эмоцияға берілмей, ақылға жүгінген жөн. Мұндай жандарды ата-ана құқығынан шектеп, тіпті, айыруға дейін баруға тура келеді ғой. Мәселен, өткен жылы 6 отбасы ата-ана құқығынан шектелсе, биылғы жарты жылдың өзінде 4 жанұя ата-ана құқығынан айырылды. Олай жасамасақ, ертең балалар зардап шегіп жатса, біздің жұмысымызға сын емес пе?..

Қазір қызметінде ысылып алған Динара Серікқызы күнделікті жұмысын мінсіз атқарады десек, артық айтқандық емес. Майор шеніне дейін өскен. Екінші жоғары білімі – заңгер. Өмірлік серігі Серік Алюминий зауытында бригадирлік қызмет атқарады.

— Екеуіміздің қосылуымызға мамандығым еш кедергі болған жоқ, қайта жолдасым кей кездері ауылдарға менімен бірге шығып, қорған болып жүрді. Негізі, бізге әрдайым учаскелік полиция қызметкерлері көмектесіп отырады. Бұрын оларсыз ешбір үйге кірмейтінбіз, өйткені мастықтың буымен пышақпен қоқан-лоққы көрсететіндер де кездесетін. Дегенмен, бәрі тәжірибемен келеді емес пе? Ондайлардың да психологиясын жақсы меңгеріп алдық қой, — дейді күліп.

Десек те, әзірге жалғыз қызы Еркежаны өзінің жолын қумаса екен, — дейді. Одан да ақ халатты абзал жан болса деп армандайды. Дей тұрғанмен, анасының сұлу көркіне, батыл іс-әрекеттеріне тамсанып өсіп жатқан қыздың болашақта полиция қызметкері болуы ғажап емес, әрине. Қай саланы таңдаса да, анасындай еліне, жеріне адал қызмет етеріне сенеміз.

Аудандық көші-қон полициясы тобында еңбек ететін жас маман Данагүл Қоңырбай да елге келген-кеткен адамдарды тіркеп, заңсыз жүрген келімсектерді анықтаумен айналысып, берген антына адал қызмет етуде. Аса нәзік, сұлу бойжеткеннің неге тап осы мамандыққа бүйрегі бұрғаны қызық. Айтуынша, 10-11 сыныптарда білім алып жүрген кезінде кәсіптік бағдар курсына қатысып, аптасына бір рет «Жас полиция өкілі» дайындығынан өтіп, алғаш рет қару ұстап көріп, кәсіптің қыр-сырына қаныққан. Сөйтіп, болашақ өмірін осы саламен етене байланыстыруды шешкен. ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, төрт жыл білім нәрімен сусындап, тергеу-қылмыстық тобын тәмамдайды. Ата-анасы қызының бұл таңдауына әуел баста қатты алаңдаған екен. Данагүл де әзірге осы бағытта жұмыс жасауға жүрексінетіндіктен, ауданымыздың көші-қон полициясы тобының инспекторы болып еңбек жолын бастапты. Десек те, болашақта өз саласының білікті маманына айналарына біз кәміл сенеміз. Айтпақшы, жан-жары Медет қалалық ІІБ Солтүстік бөлімінде полицияның учаскелік инспекторы. Туған ағасы Жандәулет Астана қаласында келісімшарт бойынша әскери қызметте.

Негізі, ұстаз болуды армандап едім, бірақ, полиция қызметкері болғанымды мақтан етемін, — дейді Данагүл. 22 жасар талдырмаш бойжеткеннің полиция қызметкері формасын кигендегі түр-тұлғасы, сымбатына сүйсінбеске болмас.

Ерлермен қатар қыздарымыз да ел күзетіне сақадай сай тұрғанда алаңдауға еш себеп жоқ, әрине.

 

Сандуғаш Сапарқызы