Партия пәрмені

Аудан әкімі Александр Бабенко төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының XX-шы кезектен тыс конференциясында саяси кеңес және бюро мүшелерінің жаңа құрамдары бекітілді.

Алқалы басқосуға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, округ әкімдері, барлығы 80 адам қатысты, 10-ы белгілі себептермен келе алмаған. Делегаттар құрамымен таныстырған мандаттық комиссия төрайымы Ольга Веневцева-Лесовая белсенділердің тең жартысы нәзік жандылар деп атап өтті.

Бұдан соң, күн тәртібіндегі екі сауал – зейнеткерлікке шығуына және өз еркімен бас тартуына орай, орындарын босатқан партияның саяси кеңес және бюро мүшелерінің ендігі ізбасарлары таңдалып, бірауыздан сайланды. Айта кету керек, бұрынғыларға қоса, жаңа мүшелері бекітілген саяси кеңес 15, бюро 9 адамнан құралған.

Конференция салтанатты рәсімге ұласып, партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Тезекбаева ҚР Парламент мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау шарасына белсенді атсалысқандары үшін бірқатар жандарға ел басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың атынан Алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандар арасында «Нива» және «Заман тынысы» газеттерінің редакторы Дариға Қаржауованың болғанына біз де қуаныштымыз. Себебі, оның партия мүшесі, бұқаралық ақпарат құралы өкілі ретінде ел мүддесі жолында атқарылып келетін игі істерге қосар еңбегі өлшеусіз деп білеміз.

Сандуғаш Сәрсембаева