Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі

«Жол қадірін жүрген білер» дейді қазақ. Рас, ойлы-қырлы жолдар бұрынғы заман еншісінде қалуы керек. Өркениетті елімізде қала түгілі, ауыл жолдары түзу болуы абзал. Міне, шалғай елді мекендердегі қарапайым тұрғындар жағдайы да ескеріліп, жолдары тегістелуде. Жуырда орташа жөндеу көрген Мичурин, Черноярка және Пресное елді мекендерінің кіреберіс жолдары қабылдау комиссиясымен тексеріліп, оң бағасын алды.

Жолдарды жөндеген «Гордорстрой» ЖШС мердігер компания директоры Юрий Моисеев аз уақыт ішінде сапалы жұмыс жасауға тырыстық дейді. 22 миллион теңгеден аса қаражатқа жөнделген Мичурин ауылының 2,4 шақырымға созылған кіреберіс жолындағы шұңқыр біткен жөнделіп, үстінен кішкене тастар төсеп, бұдырлы асфальт жабынын жасадық. Бұл өз кезегінде көктайғақ кезінде жақсы көмек, — дейді. Сондай-ақ, жол жиектері бекітіліп, белгілер орнатылған. Көптен бері жөндеу көрмей, шұрық-тесік болып біткен Мичурин балалар үйіне дейінгі жол енді мінсіз.

Ал бір шақырымды құрайтын Черноярка елді мекені кіреберіс жолының жөнделуіне 8 миллионнан аса теңге жұмсалған. Тегіс асфальт, тайға таңба басқандай белгілер. Әсіресе, кіреберіс жол бойында орналасқан білім ошағына барар жердегі жаяу жүргінші жолағы анық аңғарылады. Ел болашағының қауіпсіздігі бірінші кезекте ескерілуі керек, әрине.

Қашыр ауданымен шекаралас жерде орналасқан Пресное елді мекенінің кіреберіс жолының бір шақырымнан аса бөлігіне де биыл күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл бағытқа 16 миллионнан аса теңге жұмсалды. Елді мекен тұрғындары аудан әкімімен жүздесе қалса болды, жолдың жөндеу көруін өтініп сұрайтын. Берілген уәде орындалғанына халық дән разы. Естеріңізде болса, былтыр Павлодар-Омбы күре жолының біздің ауданымыздың елді мекендері қоныс тепкен бөлігіне күрделі жөндеу жұмысы жасалған еді. Міне, енді кіреберіс жолдары тегістелген осы бағыттағы ауыл тұрғындарының қалаға қатынауы бір ғанибетке айналып отыр!

Айта кету керек, биыл тағы Заря, Қаратоғай, Жаңаямышев жолдарына орташа, Григорьевка — Луганск, Жаңаямышев – Ольгинка аралығындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізілмек.

Сәуле Сапар