Сын сағатта сынып қалма!

Әйтім ауылынан ат шаптырым жерде жастар бас қосты десек пе екен, әлде қызықтың көкесі болды дейік пе?!

«Көп сөйлеп созбайын» деп Абай атамыз айтқандай, өткен қасиетті жұма күні облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған жас қауым скаутинг қозғалысын құрды. Міне, қызық!

Скаутинг қозғалысының түпкі ойын жеткізер болсақ, ол әр баланың ұқыптылығы, қырағылығы, шыдамдылығы, бір-біріне деген жолдастық көмегі сынға түсетін жер. Біздің жастар да адамгершілік және рухани тұрғыда дамуға, бойларында патриоттық, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ұмтылу үшін бір жерде бастарын қосуды шешкен. Бес күнге созылған бұл сапарда сын сағаттан сынбай өткендер ғана жеңімпаз атанбақ. Десек те, «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» қағидатын ешкім де ұмыт қалдырмады.

Скаутингтің алғашқы күнінде 80 шақты ұл-қыз танысып-білісіп, жайғасып жатты. Ауа-райының күрт өзгеруі, шыбын-шіркейдің көптігі жиналғандардың үрейін туғызбағанына өз басым қатты таңқалдым. Себебі, қаншалықты аспаннан Ай мен Жұлдыз күлімдеп тұрса да, қара жердің сызына тоңып, сайын даланың рахатын сезіну екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ал, Павлодар ауданы Ямышев ауылының бозбалаларына бұл жердегі емтихан өздері тапсырған Ұлттық бірыңғай тестілеу емтиханының алдында түкке тұрмайтын қиындық сияқты дейді. Жаңа өмірге қанат қағар шақтарында өздерін бір сілкіп алғылары келген Арман Күнболат, Сұлтан Мұсаев және Айдын Хаухай біз қандай болсын қиындықтардан өтуге әзірміз деуден шаршаған емес. Скаутинг қозғалысы жайында кездейсоқ естіп қалып, жаңалыққа жаны құмар жастардың бұл жерден табылуы ерлікке тән шығар.

— Жастар бұл жерде алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштап, әрі қарай скаутингтің дамуына аз-да болсын, өз үлестерін қосуға атсалысады. Біз өз тарапымыздан оларды практикалық машықтануға үйретуге тырысамыз. Айтар болсақ, бұл күнкөріс амалдары, алғашқы медициналық көмек көрсету түрлері, сапар барысында ас дайындау, судан адамды құтқару, әрине, алау алдында ән салып, көңіл көтеру, — дейді Қазақстанның скаутинг қозғалысының скаут-көшбасшысы Максим Кравченко. Ендеше, бүгінгі күннің батылдарына «жарайсыңдар!» демекпіз.

Гүлзат Мейрамова