Халқына қалаулы, еліне елеулі

Маусымның 26-сы күні Пайғамбар жасына жетіп, талай жылғы еңбегінің өтеуін көрер шаққа қадам басқан Темірболат Дәурешұлы Канкинді аудан әкімі Александр Бабенко бастаған әріптестері салтанатты жағдайда құттықтап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, сый-құрметке бөледі.

1975-1978 жылдары Семей қаласының техникумында техник-механик мамандығын меңгерген жас маман еңбек жолын қарапайым слесарьдан бастаған. Шақат кеңшарының автомеханигі, автогараж меңгерушісі, «Шақат» ұжымдық ауылшаруашылық кәсіпорнының бас инженері, басшының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, 1997 жылы Шақат ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалған.

Сол кездегі аудан басшысы Кенже Кеңесбаев Темірболат Дәурешұлына зор үміт артып, жауапты қызметті сеніп тапсырған еді. Өмірінде орын алып жатқан қиындықтарға қарамастан, ағамыз 16 жылын осы Шақат ауылдық округінің көркеюіне арнап, халқына қалаулы, еліне елеулі азамат бола білді. Соңғы үш жылда «Комунсервис» ЖШС директоры қызметін атқарды.

Осынау жылдар аралығында қызметтес, дәмдес болған округ әкімдері ағамызға жайлы орынтақ сыйлап, қазірде Шақат ауылдық округінің тізгінін ұстаған Базарбай Әбиев әріптестері атынан жылы лебіздерін арнады. Темірболат Канкин құрметті демалысына құрметке бөлей отырып шығарып салған әріптестеріне алғысын жаудырып, тойға шақырып жатты. Тойларыңыз тойға ұласып, шөбере, шөпшек сүйіп, мәнді-мағыналы ғұмырыңыз ұзағынан болғай демекпіз!

 

 

Сандуғаш Сапарқызы