Қарбыз, қауын піскен кез

Жаңа қала ауылының іргесінде орналасқан «Шабанбаевтар» шаруа қожалығы бүгінгі таңда еңбегінің жемісін теруге кірісіп те кеткен. Айтар болсақ, шамамен 1 гектар аумаққа қарбыз, асқабақ, қызанақ пен қияр өсірген ерлі-зайыпты Ахметғали Шабанбаев пен Нұргүл Сыздықова бұл кәсіптің қаншалықты табысты болғанымен, соншалықты «әуресі» көп дегенді айтуда.

 

Осыдан 10-15 жылдай уақыт бұрын әкеден балаға нәсіп етілген атакәсіп «Шабанбаевтар» ШҚ-на ие болып қалған Ахметғали Сапарұлы өзіне мирас болған істі абыроймен атқаруда. Жұбайы Нұргүлді де бір іске жұмылдырған кәсіпкер қазір отбасылық бизнестің қанат жаюына бар күш-жігерін жұмсауда.

— Әуелі қияр мен қызанақ өсіруден бастадық. Жылыжай салып, мол өнімге кенелмесек те, бұйырғанын алдық. Содан, осыдан 3-4 жыл бұрын қауын өсіруге белді бекем будық. Қазір, «Григорьевканың қауыны» деген брендтік атауға ие болдық десек артық емес. Біздің алқаптағы жидектің нағыз пісетін уақыты –  тамыз айының соңы. Әзірге, таңдап-таңдап алып, арқырын дәм татуға кірістік. Дәмі жаман емес. Өз басым, өзімнің бақшамда ғана өскен қауынды жеймін, — деген отағасы біз барғанда енді ғана бір қауынды ортасынан қақ бөліп, жегелі жатыр екен. «Ас болсын!» дескен бізге егжей-тегжейлі әңгімесін айта бастаған шаруалар жайыла өскен қарбыздар мекеніне жетеледі.

«Қандай сұрыпты қауындар?» деген сұраққа нақты жауап бере алмаса да, сұр түсті жемістің дәмі қарапайым қауыннан асып түспесе кем емес екендігін білдік. Өткен жылы қауынның келісін 45-50 теңгеден өткізген Шабанбаевтар биыл да қауынның құны  қымбат болмайды деп сендірді. Көбінде өнімді облыс орталығындағы «Рахмет» базарына тапсыратын шаруа қожалығы табыстың кілтін ұстаса да, соншалықты байып кететіндей іс емес деуде. Ыстығына күйіп, суығына тонатын еңбектің машақатын көп көретін олар, базарға өткізгенде бағадан ұтылатынын жеткізді.

Біріне-бірі демеу, сүйеу болып жүрген ерлі-зайыпты Ахметғали  мен Нұргүл «ең бастысы, еңбектене білу керек» — дейді. Еңбегі қаттының жегені тәтті болатынын олар жақсы біледі…

 

Гүлзат МЕЙРАМОВА

Сурет автордікі