Қарттарым – қазынам

Ұзақ өмір сүрудің сыры күтімде – дейді Черноярка ауылдық округінде ашылған егде жастағы азаматтарға әлеуметтік-медициналық көмек көрсету орталығының мамандары. «Черноярское долголетие» пансионатының салтанатты ашылу рәсіміне аймақ басшысы Болат Бақауов, аудан әкімі Александр Бабенко және өзге де ресми тұлғалар қатысты. Мұнда жылына екі мыңнан астам адам демалып, ем-дом алатын болады.

 

Пансионатта біздің аймақта бұрын соңды болмаған ем түрі ұсынылмақ. Жас маралдың, не шұбар бұғының мүйізінен жасалған дәрі негізінде ванналарда ем қабылдауға болады. Ресейлік және Шығыс-Қазақстандық шипажайлардың тәжірибесіне негізделіп, жергілікті инвестор әрі «Крендель» ЖШС бас директоры Зинаида Пархоменко екі жыл бұрын облыстық әкімдікке «Черноярская жемчужина» демалыс орнын өзгертіп, онда қарттарға арналған пансионат ашуды көздейтінін хабарлаған. Содан бері бұл ұсыныс қызу талқыланып, мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі арқылы қарияларға арналған демалыс орны ашылды. Аймақ басшысы осыған дейін қарттар шипажайларға жолдама алмай қиналғандығын ескертіп, енді бұл мәселе шешімін табатынына үмітін жасырмады.

— Зейнеткерлер маған жиі сауығу орталығына тек төрт жылда бір рет жатуға болатынына наразылығын айтатын – деді облыс әкімі. – Енді бұл мәселе толық шешіледі деп ойлаймын.

Мұнда егде жастағы жандардың барлық қызығушылықтарын ескеруге тырысқандығы байқалады. Ем-дом қабылдаудан тыс уақытта, қарттарға шахмат ойнауға, кітап оқуға, тіпті физикалық жаттығулар жасап, біраз шынығу үшін тренажерлар да қойылыпты. Одан бөлек, медициналық көмек көрсетіліп, физиомен емдеу, марал мүйізінің қанын пайдаланып сауықтыру шаралары бар. Мұнда демалып үлгерген «алғашқы қарлығаштардың» өздері мұны ұзақ өмір сүрудің сыры деп айтайды екен.

– Мен мұнда бесінші күн демалудамын. Осындағы ұжым өте жақсы, емдері ұнады. Бұл денсаулық үшін өте пайдалы ем деп ойлаймын. Менің білуімше, өзге облыстарда дәл осындай пансионаттар жоқ – деп, зейнеткер Рахима Алиева өзінің жылы лебізін білдірді.

Ол қазақы дәстүрмен «шәшу» шашып, қариялардың күтіміне арналған нысанның қызметкерлеріне алғысын жаудырды. Ия, қарияларға алдымен көңіл қымбат қой, сыйластық пен денсаулық күтімі болса, қарттар да риза. Бұл жобаның авторы болған Зинаида Ахмедовна осындай пансионат ашу ойы өзінің қартайған анасын күту кезінде келгенін жасырмайды.

– Шынын айтсам, менің де қартайған анам бар. Жұмыс барысымен маған кейде бірнеше күндерге сапарға шығуға тура келеді. Сол кездері мен анамды жалғыз қалдыра алмаймын және бұл дұрыс емес те. Сондықтан да, өзім де ойлап жүретінмін күтімді қажет ететін қарттарға ыңғайлы жағдай жасалса екен деп. Сонымен қатар, егер оны мен жүзеге асырсам ерекше жасағым келді. Бұл үшін бәрін істедік. Енді қариялармен бірге ешкі бағып, саңырауқұлақ теріп, кешкілік уақытта шұлық тоқып деген сияқты әр адамның қызығушылығына қарай уақыт өткізетін боламыз. Бізде мұнда жидектер де көп, оларды бірге теріп уақыт өткізсек те болады – деп, кәсіпкер қариялардың бос уақыты қызықты әрі пайдалы өтуі үшін жағдай жасалғанын дәлелдеді.

Сондай-ақ, кәсіпкер ханым бір жылдан кейін мұнда маралдарды әкеліп өсіруді жоспарлағанын да атап айтты. Әзірге бұл жобаның іске асуы үшін Зинаида Пархоменко 42 млн. тенге жұмсаған. Пансионат жыл бойы жұмыс істейді деп жоспарлануда. Тек, Ертіс арнасынан шыққан кезде ғана жұмыс бір айға тоқтатылмақ. Келешекте сауықтыру шараларын кеңейту ойда бар: Мойылдының шипалы балшығымен емдеу түрін ұсыну жоспарлануда.

Пансионатқа жолдама алу үшін зейнеткелер жергілікті еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, өтініш берулері қажет. Биыл Павлодар ауданынан бұл пансионатта төрт адам демалады деп күтілуде.

 

Дариға АБАЙ

Сурет автордікі