Адал қорғаушылар

Отан қорғаушылар күніне орай облысымыздың мемлекеттік қызметкерлерінің қатысуымен «Адал қорғаушы» әскери жиыны өткен болатын. Бұл «Ертіс — адалдық алаңы» облыстық жобасы шеңберінде Павлодар ауданының әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Департаменті бірлесіп өткізген іс-шара. Бір күн бойы шенді қызметкерлер әскери дайындығы бойынша сыналып, үздіктер марапатталды.

Әскери полигонда мемлекеттік қызметкерлер тартылу нормативтері бойынша, кросс жүгіру, уақытқа автоматты бөлшектеу және жинау бойынша сынға түсті. Мұндай жиын аймағымызда алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Бүгінде әлемдегі әскери-саяси жағдай тұрақсыз болғандықтан, әскери дайындықты шыңдап, шенді қызметкерлердің де дайындығын тексеру көзделген болатын. Әр ауданнан бес қызметкерден және облыстың Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларынан келген шенді қызметкерлердің жалпы саны 70-ке жуық адам болды. Жиынды салтанатты ашу рәсіміне аудан басшысы Жанат Шұғаев қатысты.

Жемқорлыққа төзбеушілікті қалып-тастыру мақсатында «Адал қорғаушы» әскери жиыны өткізілуде. Біздің отандастарымыз үшін бұл батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай заманда болмасын, Отан қорғау әр Қазақстан азаматының қасиетті борышы, – деп Жанат Рашитұлы бұл іс-шараның өзгелерден жөні бөлек екендігін атап өтті.

Бүгінде мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап аса жоғары. Елге қызмет етуден бөлек, олар мемлекеттегі саяси жағдайдан әрдайым хабардар болып, дұрыс әрекет етуге дайын болуы тиіс. Әскери жиынның салтанатты ашылуында  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Департаменті басшысы Әділбек Мұқашев та жиын қатысушыларына сәттілік тіледі:

— Бұл шараға арнайы қатысып отырғандарыңыз үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Біз, мемлекеттік қызметкерлер, жан-жақты дайындықта болуымыз қажет. Оның ішінде спорттық дайындығымыз да мықты болуы қажет. Жиын барысында мемлекеттік қызметкерлер әскери дайындығын көрсетеді, кедергілер арқылы жүгіру, жорық ас үйі, әскери қызметпен танысу жүргізіледі. Сондай-ақ, саясаттанушылар оларға арнайы дәріс оқиды  – деп Әділбек Мұқашев өз ойымен бөлісті.

Шенді қызметкерлерге әсіресе, тартылу мен уақытқа автоматты бөлшектеп жинау жұмысы оңай тимеді. Күнде спортпен шұғылданып жүрген шымыр азаматтар да мемлекеттік қызметкерлер арасында жоқ емес. Олардың кейбіреулері автоматты небәрі 1 минут 14 секундта жинап жатты, ал өзгелері екі минутқа жуық уақытты талап етті. Дегенмен, бұл жиын оларға білмегенді үйренуге, ұмытқанды еске түсіруге себеп болды.

Жиын қорытындысы бойынша 1 орын Май ауданының мемлекеттік қызметкерлеріне бұйырды, ақтоғай-лықтар — екінші, баянауылдықтар — үшінші болды. Павлодар ауданынан кедергілер арқылы жүгіруден ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының м.а. Хамза Оразбеков үздік атанды. Сондай-ақ, Мичурино ауылдық округінің маманы Асхат Мейрамов жалпы әскери қорғану жиынтығын киюден 1 орын алды.

Менің өзім үшін бұл жиын қызық болды. Өйткені, өзім осыдан 13 жыл бұрын Отан алдындағы борышымды өтеп, Шымкент қаласында әскер қатарында болған едім. Содан бері не ұмыттым, не есімде қалды деп өзімді тексеру үшін қатыстым. Бұл жиын өзіме пайдалы болды. Егер жылда ұйымдастырылатын болса, алдағы уақытта да қатысуға дайынмын, – дейді ол.

Жалпы командалық есепте Павлодар ауданы төртінші орынға табан тіреді. Намысты қолдан бермейтін, ауданымыздың мемлекеттік қызметкерлері келесі жиында қарсыластарынан есесін қайтаруға дайын. Олар мемлекеттік қызметкерлердің еліне тек біліммен ғана қызмет етпей, нағыз жігіттер ретінде Отан қорғауға да әрқашан дайын болуы тиіс екендігін алға тартуда.

 

Рабия ЕРАЛЫ

 Фото автордікі