Ардагермен жүздесу

9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында аймақ басшысы Болат Бақауов пен аудан әкімі Жанат Шұғаев Павлодар ауданында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагері Мария Матюшинамен жүздесіп, кейуананың хал-жағдайын біліп қайтты.

Аймақ басшысы өңірдегі барлық ҰОС ардагерлерімен кездеспек ойымен, облыстың қала-ауылдарын аралауда. Осы күнге дейін Болат Жұмабекұлы бірқатар майдангерлермен жүздесіп те үлгерді. Облыс орталығы, Ақсу, Қалқаман кентінде болып, ардагерлермен кездесіп, олардың батасын алды. Облыс әкімінің арнайы сәлем беріп келгеніне дән риза болған ақсақалдар, ақ тілегін жаудыруда.

Таяуда аймақ басшысы Сычевка ауылында тұратын ҰОС ардагері Мария Матюшинамен де жүздесті. Хал-жағдайын сұрастырған соң, кеуананың Жеңіске қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

  • Сізді жақындап келе жатқан ұлы мейрам – жеңіс күнімен құттықтаймын. Денсаулығыңыз мықты болып, ұзақ ғұмыр сүріңіз. Сіз тек соғыста ғана емес, тың жерлерін игеру кезінде де еңбек еттіңіз. Аман болыңыз – деп, ақ тілегін білдірді Болат Жұмабекұлы.

Мария Матюшина жас кезінде соғысқа өз еркімен сұранып, ерлермен қатар ерлік көрсетіп, жауға қарсы тұрды. Одан кейін тың игеру кезінде де ауыр жұмыс істеп, бала-шағасының қамын ойлап жүрді. Енді қартайған шағында сол еңбектің жемісін көріп, балаларының ортасында, бақытты әже болып күн кешуде.

Биылғы жылы ҰОС ардагерлеріне 500 мың теңге көлемінде бір реттік ақшалай жәрдемақы төлетенетін болады, оған қоса ардагер тұрып жатқан үйді жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен осыншама қаражат қарастырылған. Осындай әлеуметтік көмек көрсетілгеніне ардагердің қызы Галина Мосияш өте риза. Ол ардагердің күтіміне аудан басшылығы мен әлеуметтік сала қызметкерлері үнемі қол ұшын беруге әзір екендігін айтып, алғысын білдірді.

Өз тілшіміз