Ардагер қашан да құрметке лайық

Аудан әкімі Жанат Шұғаев Ұлы Отан соғысының ардагері — Матюшина Мария Алексеевнаны 94 жасқа толған туған күнімен құттықтады. Ол — бүгінде ауданымызда тұрып жатқан жалғыз ардагер. Кейуана туған күнімен құттықтай келген қонақтарды жайдары жүзімен көңілді қарсы алды.

Биылғы жыл Жеңістің 75-жылдығы тойланатын болғандықтан, Павлодар ауданы алғашқылардың бірі болып, «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлерді құттықтап, оларға барынша көңіл бөліп, қамқорлық көрсету ісін жалғастыруда. Жыл басталысымен аудан әкімі аудандық газеттердің әр санында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін туған күнімен құттықтауда. Одан бөлек, ауданымыздағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері Мария Алексеевна Матюшинаға көрсетілетін құрмет бөлек. Жылына бірнеше мәрте мерекелі күндері аудан басшысы Мария Алексеевнаға арнайы барып, хал-жағдайын біліп қайтады.

Ардагердің туған күні Павлодар ауданында жыл бойы өткізілетін мерекелік шаралардың бастауы болып отыр. Күні кеше ғана Сычевка негізгі мектебінде оқушыларға арналған ерлік сағаты ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары өмірі ерлікке толы – ауылдасы Мария Алексеевнаның өмірлік жолынан мәлімет алып, оның өр мінезіне таң қалды.

Елімізге жау тиіп, фашистерге қарсы соғыс басталған кезде он сегізге толмаған намысшыл қыз майданғап өзі сұранып кеткен болатын. Әскерге сұранғанда құжат бойынша өзінің жасын қосып, жауға қарсы төтеп тұрудан тайсалмады. Сол кезде ерлермен қатар ауыр жұмыс істеп, қорғаныс қамалдарын орнатуға, окоп қазып, дзот орнатты. Міне, соның жемісі ретінде омырауы медальге толып, бүгінде құрметке бөленуде.

Ардагерді туған күнімен құттықтай келе, аудан әкімі ең бастысы денсаулығы мықты болып, ортамызда ұзақ ғұмыр жасауын тіледі. Сондай-ақ, анасының қолын жылы суға малып, күтіп отырған қызы – Галинаға шексіз алғысын білдірді.

Өзінің туған күнін Мария Алексеевна ең жақын туыстарының ортасында көңілді күйде қарсы алуда. Бүгінде ол үш ұлы мен қызынан немер-жиен сүйіп, 26 шөпшек көріп отыр.