Ардақты ардагерлерге мың тағзым!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов және аудан әкімі Жанат Шұғаев ауданымыздың жалғыз ардагері Мария Матюшинаға Жеңіс күнімен құттықтау хаттар жолдады. 9 мамыр күні аудан басшысы Жанат Шұғаев ардақты ардагерді Жеңістің 75-жылдығымен құттықтап, хал-жағдайын біліп қайтты.

 

Ауданымыздың жалғыз ардагері Мария Алексеевна – 18 жасқа толмай, қан майданға өз еркімен сұранып кеткен ержүрек жан. Жеңіс күні – оның сүйікті мерекелерінің бірі, бұл күні ол бала-шағасының ортасында соғыс әндерін айтып, көңіл көтергенді ұнатады. Үнемі күлімдеп, ақ жарқын пейілімен құттай келген қонақтарды жылы қарсы алады.

Аудан әкімі ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

– Ардақты ардагерлеріміздің ерлігіне тағзым етеміз. Олардың жанкешті ерлігі жанымызға қуат береді. Отан үшін от кешіп, бізді бейбіт күнге жеткізді. Мария Алексеевна нәзік жан болғанына қарамастан, ерлермен тең еңбек етіп, майданның алдыңғы шебінде жүрді. Батырлық деген, міне, осы, – деді Жанат Шұғаев.

Сол сияқты мамырдың 8-і күні аудан әкімі тылда көп жыл еңбек еткен ардагерлермен кездесіп, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Заря ауылының тұрғыны тыл еңбеккері Төлеген Иманалиев, 100 жастағы Сапура Канапьянова мен ардагер ұстаз Батай Сейітқазинаға арнайы барды.

Төлеген Иманалиев – Шақат ауылының тумасы. Әкесі мен ағасы сұм соғысқа аттанғанда, жастайынан еңбек етіп үйренген. Соғыс басталысымен ақсақалдың әкесі Қасен Иманалиев «еңбек әскері» қатарында ауыр жұмыс істеді, ал үлкен ағасы Қапсаләм Қасенов өз еркімен майданға аттанған екен. Көктемгі егіс жұмыстары кезінде немесе күзгі жиын-терім уақытында Төлеген Қасенұлы таңғы төрттен қас қарайып, қараңғы әбден түскенге шейін егістікте еңбек еткенін еске алады. Көп жыл ауыл шаруашылығында жұмыс істеп, бастапқыда шабан, кейін бөлім бригадирі, бөлімше басшысы лауазымына дейін же-теді. Семей зооветеринарлық институтын бітірген соң, «Ямышево» кеңшарының басқарушысы болып жұмыс істейді.

Мереке күнімен құттықтай келген аудан әкіміне ақсақал алғысын жаудырып, ақ батасын берді. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп, балаларға бақытты балалық шақ бұйыруын тіледі.

Сапура Негмашанқызы – Шарбақты ауданының тумасы. Өмірінің негізгі бөлігін Павлодар ауданы-ның Ольгинка ауылында тұрады. Соғыс жылдары Сапура апа поштада жұмыс істеген. Майданға аттанған туыстарынан асыға хабар күткен ауылдастарына хат жеткізіп тұрған екен. Соғыстан кейін Сапура апа көп жыл мал шаруашылығында жұмыс істеді. Майданнан оралған күйеуімен бірге ауыр еңбек етіп, кеңшарда мал басының артуына үлес қосты.

Аузы дуалы, сөзі уәлі әже-леріміздің бірі Батай Шаханқызы Новоямышево ауылында тұрады. Соғыстан кейінгі жылдары мұғалім болып, балаларға білім берген. Бүгінде тоқсан жасқа келген Батай апамыз осы өңірдегі сөз шеберінің бірі, жатқа өлеңдер оқып, мағыналы бата береді. Бейбіт күннің куәгері болып, тәуелсіздікке жеткен асыл әже ақ батасын беріп, «Енді соғыс болмасын!» деп жүрекжарды тілегін жеткізді.