Ауылдың болашағы қандай болмақ?

Дүйсенбі күні жастардың ауылда жұмыспен қамтылып, сонда қалу мәселесін зерттеу үшін ауданымызға Нұрлан Нәбиев бастаған облыстық Қоғамдық кеңестің жедел тобы арнайы келіп, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында құзырлы бөлімдер мамандары, округ әкімдерінің қатысуымен қоғамдық кеңес отырысы ұйымдастырылды.

Кеңеске аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрболат Сағындықов төрағалық етіп, жиналғандарды аудандағы жастарға қатысты мәселемен таныстырды. Бүгінгі таңда өңірімізде 26167 тұрғын бар, оның 4902-сі 14 пен 29 жас аралығындағы жастар, оның 611-і колледж шәкірттері, 163-і ЖОО студенттері.

Жыл басынан 297 жас жұмыспен қамтылу шараларына тартылған. 135 жас тұрақты жұмыспен қамтылды, қысқа мерзімді кәсіби оқуға 34 адам алынды, 12-сі оқуын тәмамдап, оның 8-і тұрақты жұмыспен қамтылды, 4-еуі грант алуға құлықты.

64 жас жұмыссыздар санатында есепте тұр, олардың 22-сі оқып жатыр, 14-і жастар тәжірибесіне рәсімделген, әлеуметтік жұмыс орындарында 9 жас еңбектенуде және осыншасы қоғамдық жұмыстармен қамтылған, қыркүйекте қысқа мерзімді қайта дайындау курстарына 10 жас бағытталмақ. «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламаларымен кәсіпкерлік негіздерін 59 адам оқыды. Тамыз айында жастарға жаңа бизнес- жобаларға 200 АЕК-ке дейін қайтарымсыз 35грант берілмек. Оқуын бітіргендерге бизнесін дамытуға арналған жеңілдетілген шағын несиелер алуға мүмкіндік ұсынылады. Қыркүйек айынан техникалық және кәсіби оқыту үшін 60 адамды бағыттау жоспарлануда.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауылдарға қажетті мұғалім, дәрігер сынды жас мамандар келіп, баспанамен қамтылуда, көтерме ақыларын алуда. Ауданымызда туу көрсеткіші де жақсы. Мәселен, биыл 500-ден аса оқушы мектеп табалдырығын аттамақ. Қалаға жақын орналасқандықтан, ауданымыздың елді мекендерінің болашағы бар деп сеніммен айта аламыз. Дегенмен, Нұрлан Абзалұлы жалпы, облысымыз бойынша, кей ауылдарымыздың болашағы жайлы сөз қозғай келе, ондағы халық саны азайып баратынын айтып, жастарымыз ау­ылдарда тұрақтамай, қалаларға қоныс аударып жатқанына алаңдайтынын жеткізді. Әсіресе, шалғай ауылдардағы жағдай мәз емес, — дейді. Сондықтан, жастарымыз ауылдарда қалып, көркейтуге үлестерін қосулары үшін оларға барынша жағдай жасалу керек. Елді мекендерімізді абаттандырып, жастарымызды ауылдарымызда тұрақтап қалатындай етіп жұмыспен қамту абзал. Әсіресе, ауылға қажет мамандықтармен қамтуға көңіл бөлген жөн. Қазіргі таңда елді мекендерімізге тракторшы, механизатор, агроном, т.б. сынды ауыл шаруашылығы саласының мамандары қажет. Әйтпесе ауылдарымызды болашағы бар не жоқ деп жіктеу қажет, — дейді облыстық қоғамдық кеңес өкілі.