Ауыл гүлденіп келеді

Чернорецк ауылында 16 пәтерлі тұрғын-үй қолданысқа тапсырылуға жақын. Аудан әкімі Жанат Шұғаев құрылыс қарқынын тексеріп, ауылдық округте мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Тұрғын-үйдің жөндеу жұмыстарын мердігер тамыз айының соңында аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл ғимаратты екі жыл бұрын жергілікті кәсіпкерлер өз күшімен жөндеуге кірісіп, жаңа терезелер қойып, жылу батареяларын орнатып, төбесін қайта жапқан болатын. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша тұрғын-үйді жөндеуге қаражат бөлініп, құрылысшылар жұмысқа кірісіп кетті. Мердігер «АСП» ЖШС өкілі Ардақ Омаров қазіргі уақытта үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіп, белгіленген уақытқа дейін нысанды тапсыратынын жеткізді.
– Қазір біздің жұмысшылар сантехника орнатумен айналысуда, үйге су тартып, жылу жүйесінің ақауларын тексеруде. Ішкі әрлеу жұмыстарын да бастап кеттік. Сырты қызыл кірпішпен қапталатын болады, – деп Ардақ Қазбекұлы жос-парланған жұмыс ауқымымен таныстырды.
– Бұл үйде сегіз пәтер бір бөлмелі, төрт – екі бөлмелі және тағы да төрт пәтер – үш бөлмелі. Үй модульді қазандық арқылы жылытылып, орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Ғимараттың ашылу салтанатын Конституция күніне орай өткізуді жоспарлаймыз, – деп түйіндеді аудан әкімі.
Чернорецк ауылындағы құрылыс жұмыстары осымен шектелген жоқ. Көп жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген мәдениет үйі биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша өңделетін болады. Ауылдық округке жасаған жұмыс сапары барысында аудан басшысы мердігер «Промжилстройкомплекс» ЖШС басшысы Виталий Овцыновпен кездесті. Виталий Васильевичтің айтуынша, жуық арада ғимараттың сырты жаңаша қапталып, төбесі қайта жабылады, жылу жүйесі өзгертіліп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі.
– Қазір біз жұмыспен қамту орталығына тапсырыс беріп қойдық. Жергілікті тұрғындар ішінен бес адамды жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз. Жөндеу жұмыстарын бір апта бұрын бастадық. Осы уақыт ішінде ғимараттың сыртқы қаптамасын жабудамыз. Үш ай ішінде біз барлық жоспарланған жұмыс ауқымын аяқтап үлгеруіміз керек, – деді «Промжилстройкомплекс» ЖШС директоры Виталий Васильевич. Мәдени ошақ соңғы рет 2007 жылы жөнделген болатын. Содан бері ғимарат әбден тозып, жауын-шашын сайын төбесінен су сауғалап, жұмысшылардың берекесі қашатын. Мәдениет үйіне күрделі жөндеудің жасалуы шығармашылық ұжымдар үшін арман болатын.
– Мәдениет үйінің жөнделуін күтіп жүргенімізге көп болды. Төбесінен тапшы ағып, сахнамыздың сәні кетіп, әдемі ғимаратта өнер көрсетуді армандайтын едік. Енді бұл ыңғайсыз жағдайлар артта қалады деп үміттенемін. Ал өз тарапымыздан жаңа, қызықты шығармашылық нөмірлер ұсынатын боламыз, – деп ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрайымы Үміт Төлеубаева өз ойымен бөлісті.