АУЫЛ КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

Чернорецк ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша үш көшенің жолы жөнделді. Аудан басшысы Жанат Шұғаев орта жөндеу жұмыстарының өту барысымен танысып, мердігермен кездесті.

Аудан әкімі Жанат Шұғаев жол жөндеу жұмыстарының сапасына аса мән беріп, жіті бақылап отырады. Ауылдық округтерге жұмыс сапарымен жиі шығып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асып жатқан жобалардың құрылыс пәрменін байқайды.

Бірер күндерден кейін Чернорецк ауылында үлкен құрылыс басталмақ. Биылғы жазда екі қабатты үй қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары басталады. 16 пәтерлі тұрғын үйге жас мамандар және әлеуметтік санаттағы азаматтағы қоныстандырылады. Жылыту жүйесі модульді қазандық арқылы қосылады, сондай-ақ көп қабатты үйге су тартылады. Көп жыл бойы қаңырап тұрып қалған ғимаратты қалпына келтіру ісін алдымен жергілікті кәсіпкерлер бастаған болатын. Олар өз күшімен терезелерін ауыстырып, төбесін қайта жапқан болатын. Одан кейін бұл жобаны облыс әкімдігі қолдап, жөндеуіне 60 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы бұл нысанды да қарап шықты. Мердігерлер ғимараттың жөндеуін келесі аптада бастамақ.

Сонымен қатар, тағы бір үлкен құрылыс ауыл мешітінде жүргізілуде. Тұрғындар өз күшімен 5 млн теңгеден астам қаражат жинап, Алла үйінің сыртын жаңадан қаптап, асханасын едәуір кеңейткен еді. Ал Чернорецк ауылының Мәдениет үйі ол да биыл күрделі жөндеуден өтеді. Іші-сырты тозған мәдени ошақ биыл түбегейлі өзгереді деп күтілуде. Ауыл тұрғындарының да тілегі осы еді.

Аудан басшысы келешекте Даңқ ескерткіші мен ауыл мешітіне апаратын жол тегістеліп, жаңа асфальт төсеу жоспарда бар екендігін де атап өтті. Әзірше құрылысшылар Трунов көшесін толық тегістеп, Тургенев пен 1 мамыр көшелеріне кірісіп үлгеріпті.

Туған ауылының көз алдында көркейіп келе жатқанына тұрғындар дән риза.

Керемет, тегіс жолмен жүрген қандай жақсы! Рахмет! Енді жарық өткізсе жақсы болар еді. Кешкілікте қысқы уақытта, әсіресе, жарық керек – дейді ауыл тұрғыны Аида Махамбетова.