Ауғанның отты жалыны

Мыңдаған отбасыны қара жамылдырып, талай боздақтың өмірін қиған Ауған соғысынан Кеңес әскерінің шығарылғанына – 30 жыл. Атаулы датаға орай, өткен аптада аудан әкімі Жанат Шұғаевтың қатысуымен «Ауғанның отты жалыны» атты іс-шара өткізілді.

Ауған соғысы боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Сондай-ақ, сұрапыл соғыс талай адамның жан жүрегін жылатып, баласынан, жарынан, әкесінен, бауырынан айырды… Нарқасқа азаматтарды бізден мәңгі ажыратты. Иә, өлгендер қайтып келмейді, бірақ соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Қазіргі таңда, Павлодар ауданы бойынша, Ауған соғысында Отан алдында интернационалдық борышын өтеп келген 18 сарбаз  тізімде тұр.  Кезінде батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестерге құрмет көрсету  және жат жерде көз жұмған   азаматтарды еске алу мақсатында «Ауғанның отты жалыны» атты «Көгілдір от» іс-шарасы ұйымдастырылды.уған соғысы боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Сондай-ақ, сұрапыл соғыс талай адамның жан жүрегін жылатып, баласынан, жарынан, әкесінен, бауырынан айырды… Нарқасқа азаматтарды бізден мәңгі ажыратты. Иә, өлгендер қайтып келмейді, бірақ соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Әуелі аудан әкімі Жанат Рашитұлы сөз алып:

– Құрметті ауған соғысы ардагерлері, сіздермен осындай салтанатты жиын үстінде қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып саналады. Жастық шақтарын сұрапыл соғыс даласында өткізген қаһарман жерлестер, сіздерге тек алғыс айтамыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Әрқашан қазақстандық жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге атсалысып, құрметке бөленіп жүре беріңіздер! – деп, марапаттау рәсіміне көшті.

«Кеңес әскерлерінің Ауғанстан-нан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапат-талғандардың қатарында Махаббат Ахметов, Ерғали Әшірбеков, Павел Беломазов, Сейдбек Бұхаров, Карпенко Сергей, Ризолла Сүлеев және өзге де 12 ауған соғысы ардагерлері бар.

Болашаққа қадамды нық басу үшін өткенімізді өшірмей, ерлігімізді жәдігердей сақтауымыз қажет. Ұрыс аяқталғанмен, ал тарих — мәңгілік. Осыны жете түсінген  шараға қатысушылар жат жерде шейіт болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сондай-ақ, Ауған соғысында қыршынынан қиылған боздақтар туралы баяндама жасау үшін ортаға  аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Альберт Бекмұханов шақырылды.

–10 жылға созылған соғысқа Республикамыздан 22 мың адам аттаныпты. Оның ішінде павлодарлықтар саны  — 1098 сарбазды құраған.  Олардың 27-сі қаза тауып, 54 сарбаз жараланып елге оралған. Бүгінде біздің ауданда 18 интернационалист-сарбаз бар. Соғысты өз көзімен көріп, жүрегімен сезген азаматтардың ерлігі мәңгі ұмытылмайды. Сондықтан да жас буынға ардагерлер өжеттігін  үлгі етіп көрсетуіміз керек. Сұм соғыста опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз, — деді.

Ізін ала сөз алған Павлодар облысы Ауған соғысы мен жергілікті соғыстардың ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық қорының директоры Байғабыл Майкөтов:

— Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп жатқандығына аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін. Қазақ батырларының қаны төгіліп, ерен ерлігімен келген жеңістің арқасында бүгін бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бүгінгі кездесудің біз үшін маңызы зор болды. Құрметті ардагерлер, сіздерге денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді.

Салтанатты жиын аудан және облыс өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Бұл күн бәзбіреулер үшін ақпан айының қатардағы бір күні. Ал бір нанды бөлісіп жеп, шатқалдарда жау оғынан сақтанып, барлауға бірге барып, жауға қарсы шайқасқан майдандастар үшін, қарулас  жолдастарымен кездесуге мүмкіндік беретін жалғыз күн десек, артық айтпағанымыз болар. От пен оқтың ортасынан аман оралып, аталған жиынға қатысып отырғандардың  көздеріндегі жас пен жүрек қиналыстары – бүгінгі күннің салтанатты әрі қайғылы күн екенін білдіріп тұрғандай. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл ағамыз бір сөзінде: «Бұл күн біздер үшін қайғы болып қатталып, қасірет болып жатталып қалса да, тәуелсіз Қазақстанның әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербетіліп әрбір үйдің түтінінің түзу шыққанын тілейтін біздер үшін, санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек!», — деген болатын. Әрине, соғыс тарихы әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ нәрсе – адам шығыны. 30 жылдық қарсаңында осындай игі шара өткізіліп жатқандығына ардагерлер дән риза. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады.

 

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙ