Ауқымды құрылыс

Ауданда «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары шеңберіндегі жобалар жүзеге асырыла бастады. Ауылдық округтерге жұмыс сапары барысында аудан әкімі Жанат Шұғаев Ольгинка, Новоямышево, Кемеңгер ауылдарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

 

Ольгинкада ғимараттың апатты жағдайына байланысты жеті жыл жабық тұрған спорттық кешен қалпына келтіріле бастады. Ольгинкалықтар үшін бұл көптен күткен оқиға, тұрғындар енді жастардың бос уақытын өт-кізетін орны болатынына дән риза. Спорттық кешенді қалпына келтіруге 72 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген.

– Қазіргі таңда жұмысшыларымыз ескі конструкцияларды бөлшек-теуде. Жақында шатыр жұмыс-тарына кіріседі. Әрлеушілер ғима-раттың қасбетін жаңартуға кірісті, – дейді мердігер «Промжилстройкомплекс»  ЖШС-нің өкілі Сергей Беспалый.

Аудан басшысы ауылдық округ әкіміне тұрғындар рахаттана демалуы үшін спорттық кешеннің аумағын көріктендіру жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Новоямышево ауылында спорттық кешеннің жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылысшылар тренерлер және төрешілер кабинасын салып, қабырғаларын ақтап, сырлап, еден жабынын ауыстырған. Таяуда жұмысшылар шамдарды орнатуға кіріседі.

Сонымен қатар аудан әкімі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта Әйтім ауылына кіреберістегі қашықтығы 3,6 шақырым жол жөнделуде. Биыл қыста тұрғындар аудан әкімінің есептік кездесуі кезінде тоз-тозы шыққан жол төсемін жөндеуді өтінген болатын. Жуырда аудандық бюджеттен шұңқыр жөндеуге қаражат бөлінді. Кемеңгер ауылының кіреберісі де жөнделеді.

– 5,2 шақырым қашықтыққа асфальтті төсем төселеді. Бұл жол көптен жөндеу көрмегендіктен, оны орташа жөндеу қарастырылған. Жол төсемін қалпына келтіруге шамамен 90 млн. теңге қаражат жұмсалады, – дейді нақты экономика секторы бөлімінің басшысы Серік Бөлемісов.

Қаратоғай ауылында техникалық суды тазарту үшін кешенді блок-модуль орнатылған. Тағы бір тазарту қондырғысы Үміт апа ауылында орнатылмақ. Биыл ауданның жеті ауылында су құбырының құрылысы басталады. Заря, Мичурино, Кемеңгер және Жаңа қала ауылдарында еліміздің оңтүстігінен көшіп келушілерге арналған тұрғын үйлер салынуда. Аудан әкімі жұмыс сапары барысында салынып жатқан қоспәтерлі үйлерді көріп шықты. Заряда үйлердің қасбеттерін салуды аяқтаған құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен. Жұмысшылардың бір бөлігі шатыр жұмыстарына тартылған.