Бейбітшіліктің сақталуын қалаймыз

Красноармейка Мәдениет үйінде аудандағы этномәдени бірлестіктердің басын қосқан дөңгелек үстел басындағы кездесу өтті. «Бір шаңырақ астында» деген тақырыпта ой қозғаған әр түрлі ұлт өкілдері еліміздің басты байлығы – бейбітшілік пен келісім екендігін атап өтті.

 Аудандық Мәдениет үйінің этномәдени бірлестіктер бойынша маманы Мейрамгүл Жабықованың айтуынша, осындай жиындарда олар өзара тәжірибе алмасып, өз өнерлерін көрсете алады. Татар, славян, украин және «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері өздерінің күнделікті жұмысындағы жаңалықтармен бөлісіп, бұл іске жастар қауымын тарту қажеттігін жеткізді. Әсіресе, биылғы жыл Елбасымызбен «Жастар жылы» деп аталғандықтан, жас ұрпаққа артылған үміт зор болып отыр.

Жиын барысында бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктер алдағы үлкен науқан – Президенттің кезектен тыс сайлауының өткізілуін қолдайтындығын да білдірді. Олар 9 маусым күні өтетін сайлауға өз мүшелерін бір адамдай қатысуға шақырғандығын алға тартуда.