Бір шаңырақ астында

Жақында, ауданымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының күндері аясында Розовка ауылында облыстық «Қоғамдық келісім» Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама қойып, дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

«Қазақстан орыс, славян, казак ұйымдары ассоциациясының» құрылғанына биыл — 20 жыл. Павлодар ауданы Розовка ауылында облысымыздағы барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосқан көлемді шара ұйымдастырылды. Атаулы ұйым еліміздің 14 облысында 1999 жылдан бастап табысты қызмет атқаруда. Құрамында 40-тан астам дербес славян қоғамдық бірлестіктері бар. Олардың басты мақсаты — славян халқының мәдениетін, тілін және өзіндік ерекшелігін сақтауға, Қазақстанда тұратын барлық этностардың этникааралық келісімі мен тыныштығын нығайтуға бағытталған.

Аудан жұртшылығы облыстан келген делегацияны шашумен қарсы алды. Мәдениет үйінің кіреберісінде қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шара әуелі Розовка Мәдениет үйінің акт залындағы дөңгелек үстелмен басталды. Модератор есебінде, Қазақстан халқы ассамблеясының Павлодар облысындағы хатшылық меңгерушісі Айнұр Сәрсембаева болды. Сондай-ақ, шара барысында Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Гүлнар Сейітказина, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары және жергілікті аудандағы этномәдени бірлестік мүшелері өз ойларын ортаға салды. Кездесу барысында облыстық «Нұр-Ана әлемі» бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова, облыстық белорус орталығының төрағасы Любовь Богнат, облыстық корей орталығы төрағасының орынбасары Раиса Афанасьева, облыстық славян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Людмила Бевз аудандық этномәдени бірлестік мүшелерімен емен-жарқын әңгіме- дүкен құруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, озық идеялар айтылып, тәжірибе алмасты.

– Біз баршаға тең мүмкіндік беретін зайырлы мемлекетте өмір сүрудеміз. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының, оның ішінде бірлестіктердің ерен еңбегі деуге болады. Бүгінгі дөңгелек үстел барысында айтылған әрбір сөз орынды. Еліміз үшін бейбітшілік пен келісімнен асқан байлық та, бақыт та жоқ. Себебі, ауызбіршілігі жарасып, төртеуі түгел келген мемлекет қана экономикасын даңғыл жолға қойып, небір биіктерді бағындыра алады, – дейді Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар одағы Үйлестіру кеңесінің төрағасы Рамиль Смайлов.

Бүгінгі таңда ауданымызда белорус, шешен-ингуш, татар-башқұрт, украин, неміс, славян, кабардин- балқар, өзбек, корей ұлтынан құрылған 10 этномәдени бірлестік жұмыс атқарып келеді. Олар түрлі конкурстарда төбе көрсетіп, белсенді жұмыс атқарып жүр.

Түптеп келгенде, әрбір этномәдени бірлестіктің мақсаты айқын: ол достық пен ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Осындай облыстық және республикалық деңгейдегі шаралар шығармашылық топтардың жұмысын ұйымдастырып, тәжірибе алмасуына жол ашады.