«Дипломмен ауылға» 10 жыл «Болашағыңды ауылдан баста!»

Oсындай атаумен ауданымыздың «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары челлендж бастап кетті. Бұған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Вера Гейнц мұрындық болды. ҚР Президенті сайлауалды бағдарламасының жүзеге асыру жолын түсіндіру бойынша Луганск елді мекені білім ошағында «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа тұрып, қызмет етіп жатқан мамандармен жүздесіп, пікір-ұсыныстарын қаперге алған ол игі бағдарламаның одан әрі кең етек жаюы үшін осындай заманауи әдісті пайдалану орынды болмақ дейді.

Шара әңгіме-дүкен түрінде өтті. Бүгінде білікті маман атанып отырған ұстаздар аталмыш бағдарламаның өздеріне тигізген игіліктері жайлы баяндады. Математика пәнінің мұғалімі Жаңабай Шымбұлатов:

— Көкірегі ояу, көзі ашық, жанып тұрған жастардың көбін ауылға тарту өте қиын. Өйткені, кез-келген жерде әуелі баспана мәселесі алдыңнан кесе-көлденең шығады. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, басыңда баспанаң болмаса, жасап жатқан жұмысыңда да береке болмайды. Өз басым, бұл мемлекет тарапынан ауылға барып, еңбек етемін деген жастарға арналған бірден-бір ұтымды бағдарлама деп айта аламын. 2013 жылы осы бағдарламамен мектепке қабылданып, бр жылда үй алып, шаңырақ көтердім. Алғысым шексіз. Шәкірт тәрбиелеп, ауылдың өркендеуіне теңіздің тамшысындай болсын үлесімізді қоссақ, бізден бақытты жан болмас…, — дейді.

Шағын орталық тәрбиешісі Ғазиза Жамалованың пікірінше, қалада үйсіз-күйсіз жүрген жастар көп, пәтерден-пәтер жалдап, көшіп- қонып жүргенше, ауылға барып, бағдарлама игілігін көрген жөн. Үміт Түсіппаева да бұрын қалада тұрған. Алайда, баласы аллергиямен ауырып, облыс орталығында тұру мүмкін болмаған. Сөйтіп, осы елді мекенге қоныс аударып, химия және биология пәнінің мұғалімі болып орналасқан. Баспанамен қамтылған. Баласы Теміржан сырқатынан айығып, еркін күреспен айналысып, түрлі додаларда аудан шашбауын көтеріп жүр. Әріптесі Марина Неженская да кезінде қалада тұрған. Бірақ, баспана, балабақша кезегі салдарынан қиналып, ауылдағы ата-анасының қасына келген. Жергілікті білім ошағына математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданып, мал-құс ұстап, шаруашылығын да дөңгелетіп әкеткен. Жолдасы қала орталығына қатынап, зауыттардың бірінде еңбектенеді. Екеуі төрт бала тәрбиелеуде. Ауылда өмір сүру әлдеқайда жеңіл, — дейді бүгінгі күніне шүкіршілік етіп отырған Марина. Әріптесі бастауыш сынып мұғалімі Бағытай Ыбырайкина Май ауданынан осында қоныс аударып, тұрмысқа шығып, баспанамен қамтылған. Білім ошағында оңтүстік өңірден келген қандастарымыз да аталмыш бағдарламаның арқасында еңбек етуде. География және тарих пәні мұғалімі Гүлсая Әлімова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен өткен қақаған қыста Тараздан қоныс аударған. Жерлесі қызылордалық Әсем Тәңгірбаева ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жуырда орналасыпты. «Серпін» және «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының игілігін қатар көріп отырған жан өзі туған оңтүстік өңірінде мұндай жағдай жасалмағанын айтады.

Жиынға қатысқан Луганск округінің әкімі Вадим Щеглов та кезінде осы білім ошағын тәмамдап, кейін осы бағдарламамен осында ұстаздық еткенін тілге тиек етті. Айта кету керек, Вера Александровна да еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған.

Міне, осыдан 10 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бүгінде өз жемісін беруде. Тек білім саласында ғана емес, алтын бесік – ауылымызды көркейтуге үлес қосып жатқан әр сала білікті мамандармен толығып, елді мекендеріміз өркендеп-өсіп келеді.