Дұрыс таңдау

Таяуда Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Партия активі сайлауалды кампаниясының нәтижелерін шығарып, Қазақстанның сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың он тапсырмасын талқылады.

Жиынды ашқан аудан әкімі ауданымызда сайлаудың өту барысы мен нәтижелерін айтып, халық дұрыс таңдау жасағанын тілге тиек етті:

— Партия активі ауылдық округтердегі сайлауалды кампания мен дауыс берулердің нәтижелерін шығарды. Еліміз үшін маңызды отыз күн ішіндегі жұмыс өте жоғары кәсіби деңгейде өткені мен үшін аса маңызды. Бұған нақты әрі ашық сандар және деректер куә – ауыл тұрғындарының 91 пайызы дауыс берген, олардың 78 пайызынан астамы өз дауыстарын қазіргі Президентке берді. Осы ретте, ешбір заңбұзушылықтар орын алған жоқ. Бұл халық тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділікті, жарқын болашақ пен дамуға үдемелі қозғалысты таңдады деген сөз.

Алқалы басқосуда сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық қоғамдық штабының төрағасы Айтуған Шайхимовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, біз тәуелсіз Қазақстанның өміріндегі тарихи оқиға куәгері болдық.

«Nur Otan» партиясы Павлодар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Вера Гейнц Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасының негізгі бағыттары жайлы баяндама жасады. Бірінші кезекте Президент алға қойған он тапсырманы орындау біздің басты міндетіміз, — деп қадап айтты ол.

Сондай-ақ қоғамдық сенім Ұлттық Кеңесі құрылды. Алғашқы кеңес тамыз айында өтпек.

 

Өз тілшіміз