Екі қайсар әйел

 

Біздің ауданда Ұлы Отан соғысы ардагерлері, фашистік концлагерь тұтқынында болған жандар ерекше құрметке ие. Ерен ерлік ұмытылмақ емес. Бұл ел есінде мәңгілік сақталар тұлғалар. Мереке қарсаңында олар да назардан тыс қалмады. Кеше аудан әкімі фашистік концлагерьдің тұтқынында болған Вера Бродникованы және Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Матюшинаны Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап қайтты.

Рухы күшті екі әйел – фашизмді жеңу жолында асқан ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Қаншама қиын күндерді бастан өткерсе де, елге келісімен, өздерінің басты мақсатын да ұмытпады – ұл-қыздарын тәрбиеледі. Вера Павловна талай жасты еңсерсе де, Мичурин ауылдық округінің белсенді тұрғыны есебінде. Ол аудандық «Нива» газетінің құрдасы болып келеді, әрі тұрақты оқырмандарымыздың бірі. Үйіне келген әрбір қонақты жылы шыраймен қарсы алатын әжеміз, бүгін де сол қалпынан танған жоқ.

Аудан әкімі кейуананы мерекемен құттықтап, «Қандай-да бір көмек керек пе?» — деп хал сұрасты.

– Қазір біз жайма-шуақ күнде өмір сүрудеміз. Соғыс деген өте суық сөз. Бомбалар, снарядтар, концлагерь… Еске түсіруге де қорқасың. Соғыстан кейін де тұрмысымыз өте қиын болды. Зейнетақы алу үшін түнге дейін кезекте тұрған күніміз болды. Ақша жетпейтін. Қазір бұл күндер келмеске кетті. Зейнетақымды уақытында аламын, — дейді ол.

Мария Матюшина Вера Бродниковадан төрт жас үлкен. Ол өрімдей жас кезінен майданға өз еркімен аттанғандардың бірі. Бара салысымен, әскери бүркеме курсынан өтті. Ол жерде дзот, окоп, дот, блиндаждарда озық қорғаныс бекіністерін салуға көмектесті.

Аудан әкімі хал-жағдайын сұрастырып, кейуананың денсаулығы сыр беріп жүргенінен хабардар болды. Қария соңғы кезде ұмытшақ болып кеткенін жасырмады. Осы ретте, дәрігерлердің көмегіне жүгінгісі келетіні де байқалды. Аудандық емхананың дәрігерлері келіп, таяу арада ем-дом жазып беретінін естіген Мария Алексеевнаның көңілі жайланып қалды.

– Мария Алексеевна, сіз біздің ауданымыздағы жалғыз соғыс ардагерісіз. Сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Жақындарыңыз сізді тек қуанышқа бөлесін, — деп аудан әкімі өз тілегін білдірді.

Келбеті тың көрінген әже есте сақтау қабілеті нашарлағанмен, үй ішінде ешкімнің көмегінсіз, өзі бар шаруасын бітіріп алады екен. Мария Матюшина жыл сайын 8-наурыз мерекесін қызы Галина Мосияш және күйеу баласы, немерелерінің ортасында  атап өткенді дәстүрге айналдырған.

 

Өз тілшіміз