Еленген еңбек

Мәслихат депутаттарының шешімімен сонау 90-жылдардағы қиын-қыстау кезеңде ауданымызды басқарған Кенже Кеңесбаевқа «Павлодар ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Аудан әкімі Жанат Шұғаев салтанатты жағдайда төсбелгісін тағып, мәртебелі марапатымен құттықтады. 

Кенже Сәдуақасұлы еңбек жолын 1968 жылы Баянауыл ауданы Жосалы кеңшарында бастады. Әр жылдары Ақсу агроөнеркәсіптік комбинатының, сондай-ақ Павлодар құс фабрикасының бас директоры, Павлодар ауданының әкімі, облыс әкімі іс басқармасының бастығы, Баянауыл ауданының әкімі қызметтерін атқарып келген. Қазіргі таңда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

— Құрметті жерлестер, Павлодар ауданын аз уақыт басқарғаныммен, ол аса қиын кезеңге тұспа-тұс келген еді. Сол жылдары білек сыбана бірге еңбек еткен әріптестерім, құрдастарыммен жүздесу — мен үшін үлкен қуаныш. Ол уақыт әлі күнге дейін есімізде. Осыдан 22 жыл бұрын елді мекендерде айлап электр жарығы болмайтын, бюджет қызметкерлері жарты жылдап, тіпті одан да ұзақ уақыт жалақыларын көрмейтін, ақшаның орнына азық-түлік секілді алғашқы қажеттілікті өтейтін дүниелер берілетін еді, балалар жәрдемақысын жылдап алмайтын, Кеңес Одағы құлдырап, қайта құру кезеңіне аяқ басқан, қайда барып, қалай өмір сүретінімізді білмеген кезең еді… Осынау кезде жұмыс жасап, мәселелерді бірдеңе қылып шешіп, тер төктік, Павлодар ауданында еңбек еткен бір жылымды үш жылға татырлық деп білемін. Сол еңбегімді бағалап, ұмытпай, құрметтеп жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз, мұндай ірі ауданның Құрметті азаматы болу – зор мәртебе, — деді Кенже Сәдуақасұлы.