Есептік жиын

Өткен аптада басталған аудан әкімінің былтырғы жылы атқарылған жұмыс жөніндегі есептік кездесулері ауылдық округтерде толық аяқталып үлгерді. Аудан басшысы «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы ретінде жиын барысында тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берумен ғана шектелмей, әр есептік кездесуден кейін жеке қабылдау жүргізіп, азаматтарды толғандырған мәселелермен танысып, олардың шешілуін өз бақылауына алды. Ауылдық округтердегі есептік кездесулерде тұрғындардан 60-тан аса сұрақ түсті. Олардың негізгі бөлігі бойынша түсініктеме берілген болатын, ал күрделі түйіткілдерді аудан әкімі өзінің тікелей бақылауына алып, қарастыратын болады.

 

Мичурино ауылдық округі

 

Мичурино ауылдық округінің  екі жарым мыңнан астам тұрғыны бар. Былтырғы жылдың соңында Госплемстанция мен Мичурино ауылдары біріктірілгеннен кейін бұл ауылға балабақша қажеттігі әсіресе байқала бастады. Облыс орталығының іргесінде орналасқан ауыл болғандықтан, мұнда қалаға барып жұмыс істейтін азаматтар өте көп. Ал кішкентай балаларды орналастыру үшін қазіргі мектеп жанындағы шағын орталық жеткіліксіз. Осыған дейін де құзырлы мекемелер тарапынан шағын орталықтың орналасуына байланысты жылда сын айтылып келеді. Мектеп ішінде орналасқандықтан, ғимарат тар екені бірден көзге түседі. Сондықтан да, мұнда мектепке дейінгі тәрбие беру үрдісін толыққанды жүргізу үшін мүмкіндік жоқ. Бұл сайлау учаскесінің депутаты Анна Солдатова есептік кездесу барысында балабақша салу мәселесін көтерді. Бұл жалғыз депутат емес, барлық ауыл тұрғындарының басты тілегі екендігі жиынға қатысушылардың құптаған дауыстарынан да аңғарылды.

Аудан басшысы бұл мәселенің шешілуі үшін биылғы жылы біраз жұмыс жоспарланғанын атап өтті. Алдыменен, болашақ бала- бақшаның салыну орны бекітіледі, жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Әрине, бұл бір күнде бітетін іс емес, дегенмен, облыс әкімдігі тарапынан қолдау болса, алдағы жылдары Мичурино ауылында балабақша ашылуын күтеміз.

 

Кемеңгер ауылдық округі

 

Жергілікті тұрғындардың аудан басшылығымен кездесуі Кемеңгер ауылының Мәдениет үйінде өткен болатын. Былтырғы жылы атқарылған жұмыс ауқымымен ауылдық округ әкімі Асылбек Вакпаев таныстырды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту – Еңбек» бағдарламасына белсенді қатысып, елдімекенге оңтүстіктен бірнеше отбасы көшіп келіп, ауылдың білім беру, денсаулық сақтау саласы қалыпты дамып келеді. Алты тұрғын 250 500 теңге көлемінде берілетін грант иегері атанса, 505 000 теңгелік грантты 13 азамат ұтып алып, өздерінің кәсібін ашып, нәпақа тауып отыр. Ауылдық округтің жеке кәсіпкерлері дүкен ұстап, мал өсіреді. Ауылда төрт әлеуметтік жұмыс орны ашылып, жеті адам жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеуде, 15 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды. Былтырғы жылы 25 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған болса, олардың үшеуі жұмысқа орналасып, екеуі оқыту курстарына қатысып, білімін жетілдірген. Дегенмен, бұл ауылда әлі де өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың заңдастырылуы ақсап тұр. Бұл түйіткілді аудан басшысы Жанат Шұғаев та атап өтті.

–         Бүгінде жұмыс табу үшін көп мүмкіндік бар. Арнайы бағдарлама арқылы грант немесе шағын несие алып, қайтадан оқып, өз кәсібін бастап жатқан жандар көп. Біз барлық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға өз істерін заңдастыруы қажет екендігін ескертеміз. Сіздердің округтеріңізде 130 адамға жуық әлі заңдастырылмаған. Ауылдық округ әкімі мен атқарушы органдарға бұл бағыттағы жұмысты әлі де жалғастыру керек. Сондай-ақ, бұл алдымен тұрғындардың өздеріне керек екендігін түсіну керек. Бұл олардың еңбек өтілімен тікелей байланысты, жылдар өте келе ол сол адамның зейнетақысының есептелуіне де әсер етеді, – деп, түсіндірді Жанат Рашитұлы.

Ауылды көркейту бойынша ауқымды жұмыс атқарылғаны байқалады. Жарықты үнемдейтін шамдар орнатылып, шағын футбол алаңы жөнделді, Красноармейка мектебінің алдында қырлы кеспе төселген, 210 терек көшеттері отырғызылып, ауылдың стеласы жаңартылды.

Десек те, өткен 2019 жыл Кемеңгер ауылы үшін тарихи болып, есте сақталары анық. Өйткені, байырғы ұсқынсыз «Красноармейка» атауы ауыстырылып, бұл елдімекенге жаңа лайықты атау бұйырған болатын. Бұл ауылдың ұлтжанды азаматтары, халық қалаулылары мен атқарушы биліктің бірге бастаған ісінің жемісі болды. Енді атауына сай әдемі ауыл стеласы күндіз де, түнде де жарқырап, көз қуантады.

Ауылдық округті дамыту жоспарында екі тұрғын үй салу көзделуде. Бұл үйлер оңтүстік өңірлерден «Еңбек» бағдараламасы бойынша көшіп келетін отбасыларға берілетін болады. Сондай-ақ, бұрынғы лабораторияны өңдеп, орнына 250 балаға арналған бастауыш мектеп ашылады. Кемеңгер ауылында спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, Шаңды ауылының кіреберіс жолын жөндеу, Красноармейка мектебі мен осындағы Мәдениет үйін жөндеу жоспарлануда.

 

Шақат ауылдық округі

 

Шақат ауылдық округінде былтырғы жылы тұрғындар көтерген мәселелер шешімін тауып, Шақат-Заозерное тас жолы жөнделіп, клубқа жаңа музыкалық аппаратура сатып алынып, шағын футбол алаңына жарық өткізіліп, Маралды ауылы тұрғындарының өтініші бойынша аялдама қойылған болатын. Алайда бұл қойылған аялдамада бір гәп бар екені анық. Өйткені, ауылдық округ әкімі Базарбай Әбиевтің есебі аяқталысымен, ауыл тұрғыны Сәуле Қалиева орнатылған аялдамаға өзінің наразылығын айтып, шағымданған болатын.

–         Аялдаманы төменге қойып қойған. Ондай жерге қоя ма екен? Енді аялдаманы қар басып жатыр. Басқа да ыңғайлы орындар бар еді ғой? Біз күнде қалаға барамыз, оның қазіргі тұрған жері мүлдем жарамайды, – деп, Сәуле Қалиева өкпесін жеткізді.

Бұл ауылдық округтің жиі сыналатын тағы бір себебі – «Еңбек» бағдараламасы бойынша белсенділік танытпай келеді. Былтырғы жылы округке сегіз адам көшіп келуі тиіс болса да, жоспар іске аспай, тек сөз жүзінде қалған болатын.

Округ әкімі Базарбай Әбиев биылғы жылға жоспарланған жұмыспен таныстыра келе, жергілікті кәсіпкер су қоймасын кеңейтпек, балық аулаушыларға жағдай жасап, айналасын абаттандырумен айналысатынын жеткізді. Сондай-ақ, «Turkey-PVL» салып жатқан күркетауық фермасының іске қосылуы жоспарлануда. Бұл жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық округтің дамуына серпін береді деген үміт бар. Биыл Шақат-Заозерное тас жолының жөндеуін толық аяқтау көзделуде және жарық үнемдеуші шамдар орналастырылып, жарықтандыру мәселесіне көңіл бөлінеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен есеп беру кездесулері жалғасуда. Осы аптада аудан әкімінің ауылдық округтердегі есептік кездесулері толық аяқталып, 31 қаңтар күні Кемеңгер ауылында өтетін қорытынды есептік кездесуге дайындалуда. Сонымен, ауылдағы кездесулерде қандай мәселелер сөз болды және тұрғындарды толғандырған түйіткілдерді шешу үшін не істелмек?

 

Кеңес ауылдық округі

 

Есептік кездесу Новоямышево ауылының Мәдениет үйінде өтті. Ауылдық округ әкімі Ақылбек Бердыханов тұрғындарды 2019 жылы атқарылған жұмыс ауқымымен таныстырып, биылғы жылға жоспарланған істермен таныстырды.

Ақылбек Түсіпбекұлының айтуынша, округте 611 үй бар, оның тең жартысы мал ұстайды. Бұл негізінен қой мен ешкі, сиыр, жылқы және тауық.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының II бағыты бойынша 16 қатысушы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша бес адам білім алды, тағы үш азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 100 АЕК (252500 теңге), 10 адам 200 АЕК (505000 теңге) мөлшерінде грант алды. Берілген гранттардың жалпы құны төрт млн. теңгеден асады, — деп, атап өтті ауылдық округ әкімі.

Былтыр көшені жарықтандыру шамдары ауыстырылып, 60-ы жаңартылған. Сондай-ақ, 30 энергия үнемдейтін шам орнатылған. Новоямышево ауылының кентішілік жолдарына орташа жөндеу жүргізілген. Округ бойынша 200 ағаш пен көшет отырғызылған. Мамыр айынан бастап Новоямышево ауылындағы су құбырын пайдалануға берілді. Нысан қарашадан бастап «Ауылсу» ЖШС сенімгерлік басқаруға берілген.

Кеңес ауылдық округінің тұрғындары аудан әкіміне және округ әкіміне өз сұрақтарын қойды. Жамбыл Ахмадиев «әкімшілікке қашан жөндеу жұмыстарын жасайсыздар?» деген сауал қойса, балабақша әдіскері Гүлмира Карамбаева балабақшаға акт залын құрып беруге, ал сол балабақшаның күзетшісі жұмыскерлерге арналған бөлме салып беруін өтінді. Ауыл тұрғындары бір ауыздан зират басын қоршап беруін сұрады. Әкім мырза барлық сұрақтар бойынша жауап берді, сауалдар бойынша оң шешім табылатынын айтты.

 

Заря ауылдық округі

 

Жиын барысында көптеген мәселелер мен алдағы уақытта жасайтын жоспарлар айтылды. Қазіргі уақытта Заря ауылдық округінің аумағына кіретін төрт елді мекен тұрғындар санын атап өтсек, Заря ауылы – 1407 адам, Подстепное ауылы – 270 адам, Бірлік – 440 адам және Жертұмсық ауылы тұрғын саны – 225 адам. Ауылдық округ халқының жалпы саны 2020 жылдың 1 қаңтарына 2342 адамды құрайды.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, аудандағы барлық мектептерде 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтандырылатын болды. Заря орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары – барлығы 172 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған, сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың 54 оқушысы тегін түскі аспен қамтылған.

Өткен кезең ішінде жазда мектептің барлық терезелері жаңа пластик терезелерге ауыстырылды, акт залына күрделі жөндеу жүргізілді, Т.С.Рымжанов атындағы мектеп мұражайы жабдықталып, мектеп ауласы қырлы кеспемен төселді.

– Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, мұнда ауданымыздың үздік дәрігерлік амбулаториясы жұмыс істейді. Заря ауылдық округінде жыл сайын балалар саны артып келеді. Бұл ауыл қалаға бір табан жақын болғандықтан, шалғайдағы елдімекендерден жас отбасылар көшіп келіп, Заряда тұрақтап қалады. Былтыр мұнда 39 нәресте дүниеге келген. Жергілікті дәрігерлер елордада өткен рес-публикалық «Үздік отбасылық амбулатория» байқауына қатысып, 1 орын иеленіп, 500 мың теңгелік  сертификат ұтып алды, — дейді ауылдық округ әкімі Капанов Рустам.

Былтыр ауылдық округке бес отбасы қоныс аударған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша аталған тұрғындарға жұмысқа орналастыру, балаларын мектепке, бала бақшаға орналастыруға көмек көрсетілген және көмір бөлінген. 2019 жылы «Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша 47 адам жалпы сомасы 959,9 мың теңге материалдық көмек алған.

Округ бойынша жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдар-ға арналған мемлекеттік бағ-дарламасының «Жаппай кә-сіпкерлікті дамыту» ІІ бағыты бойынша: округтен 13 қатысушы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Он азамат «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқудан өткен. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін төрт адам 252 500 теңге көлемінде және 12 адам 505000 теңге көлемінде мемлекеттік грант алған.

Жергілікті тұрғындар құлшылық жасау орнын, яғни мешіт салу мәселесін көтерген болатын. Бұл мәселе бойынша құлшылық орнын ауыл тұрғындары өздері кеңесе отырып шешуге тиіс немесе демеушілердің көмегімен салуы керек екендігі түсіндірілді.

Жертұмсық ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Раушан Ракишева:

–         Тұрғындардың көпшілігі қалада жұмыс істейді және үйге кеш ораламыз. Бізге трассадан ауылға дейін көше жарығын орнатуға бола ма? – деп өтінген болатын.

Аудан әкімі мәселені қарас-тыратынын, алайда бұл күрделі жұмыс екенін айтты.

Одан бөлек, аудан басшысы барлық қойылған сұрақтар қарастырылып, күрделі мәсе-лелерді өз бақылауына ала-тындығын атап өтті.

Есептік кездесулерден соң «Nur Otan» партиясының төрағасы, аудан әкімі азаматтардың жеке қабылдауын өткізіп, тұрғындардың көкейінде жүрген түйіткілдерді тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Ауылдық округте биылғы жылға жоспарланған жұмыс ауқымы аз емес: оның бірі су құбырының құрылысын аяқтау болса, екіншісі екі пәтерлік екі үй салу көзделген. Сондай-ақ, Заря ауылдық округінің әкімшілік ғимаратын күрделі жөндеу, жеке тұрғын үй құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, Заря ауылында  толық көлемді футбол алаңын салу да жоспарда бар. Сонымен қатар, Подстепное өзенінің арнасын тазалау, «Еркежан» сәбилер бақшасының ауласын абаттандыру, 1,5 км ауылдың ішкі жолдарын жөндеу, Бірлік және Заря ауылдарының арасындағы жолдардың орташа жөндеуіне жобалық-сметалық құжаттама дайындау, ауыл клубының ғимаратына ағымдық жөңдеу жасау істері 2020-2022 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енді.

 

Ольгинка ауылы

 

Ауданымыздың, әр елді мекенінің тыныс-тіршілігін то-лықтай қамтыған осы іспетті есептік жиындардың жалғасы Ольгинка ауылында да өтті. Ауылдық округте былтырғы жылы атқарылған жұмыс турасында жергілікті әкім Дәурен Ермек таныстырып өтті.

Бұл ауылдың «Ертіс» атты іргелі шаруа қожалығы асыл тұқымды малды дамытумен айналысады. Мұнда былтырдан бері ірі инвестициялық жоба іске асуда: 445 млн.теңге сомасына 800 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы салынуда. Кәсіпорын Чехиядан 109 бас симментал тұқымды мал сатып алған. Ал, сүт дайындаумен «Ольгинка» ЖК айналысады, «МолКом» зауытымен тығыз жұмыс істейді. Есептік кезеңде 590 тонна сүт өндірілген.

Тұрғын-үй коммуналдық- шаруашылық саласы бойынша айтатын болсақ, есептік кезеңде Новоямышево-Ольгинка автожолының 7,6 км орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмысына 147,8 млн.теңге жұмсалды. Сондай-ақ, шамдарды ауыстыру және көшені жарықтандыру шамдарын орнату жұмыстары жүргізілді. 30 шам ауыстырылды және 20 шам орнатылды. Бүгінгі күні ауылда жарықтандыру деңгейі 85,7% құрайды. Ақтау, сырлау жұмыстары жүргізіліп, балалар-ойын алаңы боялып, қураған ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілді.

–         Ауылда қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп мақсатында үш көшеде бейнебақылау камерасы орнатылды. Ауылда осы уақытта бес қылмыс тіркеліп, төртеуі ашылған, — дейді Ольгинка ауылының әкімі.

Ауыл әкімі Ермек Дәурен 2020 жылғы ауылды дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттарын атап өтті. Оның ішінде су құбыры мен су құбыры құрылыстарын жөндеу; спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізу; ауыл аумағын тазалау және абаттандыру, пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтау және мемлекеттік меншікке қайтару, көше жарығын жаңғырту, шамдарды энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру көзделуде.

Ауыл тұрғыны еңбек мұғалімі Петр Беламазов мектеп территориясына жол жұмыстарын жасау керектігін айта кетті. Студент Серік Дидаров Ольгинка ауылы бойынша автобус жұмасына бір рет қана жүретіндігін айтып, қала мен ауыл арасында қатынау қиын және автобус толып, билеттер болмайтығын айтып, қосымша рейстер жіберілуін өтінді. Аудан әкімі Жанат Шұғаев қазіргі уақытта қоғамдық көлік жұмысына такси жүргізушілері бөгет болып, олардың кө-бі еңбек қатынастарын заңдастырмайтындығын атап өтті. Бұл мәселе бақылауға алынып, жеке кәсіпкер болып тіркелмеген таксистер анықталып жатса, жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Ауыл клубының мәдени ұйымдастырушысы Наталья Пучек балалардың сахналық костюмдерін жаңартуды өтінді. Аудан басшысы бұл мәселе таяу арада шешіліп, жаңа костюмдерге қажетті қаражат бөлінетіндігін айтып, тұрғындарды бір қуантты.

Көпбалалы ана Кәмшат Иманкулова үйінің жанына қар жиналып қала беретіндігін, оны жинайтын адам жоқтығын айта кетті. Аудан әкімі әкімшілікке қарды жинауға қаражат жағы жетпей жатса, қосымша ақша бөлетінін жеткізді.

 

Заңғар ауылдық округі

 

Заңғар ауылындағы есептік кездесуде ауылдық округ әкімі Руслан Сманов атқарылған жұмыспен таныстырып, елді-мекенде жарықтандыру жүйесін жөндеу жасалып, 74 жарықты үнемдейтін шам ауыстырылып, ауылды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қоқыстан тазартылғанын атап өтті. Ауылда 16 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, жұмыс іздеген 65 азаматтың жартысы екі қолына бір күрек тауып, бірі кәсіп ашса, екіншісі жұмысқа орналасты.

Биылғы жылы балалардың шағын орталығы үшін мектепке жапсарлас қылып, қосымша бөлмелер салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау жоспарлануда. Заңғар шағын ауыл болғанымен, балалар саны өсіп келетіні қуантады. Демек, оларды мектепке сапалы дайындау үшін шағын орталықтың кеңірек болғаны дұрыс. Сондай-ақ, Коряковка ауылының кіреберіс жолы мен саябақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Ауылдық округтегі қылмыстың алдын алу мақсатында екі бейнебақылау камералары орнатылып, учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы жеңілдейтін болады.

Аудан басшысына өз өтініштерін арқалап келген ауыл тұрғындары алдымен Заңғар-Павлодар ба-ғытындағы автобустың жүруін ұйымдастыруды өтінді. Алайда, экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Серік Бөлемісов бұл мәселені шешу соншалықты оңай іс емес екендігін түсіндірді.

— Жылда біз тендерді жариялағанда, Заңғар-Павлодар бағытын тасымалдауға ешкім қызығушылық білдірмейді. Өйткені, тұрғындар саны аз болғандықтан және үлкен тас жолдан кейін ауылға дейін үш шақырымдай жол жүру керек деп, қиынсынатын көрінеді. Дегенмен, тағы да тасымалдаушылармен сөйлесіп көрейік, – деп, мәселені бақылауға алатынын атап өтті.

Аудан басшысы Заңғар ауылының теннисшілерінің бірнеше дүркін чемпион атанғанын мақтан тұтатынына тоқталып, спортшыларға қолдау көрсету керек екендігін де жеткізді. Жарыстарға қатысып, теннисшілер шеберліктерін шыңдай алуы үшін шамамен бір млн. теңгеге жуық қаражат бөлініп, өзге облыстарға барып, аудан намысын қорғауына жағдай жасалатындығын айтып, тағы бір қуантты.

 

Черноярка ауылдық округі

 

Былтырғы жыл бұл ауылдық округ үшін жемісті болды десек, артық айтпаспыз. Ауылдық округ әкімі Ермек Тақтауыловтың айтуынша, шағын футбол алаңы салынып, Сычевка ауылында модульді қазандық қойылды. Бұл мақсатқа 7,5 млн теңге жұмсалса, балалардың ойын алаңы 2,5 млн теңгеге орнатылды. Осы тектес ойын алаңы Черноярка ауылында да қойылды.

Былтырғы жылы ауылдық округ әкімі бірнеше жыл бойы талай айтылып, жауыр болған қоқыс төгу мәселесін бір-ақ күнде шешіп, қоқыс жәшіктерін орнатып, олардың төгілуін ұйымдастырды. Қатты тұрмыстық қалдықтар мен пластикті жинау үшін екі түрлі контейнерлер қойылып, ауыл едәуір тазарып қалды. Бұл жаңашылдықты аудан басшысы Жанат Шұғаев та құптап, басқа ауылдарға үлгі екенін атап өтті. Жаңачернояркада оннан астам көп қабатты тұрғын үй болғандықтан, бұрын қоқыстар таудай үйіліп, ауылдың көркін қашырған күндер де артта қалды.

Есептік кездесу барысында тұрғындар толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Сұрақтарға аудан әкімі және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбарасы Альмира Дисюпова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Наталия Кузят, экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Серік Бөлемісов, аудандық емхананың бас дәрігері Гүлназ Қайырбаева жауап берді. Әрқайсысы өз саласы бойынша түсініктеме беріп, тұрғындардың арызданған мәселесінің дәл сол жерде шешілуіне жәрдемдесті.

Шаруа қожалығының басшысы Владимир Савченко ауыл шаруашылығы мамандарының тапшылығына назданып, тракторшыларды мектептен дайындау керек деп өтінішін білдірді. Черноярка ауылының орта мектебінде жоғары сынып оқушыларына тракторшылар қосымша теориялық сабақтарда оқытылады. Алайда, оларды арнайы техникаға отырғызып оқыту үрдісі әзірше пилоттық жоба ретінде Заря мектебінде ғана жүзеге асуда. Аудан басшысы кадрларды дайындау ісіне шаруа қожалығы басшылары алдымен өздері әрекет етіп, ауыл шаруашылығына ыңғайы бар балаларды қызықтырып, өзіне жұмысқа тартуы керек екендігін де ескертті.