Ескерткіш маңы — жарық

Ефремовка ауылында халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында құбыр тарту жұмыстары жүруде. Жауапты мердігер компания қызылордалық «Бақ-Береке — 2030» ЖШС жұмыстарға 21 мамырда кіріскен. Жоба құны 768 млн. 981 мың теңге. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ескерген компания өкіл-дері құбыр тартып қана қоймай, Даңқ ескерткіші жанына жарық орнатыпты.

Бригадир Серік Саркенжеевтің айтуынша, 1 Май, Мир, Абай, Лесная көшелеріне материалдар жеткізілген соң, қауырт жұмыс басталған. Қазірде 1 Май көшесінде жұмыстар тәмамдалған.

– Осында үй жалға алып, жұмыскерлерімізбен сонда тұрақтадық. Таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Еңбеккерлердің ауқаттанып алулары үшін екі сағаттық түскі үзіліс беріледі. Қажетті техника мен азық-түлік қаладан жеткізіліп тұрады. Техника өзіміздікі. 20 адам жұмыс жасауда. Жергілікті тұрғындардан бір адам жұмыспен қамтылды, тағы еңбек етемін деушілер болса, мархабат, 80 мың теңге жалақы қарастырылған, – деп бөлісті бригадир Серік Құдайбергенұлы.

Мыңдаған шақырымды құрайтын құбырлар тартылып, құдықтар қазылған соң, олардан тіршілік нәрін үйлерге дейін жеткізетін шағын құбырлар тартылатын болады. Жоба бойынша, мердігерлер тек үйлерге дейін құбыр тартады, әрі қарай, әр аула қожайыны қалтасынан қаражат шығарып, тартқызуы тиіс. Екі жылға шақталған жоба болғандықтан, су жинау бекеті келер жылы салынбақ. Екі ұңғыма арқылы артезиан тереңдігінен жиналған тіршілік көзі (бірі резервтік) сорғылар арқылы жеткізіліп, үш мәрте сүзгіден өткізіледі, осылайша, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылады. Нысанға жұмысшылар қажет болады, демек, жұмыс орындары пайда болады.

Қызмет көрсету нарығында 30 жылдық тәжірибесі бар фирма бұрын көпқабатты үйлер, емханалар салып келген. Сондай-ақ оңтүстік өңірде су құбырларын тартумен айналысқан. Құрылыс жүргізіп келген елді мекендердегі жалғызілікті қарияларға, көпбалалы отбасыларға көмек ретінде, үйлеріне дейін су тартып беріп келген. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ескерген компания өкілдері Ефремовка ауылында да округ әкімі Ардақ Шахматалиновтың өтініші бойынша, ауылдағы Даңқ ескерткіші маңындағы сынған фонарьлар орнына жаңаларын орнатыпты. Бұл жер енді түнгі уақытта жап-жарық. Тұрғындар үшін жасалып жатқан игіліктерге ауылдықтар ұқыптап қараса игі еді.