Жаппай жұмыспен қамтимыз

 

Павлодар ауданының мобильді рекруттік бекеті тұрғындармен жұмыс жүргізе бастады.

Бекет аудандық жұмыспен қамту орталығында ашылған. Орталықтың басшысы Нұрсұлу Тұрлыбаеваның айтуынша, негізгі мақсат – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде жұмыссыз тұрғын-дарды жұмыспен қамту. Ауыл тұрғындары арасында алғашқы түсіндіру жұмыстары Новоямышево ауылында өтті. Онда жұмыспен қамту орталығы, аудандық емхана және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы фи-лиалының қызметкерлерінен құрылған делегация арнайы жолға шықты.

– Біз жұмыспен қамту, «Еңбек» бағдарламасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, сонымен қатар тұрғындардың коронавирустан қорғануға байланысты карантин шараларын сақтау қажеттігі жөнінде әңгімелейміз, – дейді Нұрсұлу Жұматайқызы.

– Біз ауыл тұрғындарын жастар тәжірибесінен, қысқа мерзімді курстардан өтіп, мемлекеттен грант алып, өз кәсібін ашуға несие ресімдей алатындығы туралы ақпараттандырамыз.

Бүгінде Павлодар ауданының жұмыспен қамту орталығы «Еңбек» бағдарламасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы бойынша белсенді жұмыс істеуде. Новоямышеводағы спорттық кешенді күрделі жөндеу жұмыстарында 10 адам еңбек етуде. Ауданның тағы 16 жұмыссыз тұрғынына Кемеңгер және Мичурино ауылдарындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобаларына жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді.

– Жалпы, жыл басынан бастап орталығымызда 220 жұмыссыз тіркеліп, оның 146-сы жұмысқа орналастырылды. Жастар тәжірибесіне 15 адам жіберілді. Ауылдың 92 тұрғыны қоғамдық жұмыстарға тартылған, – деді жұмыспен қамту орталығының басшысы.

Мамыр мерекелерінен соң, мобильді рекруттік бекет қызметкерлері Мичурино ауылдық округінің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.