Жастарға тапсырылды

Красноармейка ауылында күрделі жөндеуден кейін футбол алаңы ашылды. Футбол алаңына жаңа синтетикалық төселім төселіп, қақпалары мықтылап бекітілді. Қазіргі уақытта нысанды ауылдық округ әкімдігі балансына ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Жанат Шұғаев та қатысты. Ол жергілікті жастарды жаңартылған алаңның ашылуымен құттықтап, оны күтіп ұстауларын тапсырды. Естеріңізге сала кетсек, бұл сұрақты аудан әкімінің есептік кездесуінде ауыл жастарының бірі көтеріп, 2013 жылы салынған шағын футбол алаңында әлі де жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігін айтқан еді. Сол кезден бері аудан басшысының тікелей бақылауына алынған бұл мәселе көп ұзамай өз шешімін тапты. Бюджетті нақтылау кезінде қажетті қаражат қарастырылып, алаңды жөндеуге 3 млн. 800 мың теңге бөлінді. 

– Балалар, мұнда спорттық жарыстар өткізіп, дене шынықтырып отырыңдар, әрі алаңды тазалықта ұстаңдар. Спортпен шұғылданатын жастарды біз қолдаймыз. Таяуда осы тектес футбол алаңы Новочерноярка ауылында ашылатын болады. Ендігі жылы Ефремовка ауылына орнатуды көздеп отырмыз. Осылайша, біздің ауданда барлығы 13 шағын футбол алаңы ашылып, барлық жастарға спорпен айналысуға қолайлы жағдай жасалады, – деп аудан әкімі жастарды есте қаларлық шарамен құттықтады.

«ENV LAB» мердігер компаниясы жұмысқа бір ай бұрын кіріскен екен. Алдымен олар қоршауларды бүтіндеп, жөндеу жұмыстарын жүргізді, одан кейін жаңа төсемемен жауып, оны бұрынғысынан әлдеқайда сапалысына ауыстырды. Қақпаларды мықтап бекітіп қойды.

– Мұнда біз сапалы төсеме жаптық. Шамамыз келгенше, ұятқа қалмайық деп, жұмысымызды жақсы орындауға тырыстық. Одан бөлек, өз тарапымыздан жастарға сыйлық болсын деп, жергілікті футболсүйер жастарға 10 дана футбол формасы мен доп сыйға тарттық, – деп мердігер өкілі Роман Евсеев сөз алды.

Жас аяқдопшылар су жаңа форманы киіп көруге асық болды. Тура сол бойда алаңда жастар арасында футболдан достық кездесу өтті.