Жастар форумы

Розовка Мәдениет үйінде Павлодар ауданы жастарының форумы өтті. Бұл шараға жүзден аса адам қатысып, шақырылған қонақтар ішінде аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сағандықов, «Jas Otan» ЖҚ төрайымы Санира Жүсіпова болды.

Мінбеде сөз алған Нұрболат Озыханұлы құлақ түрген жастарға Мемлекет басшысының бастамалары жөнінде мағлұмат беріп, Жастар жылының ашылуында сөз етілген «Болашақ», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» сынды бағдарламаларды да тілге тиек етті. Мемлекет тарапынан жастарға көрсетілетін қолдау баршылық. Соның бірі 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттердің бизнес-идеяларын жүзеге асыруға берілетін қайтарылмайтын мемлекеттік грант. Осы ретте, Нұрболат Озыханұлы жастардың бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, барынша іске кірісуге шақырды.

Форум барысында ауданымыздың қадамдары сәтті жастары өз тәжірибелерімен бөлісіп, қатарластарына ақыл-кеңестерін айтты. Мысалға, «Жаңа қала» ШҚ» ЖШС директоры, өңіріміздің ең жас кәсіпкері Ардақ Қажат, Лондандағы «Golden taim» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған, Надежда Капец, қазақша күрес бойынша Қазақстанның екі дүркін чемпионы Еламан Асылбеков, «Серпін» бағдарламасы арқыры Павлодарға қоныс аударған жас ұстаз Әкежан Райымбек үлкенге – мақтаныш, қатарластарына – үлгі болғандығын айту керек.

Форумның соңында жалынды жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа қала» ШҚ» ЖШС ұйымдастыруымен 26 наурызда өтетін «Бизнес ментор» уәждеме алаңына шақырылды. Бұл жерде жастар сәтті болудың қыр-сырын біліп, бәсекеге қабілетті болу, өз бизнесін қалай дамыту керектігі туралы, бизнес-жоспар құру құпиясын ашады.