ЖАҢА БАҒДАРЛАМАМЕН ЖАҢА ТЕХНИКА АЛДЫ

Мемлекет тарапынан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын дамыту бойынша өңдеуші кәсіпорындар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қолжетімді несие беру үшін 600 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама аясында ауданымызда ағымдағы жылы жүзеге асыру ісі жоспарланған. 20 жобаның 4-еуі бойынша несие ұсынылған. Солардың бірі Ольгинка елді мекеніне қарасты «Маяк» шаруа қожалығы өкілдері, қоймаға арналған жаңа техника сатып алған.

Шаруа қожалықта көкөністерден — картоп, мал азығынан — жүгері, жоңышқа өсіруге баса мән беріліп келеді. Биыл сондай-ақ тәжірибе жүзінде 1 гектар жерге қант қызылшасын еккен. Шығымы жақсы болса, бұл алқапты кеңейту жоспары бар. Аталмыш шаруа қожалықтың атқарушы директоры Еркін Түлебекұлының айтуынша, картоп 830 гектар аумаққа егілген. Негізінен,  «Гала» тұқымы отырғызылған. Сондай-ақ, «Романо», «Артемис», «Импала», «Скарлетт» сынды картоп тұқымдары егілген. Май айында отырғызылған екінші нан атасы шілденің соңында өз жемісін беретін болады дейді Еркін Әлмағамбетов. Жуырда жинау жұмыстары қолға алынбақ. Өнімдерді негізінен Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент секілді өңірлер сатып алса, біраз бөлігі Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне де саудаланады. Қалған өнімдер арнайы қоймаларда қысқа сақталады. Шаруа қожалықтың жалпы көлемі 26 мың тоннаға шақталған көкөніс қоймалары бар. Қалаға қарасты Жаңаауыл елді мекенінде орналасқан қоймаға жуырда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 100 млн. теңгеге жаңа техника сатып алынған. Беларуссиялық техниканың әзірге бір бөлігі ғана жеткізіліпті. Қалған бөлігі әкелінген соң, арнайы мамандар келіп, техниканы жинап, құратын болады. Картопты іріктеп, қалап, буып-түюге арналған су жаңа техника таптырмайтын жабдық. Қожалықта картоп іріктеуге арналған бұдан басқа, Германиялық «Гримме» техникасы да бар. Жаңа болмаса да, жұмысқа жарамды.

Айта кету керек, бүгінде ауданымызда екінші нан атасын жинау жұмысы басталып кетті. Атап өтер болсақ, Черноярка округіне қарасты «Мечта» ФҚ 800 гектар аумақтан 240 центнерден картоп жинаған. Сондай-ақ, ағайындылар басшылық жасайтын «Альянс», «Альтаир» шаруа қожалықтарында да картоп жинау ісі басталып кетті.