Жаңа қаладағы жағымды жаңалықтар

Қос пәтерлі қос баспана

Ауылға кіре берістен қашық емес жерде екі пәтерлі екі баспана салынып жатыр екен. Округ әкімі Виталий Бруцкийдің айтуынша, екі апта бұрын, мамыр айының басында салына бастаған баспаналар құрылысы «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы аясында қолға алынған. Мердігер — жеке кәсіпкер Алтыбай Әбсәлямов. Баспаналар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында еңбек күші мол оңтүстік өңірден жұмыс күші тапшы солтүстікке қоныс аударатын жандарға арналып салынып жатыр. Бүгінгі таңда аталмыш елді мекенде оңтүстіктен көшіп келген төрт отбасы тұрып жатыр. Барлығы да өткен жылы көшіп келіп, баспанамен, жұмыспен қамтылған.

Мұндай қос пәтерлі баспаналар ауданымыздың Заря, Мичурино, Кемеңгер ауылдарында да салынуда.

 

50 орындық балабақша

Григорьевка негізгі мектебіне қарама-қарсы аумақта салына бастаған жаңа нысанда болашақта елді мекен бүлдіршіндері білім мен тәрбиенің тал бесігінде тербелетін болады. 50 балғынға шақталған нысанды округтегі ірі кәсіпкерлердің бірі, «Жаңақала» ЖШС ШҚ басшысы Қайрат Тұрлыбаев өз қаражатына салып, мемлекетке тегін тарту етпек. Телім басшысы Қабиболла Рақышевтың айтуынша, сәуір айының орта шенінде бастау алған жұмыстар тамыздың басында тәмамдалады деп жоспарланып отыр. Нысан аумағы – 390 шаршы метр. Бір қабатты ғимарат заман талаптарына сай тұрғызылуда – ішінде қала балабақшаларының өзінде кездесе бермейтін бассейні де болады. Көптен күткен бұндай игілікке ауыл халқы дән риза. Себебі елді мекендегі білім ошағында 20 балаға шақталған шағын орталық жұмыс жасауда. Бұл әрине, аздық етеді.

–  Бұл қуантарлық жағдай, себебі орын тапшылығы салдарынан балаларын балабақшаға орналастыра алмағандықтан, сеніп қалдыратын жақындары бол-мағандықтан, үйде жұмыссыз отыр-
ған жастар қарасы қалың. Оларға жаның ашиды. Балаларымызды заманауи бақшаға беріп, таза ауыз суға қарық болып, өркениет көшіне ілесетініміз керемет қой! – дейді немерелерін бағып отырған Ақмарал Қабылдинова.

Ал 33 жасар алтын құрсақ ана, жас та болса, алты баланың анасы атанып үлгерген Қымбат Әбішева балаларының алды – 12-де, кенжесі – он айлық. Үш баласы мектепке барса, енді бірі биыл алғаш рет білім ошағы табалдырығын аттамақ. Жас ананың екі бүлдіршіні жақын болашақта жаңа балабақшаға баратынына қуанышты.

Жаңақалалықтар балабақшаның ашылуымен жұмыс орындарының пайда болатынына да қуанып отыр.

 

Су құбыры

Сәуір айының басында басталған су құбыры жұмыстарының құры-лысы бүгінде қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Жоба бойынша келер жылы тәмамдалуы тиіс болған жұмыстар мерзімінен бұрын биыл күзде аяқталуы мүмкін. «Ай-Су Мелиорация» мер-дігер компаниясының телімдерінің біріндегі бригадир Дәурен Қо-нысовтың айтуынша, бүгінгі таңда құбыр төсеу жұмыстарының 70 %-ы аяқталып, негізгі жұмыстар тәмамдалуға жақын, бұдан кейін су сорғыш станциясының құрылысы қолға алынбақ. Екі телімнің әрбірінде бір техникадан жұмыс жасауда, тағы бір техникамен асфальт тесу жұмыстары атқарылуда. Жұмыстарға жауапты компания өкілдері елді мекенде қалашықтарын жайып, контейнерлерін орнатып, осында тұрақтапты. Карантин талаптары қатаң сақталып отыр. Жұмыстарға жаңақалалық екі тұрғын да тартылыпты.

Әзірше елді мекен тұрғындары 2004 жылы салынған КБМ-нен (кешенді блок-модуль) алынған суды пайдаланып келеді.

— Таза ауыз су болғанымен, екі шақырымға созылған елді мекеннің орталығындағы КБМ-ге әсіресе, қыста әрлі-берлі жүріп, тіршілік нәрін тасу да оңай емес. Әзірше тіршілік нәрінің 1 литрге шаққандағы құны қандай болатыны белгісіз. Мысалы, округ орталығы Набережное ауылында үйге дейін тартылған ауыз судың 1000 литрі 30 теңге, яғни бір литрі 33 тиынды құраса, ал Жаңақалада КБМ-нен алынған судың литрі – 1 теңге. Жұрт мұны қымбатсынады, әрине, –  дейді округ әкімі Виталий Леонидович.

Округ әкімін көрген ауыл тұр-ғындары жиналып, сауалдарын қоя бастады. Себебі мердігер фирма өкілдері әр үй маңына дейін ғана құбыр тартады, әрі қарай үйлеріне құбыр тартып, су өткізу үшін әр түтін қожайыны өз қалтасынан қаражат шығаруы тиіс. Бұған қанша қаражат қажет және жұмыстар қашан қолға алынады деген секілді бірқатар сауалдар қойылып жатты. Әкім бұл жеке аумаққа қатысты болған соң, әр аула тұрғындары өздері мамандармен келісу арқылы атқарылатын іс десті.

Бұрын Набережное ауылында тұрған Анар Нұрғазинова соңғы 12 жыл бойы елді мекендегі Центральная көшесінде тұрады. Тір-шілік нәрін өз көліктерімен Ертіске барып, флягаларға толтырып алып келіп жүруге тура келген. Бұл біршама қиындық тудыратыны рас. Әсіресе қыста қиын, көктемде су кірлеп, оны тұндырып, тазар-туға тура келген, осылайша қолай-сыздық туғызған. Енді көп ұзамай, әр үйде таза ауыз су пайда болатынына қуанышты:

– Үйге дейін су өткізілсе, қандай ғанибет! Ішуге де, кір жууға да, мал суаруға да жеңіл болар еді. Бұл өркениет белгісі ғой, – дейді.

Иә, «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» демекші, алтын бесік ауылдарымыз көркейе бергей!