Жеңістің жемісі

Аудан әкімі Жанат Шұғаев ҰОС ардагерлерін, аудан тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтау үшін Набережное ауылына жол тартты. Мәңгілік полк шеруі Чернорецк №2 мектебінен ауылдағы Даңқ ескерткішіне дейін жүріп, жас жеткіншектер соғыста қаза болған аталарының бейнесін ұмытпай, ерлігін ұлықтайтындығын көрсетті. Бұл күні ескерткіш маңына ертеден жиналған ауыл тұрғындары мен қаладан келген қонақтар қан майдан жылдарын еске алып, енді соғыстың болмауын тіледі. Осындай шараларда кездесіп, қауышып қалатын ағайын, туған жеріне келіп, Жеңіс күнінде дүниеден өткен аталарын еске алады. Мәңгілік полк шеруі Даңқ ескерткішіне жеткенінен соң, салтанатты митинг басталды. Жиналған қауымды Жеңістің 74-жылдығымен аудан әкімі құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

– Жауынгерлеріміздің Ұлы Отан соғысындағы батырлығы мен ерлік істері халық есінде мәңгілік қалады. Жеңіс күні барлығымыз үшін айырықша қымбат, қасиетті мереке. Бұл сол соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес, ол соғыста жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмай, еліміздің берік қорғанындай болып қалған арыстарымызды еске алатын күн, – деп Жанат Рашитұлы сөзін ардагерлерге арнады.

Набережное ауылының тумасы, «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыт-жамал Максилова да 9 мамыр — Жеңіс күнінде туған ауылына арнайы келеді. Осы жерден соғысқа аттанған туғандарын еске алып, ол да ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Чернорецк №2 мектебімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетін Бақытжамал Шаханқызы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге өз үлесін қосуда.

Көпшілік бір минут үнсіздікпен Ұлы Отан соғысында қаза болған туған-туыстарын еске алды. Әр отбасының өмірінде ойып тұрып, өшпес ізін қалдырған сұм соғыста бір емес, бірнеше жақынынан айырылғандар қаншама… Олардың бірі Маслацов және Шмаргай отбасылары. Туған жеріне жеңіспен оралғандардың бірі Жаңа қалалық Уахит Темірбаев болатын. Көп жылдар бойы ол соғыстан кейін ауыл шаруашылығында еңбек етіп, еліне адал қызмет еткен абзал ақсақал еді.

Концерттік бағдарлама Елдана Дүйсенова, Ризабек Сапаров және «Черноярочка» мен «Луганочка» шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтті. Әскери форма киген өнерпаздар соғыс жылдарын көзге елестетіп, жүрекке тиер патриоттық әндер шырқады. Көпшіліктің көңілінен шыға білген Луганск ауылының «Забава» би тобы да тамаша өнер көрсете білді. Концертке Набережное ауылының балабақшасы мен мектебі де қатысқан болатын. Бүлдіршіндер әскери би билеп берсе, оқушылар патриоттық ән орындады.

Өз тілшіміз