Жолдар жөнделуде

Аудан әкімі Жанат Шұғаев кеше Ольгинка ауылына жасаған жұмыс сапары барысында осындағы тас жолдың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бүгінде мердігер жұмысқа кірісіп, жөндеу жұмыстарын шілдеге дейін толық аяқтауды жоспарлауда.

Павлодар ауданы тұрғын-үй, коммуналды шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Бөлемісовтың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары алғашқылардың бірі болып, Ольгинка және Новоямышево бағытында жүргізілуде. Бірнеше жыл қатарынан Ольгинка жолы біртіндеп жөнделіп келеді. Биыл 7,63 км жолға жаңадан асфальт төселеді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 147 млн. 819 мың теңге жұмсау көзделуде. Жөндеу жұмыстарын жүргізуші мердігер «ТОО АВМ-98» бір километрден астам жаңа тас жолын салып үлгерді. Одан бөлек, маусым айынан бастап, Новоямышево ауылының Қонаев, Байтұрсынов, Тәуелсіздік және Пушкин көшелерінде 1,8 км жуық тас жол жөнделмек.

Мердігер «АВМ-98» бригадирі Ваган Восканянның айтуынша, Ольгинка тас жолында басталған жөндеу жұмыстарын он адам жүргізеді. Жұмыс сапалы орындалуы үшін барлық қажетті техника көздері: асфальттөсегіш, жүк тиегіш, камаздар және су тасушы машина жұмылдырылған.

Сычевка ауылының да кіреберіс шақпатасты жолын жөндеу бойынша конкурс аяқталуға жақын. Бұл сұрақты жергілікті тұрғындар аудан әкімінің есептік кездесуінде көтерген болатын. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 11 млн. 600 мың теңге бөлінген, алдағы уақытта 1 км 430 м жолды жөндеу жоспарлануда.

Одан бөлек, сакралды орындар тізіміне енген Үміт апа ауылының тас жолы да биыл қалпына келтіріледі. Ойлы-қырлы жолдың екі шақырымы жаңартылатын болады. Республикалық және облыс  бюджеттерінен Үміт апа ауылының жолын жөндеуге 28 млн. теңге бөлінген.

Жалпы, Павлодар ауданында 125,8 шақырым жолға асфальт төселінген, ал 76,3 шақырымы топырақты-шақпатасты болып бөлінеді.

 

 

Дарига АБАЙ