«ЖЫЛ ЖАНАШЫРЫ» АНЫҚТАЛДЫ

Кеше, Новочерноярка ауылының Мәдениет үйінде, аудандық «Жыл жанашыры» байқауының қорытындылары жария етіліп, жеңімпаздар құрметтелді.

 

Аталмыш байқау Республикалық «Жомарт жүрек» байқауы аясында аудандық ішкі саясат бөлімі және «Павлодар облысының Қазақстан Жастар конгрессі» қоғамдық қорының бірлескен қолдауымен өткізілді. Айта кету керек, «Жыл жанашыры» атағы туған өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан меценаттарға, белсенді тұлғаларға, бизнес-құрылым өкілдеріне, еріктілерге және түрлі ұйымдарға табысталатын марапат.

Байқауға ауданымыздың 8 белсендісі қатысты. Солардың ішінен Мичурин ауылының кәсіпкері, мәслихат депутаты Анна Солдатова топ жарып шықты. Биснес-вумен 2010 жылы елді мекенде дүкен, нан-тоқаш өнімдерін шығару бойынша цех ашқан. Дүкенінде әлеуметтік маңызды тауарларға 10 %-ға дейін ғана үстеме қарастырылған. Зейнеткерлерге 10 % жеңілдік жасалады. Белсенді жан әрдайым демеушілік, қайырымдылық істермен айналысады.

Құрметке лайықтылар қатарынан Черноярка ауылдық округінің «Леоненко» ШҚ басшысы Вячеслав Леоненко да табылды. «Мектепке жол» республикалық акциясы, «Қамқорлық» қайырымдылық шарасы, балаларды қорғау күні, т.б. игі шараларға белсенді үн қосып келетін жан, өткен жылдың желтоқсан айында Черноярка жастарына хоккей кортын тарту еткен. Хоккей фанаты бұл сыйға 6 миллион теңгесін жұмсаған екен.

Ефремовка ауылдық округінің «Жерге бақ сыйла» қоғамдық қорының төрағасы Юрий Гашек та үздіктер қатарынан табылды. Белсенді жан «Қоғамдық тәлімбақ» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба аясында өз қолдарымен өсіретін жас талдарды экологиялық бағыттағы түрлі жобаларға тегін үлестіріп келеді. Өзге де бастамаларын жүзеге асыру барысында, ол ешқандай коммерциялық бағыт пен табыс табуды көздемейді.

Бұл жандар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Малика Қалиеваның қолынан Диплом мен ақшалай сыйақы алып, қошеметке бөленді. Жомарт жандар сыйақыларын қайырымдылыққа арнайтындарын айтып жатты. Сондай-ақ, байқауға қатысқан «Колесник» ЖК басшысы Вячеслав Колесник (Рождественка а.о.), «Рүстемова» ЖК басшысы Софья Рүстемова (Красноармейка а.о.), «Ткачук» ШҚ басшысы Сергей Ткачук (Рождественка а.о.), Ольгинка ауылының ардагерлер кеңесі төрайымы Лидия Луб, Мичурин ауылдық округінің кітапханашысы Алтынай Сесерхан Алғыс хаттармен марапатталды.

Марапат иелеріне «Черноярочка», «Задоринки» ұжымдары патриоттық, көңілді әндерін арнап, жергілікті оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері өлең мен биден шашу шашты.

Елі, жерінің көркеюіне, ауылдастарының әл-ауқатының артуына өз үлестерін қосып жүрген осындай атпал азаматтар аман болғай, көп болғай демекпіз!