Жүрегі жомарт жан

Таяуда облыстық «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ-де өңір кәсіпкерлері мен тұрғындары арасында өткізілген облыстық «Жомарт жүрек» байқауының марапаттау салтанаты өтті. Әр ауданнан жиналған қайырымды жандар құрметке бөленіп, облыс әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың қолынан марапат алды. Солардың қатарында ауданымыздың жүрегі жомарт өкілі Анна Солдатова болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жыл бойы «Жомарт жүрек» байқауы өткізіліп келеді. Өз ауданының, ауылының шын жанашырлары болып жүрген сіздердің арқаларыңызда ауыл- аймақтарымыз көркейіп, мұқтаж азаматтарымыздың қажеттіліктері өтелуде. Сондықтан да, біз сіздерді өзгелерге үлгі етіп, «Жомарт жүрек» марапатына лайық деп таптық. Басқа да кәсіпкерлеріміз, қарапайым азаматтарымыз жомарттықтарын танытып, елі мен жерінің көркейе түсуіне үлестерін қосатынына сенім артамыз. Қоғамымызда жасаған игі істерін жария еткісі жоқ азаматтарымыз да жетіп артылады. Алайда, осындай сыйақылар, марапаттар арқылы көңіл бөліп, көмек беруден тайынып қалмайтын өзге азаматтарымызды ынталандыруды көздеп отырмыз, — деді жомарт жандарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Мичурин ауылдық округінің шағын кәсіпкері, ауданымызға, қала берді облысымызға танымал Анна Солдатованың екі дүкені, наубайханасы, кулинариясы бар. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда, оларға зейнетақы жарналары, барлық әлеуметтік төлемдер төленіп отырады. Жұмыскерлерінің дені бұрыннан бері бірге істеп келетін жандар. Себебі Анна Ильинична оларға екінші аналарындай қамқорлық танытып отырады.

— Менің түйгенім – адамдарға өз жылуыңды сыйлаған сайын, материалдық көмек көрсеткен сайын ол еселеп қайтып отырады екен. Жақсылық жасауды жаным қалайды, бұл маған ләззат береді. Ауылдық округімізде өзім ғана емес, өзгелер де бай-қуатты өмір сүрсе екен деймін, сондықтан, мен әрдайым мектепке, зейнеткерлерге, маған жүгінген барлық жандарға қолдан келген көмегімді жасауға тырысамын, бүгінгі «Жомарт жүрек» марапаты осы қайырымдылықтарым үшін ұсынылып отырған кезекті құрмет деп білемін, бұдан соң да бұрынғы қалпыммен меценаттық жасай беремін, — деп бөлісті жүрегі жомарт жан.