Заманауи сүт-тауарлы фермасының құрылысы басталды

Павлодар ауданына қарасты Григорьевка ауылдық округінің Жаңа қала елді мекенінде 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы басталды. Аллаға құлшылық жасап, әр ісін «бисмилләмен» бастайтын «Жаңа-қала» ШҚ ЖШС қожалығының басшысы Қайрат қажы Тұрлыбаев ферма құрылысы бой көтеретін жерге игі жақсыларды шақырып, дұға-тілектер жазылған капсуланы іргетасына қалады.
Осыдан 20 жыл бұрын шаруашылығын ашқан басшы бүгінде жеткен жетістіктерімен шынымен-ақ мақтана алады. Қожалықтың екі мыңға жуық қара малы бар, оның бір мыңға жуығы сиыр, алты жүзден асасы сауынды сиыр. Күнара 8 тоннадан аса ақ өндіріліп, сүт зауыттарына тапсырылуда.
— Көрші елдерден біздің жерімізге келіп тірлік қылып жатқан өзге ұлт өкілдерінен біздің неміз кем? Біз де біршама шаруаның басын қайыра аламыз. Ертең ұрпағымызға қалдыра алатын құнды дүние жасау парыз. Аталмыш заманауи сүт-тауарлы ферма құрылысы соның дәлелі болмақ, — дейді Қайрат Қажатұлы.
Екі жылдан бері жүгіріп, барлық мәселелерін шешкен соң, үлкен жобаның құрылысы қолға алынып отыр. Бұл ретте, айта кету керек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1 млрд. теңге көлемінде несие бөлінген. Мердігер компания – «НТП-ПВ» ЖШС. Сүт-тауарлы ферма заманауи германиялық технология бойынша салынбақ, дәлірек айтқанда, сиырлар ешқайда шықпай, олардың азығы, микроклиматы, барлығы компьютер көмегімен реттеліп отырады. Болашақ фермада 500 бас сауынды сиыр тұратын жер, 100 басқа арналған босандыру орны және 24 басқа шақталған бір уақытта сауу орны қарастырылмақ. Айта кету керек, қазірде аймағымызда «Кирова» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Луганск» ӨК секілді ірі қожалықтарда мұндай заманауи үлгідегі сүт-тауарлы фермалар жұмыс жасауда.
Аудан әкімі Жанат Шұғаев іске сәт деп, елі, халқы үшін тер төгіп жүрген Қайрат Қажатұлына алғысын білдірді. Кез-келген істі бастарда Алладан береке тілеу жөн деген ҚМДБ Павлодар облысының өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы Қайрат Қажатұлының игі бастамасына жаратқан иеміздің жақ боларына сенімді екенін жеткізді. Нақ осы жерде төселген кілемдер үстінде намаз оқылып, аруақтарға дұға жасалды.
Ауыл азаматтары жаңа жұмыс орындары пайда болады, жұмыс болса, ауыл да көркейе түседі деп қуанып жатты. Мердігер компания өкілдері жұмыстарды уақытынан бұрын сапалы етіп тәмамдауға уәде берді.