Заман талабына сай болмаққа

 

Кемеңгер ауылындағы «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында үш нысан – зертхана, қыздар жатақханасы, асхананың күрделі жөндеуі жүріп жатыр.

Колледж директоры Серік Жартыбаевтың айтуынша, қыздар жатақханасы салынғалы бері, күрделі жөндеу көрмеген, сол секілді асханаға да елу жылдан аса айтарлықтай жөндеу жасалмаған, ал зертхананың «1 Б» корпусы 1993 жылдан бері мүлде пайдаланылмай келген. Себебі сол жылы колледжде автономды қазандық құрылып, нысан жылыту жүйесіне қосылмай қалған. Содан бері жабық тұрған.

– Колледжде 1988 жылдан 2011 жыл аралығында басшылық тізгінін ұстаған Төлеу Әріпбаев пайдаланылмай тұрған нысандарды сақтап қалуға зор ықпал еткен. Тіпті тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде де колледждің бос тұрған нысандары «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпегені сол жанның арқасы деп білеміз. Біз де қаңырап тұрған аталмыш нысанды соңғы екі жыл көлемінде «аукцион арқылы сатайық» дегендердің сөзіне құлақ аспай, алып қалдық, себебі колледж дамып жатыр, заманауи зертханалар – таптырмайтын дүние. Бұған қоса, өткен жылы облыс әкімінің шешімімен, колледжге Аққулы, Май, Баянауыл колледждері қосылып, студенттер саны 200-ге артып, 800-ден асып жығылған. Демек, жатақхананы жөнге келтіру, асхананы кеңейтіп, зертхана ашу қажеттігі артқаны айтпаса да түсінікті, – дейді мекеменің қазіргі басшысы Серік Тілеуханұлы.

Жатақхананың күрделі жөндеуі- не 56 миллион 310 мың теңге, асхананың күрделі жөндеуі – 63 мил- лион 300 мың теңге, зертхананың күрделі жөндеуі – 90 миллион 684 мың теңге, жалпы алғанда, 217 миллион теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының бас мердігері – «ПСУ-2» ЖШС. Мамыр айында басталған жөндеу жұмыстары шілдеде тәмамдалады деп күті- луде. Жұмыстарға екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар тартылған. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысан- дардың тікелей басы-қасында Серік Жартыбаевтың әкімшілік- шаруашылық жөніндегі орынбасары Ерсайын Дүйсенов жүр.

МАҚСАТ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҒУ

Мекемеде заманауи ветери- нарлық зертхана жұмыс жасай бастағалы бірер жылдың жүзі болған. Мұнда студенттер мал-құс өнімдерінің талдауларын алып, жануарларға диагностика жасауға дағдылана алады. Ал күрделі жөндеу басталып кеткен ескі зертхана корпусы ауыл шаруашылығы механизациясы және агрономия мамандықтары бойынша зертханалар ашу үшін қажет. Білікті мамандармен қамту жағынан алда келе жатқан білім ордасы енді материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету тұрғысынан да көшбастауға ұмтылуда. Келер жылы «Жас маман» бағдарламасы аясында зертханаға жабдықтар сатып алу жоспарланған, дәлірек айтқанда, 340 миллион теңгеге жуық қаражатқа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу көзделуде. Осылайша, мұнда кез-келген ауыл шаруашылығы техникасының диагностикасы, жөндеуі жүргізілетін болады. Сондай-ақ агрономия саласы бойынша да зерттеулер жасалады.

Қос нысан бірлескен кешенге біріктіріліп, «Аймақтық құзірет орталығы» құрылады. Бұл – ғылым, өндіріс, студент бір арнаға тоғысып, ғылымның ауыл шаруашылығында көрініс табуына жол ашуға ұмтылу деген сөз. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер арасында чемпионаттар өткізіледі деген жоспар бар. Мұндай тәжірибе ветеринарлық зертханада да қолға алынған. Осының барлығы – келер жылы халықаралық аккредитациядан өтіп, халықаралық деңгейге шығу үшін қолға алынып жатқан дүниелер. Нәтижесінде шетелден студенттер шақырып, халықаралық чемпионаттар өткізу мүмкіндігі ашылады. Қазірдің өзінде колледж мамандары Германия, Белоруссия сынды елдердегі оқу орындарымен байланыс орнатқан.

– Еуропада білім алғанымда Германия, Финляндияда тақылеттес зертханалық жұмыстар қалай жүргізілетінін арнайы көріп едім. Зерттеу жұмыстарына тіпті зертханадағы жарықтың да өз әсері бар. Осы талаптардың барлығын сақтауға тырысамыз. Нысан терезелерінің көлеміне дейін мән берілетін болады, – дейді оқу орын басшысы.

Сондай-ақ колледжде студенттерге жан-жақты білім беру үшін бастау алған жобалар жұмысын жалғастыруда. Жылқыға міну мәдениетін үйрететін «Аламан» (карантинге байланысты уақытша тоқтап тұр), әртүрлі алма ағаштары көшеттерін біріктіру арқылы тәтті жемістің жаңа сұрыптарын алуға арналған «Алмалы бақ» жобалары жұмыс жасауда. Колледж аумағында -60 градус температураға шыдайтын поликарбонатты шағын жылыжайда асханаға арнап қыста қияр, қызанақ, жасылкөк өсірілсе, қалған уақытта күзде жиналған түрлі гүлдер тұқымдары ерте көктемде жылыжайға отырғызылып, жаз шықпай жатып, білім ордасының аумағына егіліп, көз қуантады. Бұлармен қоса, шағын оқу шаруашылығындағы сиырлар сүті бұрын қаладағы зауыттарға тапсырылып келген болса, қазірде өздері қаймақ, май жасап шығарып, зертханаларында өнім сапасы тексеріледі. Әзірге бастама болғанымен, болашақта қажетті деңгейге шығару ойлары да жоқ емес. Аудан әкімі Жанат Шұғаевтың қолдауымен, Черноярка жерінде суармалы егіншілікке жер бөлініп, «Павлодар ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, «Вируссыз картоп» ғылыми жобасы жүзеге асырылуда. Мақсат – жүздеген тонна картоп жинап алу емес, студенттерге сапалы картоп өсіруге қажетті дүниелерді үйрету. Жалпы, колледж мамандары студенттері ауыл шаруашылығының барлық саласында тәжірибе жинақтағанын мақсат тұтады.

АС – АДАМНЫҢ АРҚАУЫ

Үйден жырақта жүріп, білім алып жатқан студенттердің қарны тоқ, көйлегі көк болуы үшін асхана да заман талаптарына сай жабдықталуда. Іші кеңейтіліп, 220 орынға шақталатын етіп жасалмақ. Бір қызығы – нысандарда оқу орнының студенттері де еңбектенуде. Білім алып жатқан мекемелерінің кірпішін қалау – оларға зор абырой. Колледждің он студенті жазда қол қусырып жатпай, ақша табуда. Демалыстарында жұмыс жасап үйреніп қалған студенттер, негізінен, қаладан нәпақа тауып келген. Әрлі-берлі қатынамай-ақ, ауылдан жұмыс табылғанына, 85 мың теңге жалақы алатынына студенттер дән риза.

– Оқуымды жақсы оқып, шәкіртақы аламын. Бос жатпай, жұмыс істеп, ақша тауып, ата-анаңа көмектескен дұрыс қой, – деп бөлісті асхананың құрылыс жұмыстарын жасап жүрген ветеринария мамандығының 3-курс студенті кемеңгерлік Жеңіс Бибатыр.

– Біздің балалар жұмыс жасаудан қорықпайды. Оқудың 60 %-ы тәжірибеден тұрады. Студенттеріміз «Победа» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «БИК» ШҚ сынды аймағымыздың алдыңғы қатарлы кәсіпорындарында тәжірибеден өте отырып, ең аз дегенде 60 мың жалақы алумен қатар, тегін тамақпен және қоныспен қамтылады. Жақсы оқитын студенттерімізді жалақысы жоғары кәсіпорындарға жұмысқа жібереміз. Студенттерге 180 мың теңге жалақы төлейтін шаруа қожалықтар да бар. 1-курстан бастап еңбекпен келетін нанның дәмін сезініп, ата-анасына қолғабыс болып, өздеріне қажетті дүниелерін сатып алулары үшін осындай жағдай жасап отырмыз, – деп бөлісті Серік Жартыбаев.

«Ас – адамның арқауы» демекші, колледжде студенттерді тегін ыстық тамақпен қамтуға үлкен мән беріледі. Әл-ауқаты нашар отбасыларда тәрбиеленетін 387 баладан өзге, оңтүстік өңірден келіп «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқандар, өзге де жағдайы келіңкіремей жүрген студенттер тегін тамақтандырылады. Ата-аналары балаларын сеніп тапсырғандықтан, серіктестері – «Победа» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Дәнекер» ШҚ сынды ірі кәсіпорын басшыларымен сөзбұйда жасасу арқылы биыл қосымша 84 студент тегін тамақпен қамтылған.

ЖАТАҚХАНА – ЖАЙЛЫ ҚОНЫС

Студенттер үшін аса маңызды мәселе – жатақхана. Себебі туысың болсын, бөтен болсын, өзге біреудің үйінде жатып оқу ыңғайсыз, әрине. Сол жандардың қас-қабағына қарап, тұрмыс-тіршіліктеріне қарай икемделу керек. Бұған қарағанда, өз үйіңдегідей болмағанымен, дегенмен де жатақханада тұрып білім алу әлдеқайда қолайлы. Білім мекемесінің ер балалар және қыз балаларға арналған жеке екі жатақханасы бар. Қыздарға қарағанда, ұлдар көбірек оқитын колледжде соңғыларына 240 орындық жатақхана қызмет етеді. Нысанға осыдан бірер жыл бұрын күрделі жөндеу жасалған. Ал 120 орынға шақталған қыздар жатақханасының шатырынан су ағып, көптеген қолайсыздықтар туындатқан. Қолдан келгенше, жамауға тырысқандарымен, тозығы жеткен шатыр бұған көне қоймаған. Енді осы және өзге де мәселелер өз шешімін тауып, қыздар да күрделі жөндеуден өткен заман талабына сай жатақханада тұратын болады. Бұрын дәретхана, жуынып-шайынатын жер тек бірінші қабатта орналасса, енді бұлармен екі қабат та жабдықталмақ.