Имандылық

Асыл дінімізден қуат алып

Жерлестеріміз Жаяу Мұса Байжанұлы, Исабек Ишан Хазірет және Үміт Ақтанқызы Сұбатылованың жеке заттары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына өткізіліп, «Рухани жаңғыру» залында сақтаулы. Мұражай қызметкері Әсем Мерғалымқызының айтуынша, экспозициялар әлі де толықтырыла түспек. Жуырда Үміт апаның қызы Бақыт анасының киімі мен емделушілердің алғыс-тілектері жазылған қолжазбаларды, сондай-ақ емші жайлы «Егемен Қазақстан», «Сарыарқа самалы» газеттерінде жарық көрген мақалалар мен өлеңдерді мұражай қорына тапсырыпты. Апаның кезінде өзі салдырған ауылдағы мешітте сақтаулы тұрған тағы бірер дүниелері осында өткізілмек екен.

 

Үміт апаның өмірбаяны

1924 жылдың 22-маусымында облысымыздың Лебяжі ауданына қарасты Қорт ауылында дүниеге келген. Руы – уақ. 30-нәубетті жылдары әкесі Ақтан мен анасы Кенже отбасымен Алтайға қарай көшеді. Ключевский ауданы, Северка ауылы деген қонысқа келіп, киіз үй тігіп орнығады. Үміт апаның анасы Кенженің емшілік қасиеті болған. Соғыс кезінде талай адамға шарапаты тиген. Осылайша, қызына емшілік қасиет анасынан дарыған болса керек…

Үміт Сұбатылова 1947 жылы Рахметолла Сүлейменұлымен отау құрады. 1966 жылы Павлодар кеңшарына қоныс аударады. Жолдасы Рахметолламен 20 жыл мал шаруашылығында еңбек еткен. Ерлі-зайыптылар озат малшы атанып, елге сыйлы жандар болған. Кезінде белгілі қайраткер Дінмұхамед Қонаевпен жүздесіп, тілдескен еңбек адамдары.

Екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген. Тұңғыш ұлы жұма күні дүниеге келген Жұмабай, одан кейін Сара, ортаңғы ұлы Жұмажан, кенже ұлы Боранбай, кіші қызы Бақыт (Жоғарыдағы суретте ортада). Бес баласынан 6 немере, 13 шөбере, 5 жиен, 11 жиеншары бар.

Емшілік қасиеті

Үміт Ақтанқызы зейнеткерлікке шыққан соң, 1986 жылы Жамбыл ауылының шетіндегі кішкентай көлді жағалай үй салып, емшілікпен айналыса бастапты. 1991 жылы 3-ақпанда Республикалық дәрежедегі халық емшісі (Республикалық Халық емшілері орталығында заңды түрде тіркелген) Үміт Сұбатылованың емдеу орталығы заңды түрде ашылған. Қазақстаннан ғана емес, Ресейдің Новосібір, Омбы, Тюмень, Өзбекстан, Қырғызстан мен Татарстан, Германия мен Ираннан да келіп, емделіп қайтатындар қарасы қалың болыпты. Күніне 200-300-ге жуық адам емделуге келіп тұрған екен. Дәрігерлерден күдер үзген жандар, аурулары асқынғандар үміттерін үкілеп, Үміт апаға барып, ауруларынан айығып отырған. Бала сүю арманына қол жеткізе алмай жүргендер сәбилі болып, шаттыққа бөленген.

Емделушілер осындағы жатақханаларда жатып ем қабылдап, қажет кезде арнайы автобуспен қала орталығына жеткізіліп отырған. Сондай-ақ бірнеше мезгіл арзан әрі дәмді ас ұсынатын асхана, наубайхана, шағын дәріхана, монша салғызған. Бір сөзбен айтқанда, Үміт апа емханасында емделушілерге барлық жағдай жасаған. 1993 жылы ауылда Алла үйін салып, ауыл тұрғындарын имандылыққа, қайырымдылық пен ізгілікке үндеген. Жұма намазы кезінде имамдар арқылы жиналған жамағатқа ащы судан бас тартып, дінге қарай бетбұруларына насихат айтқызған. Мешітте жастардың некелері қиылып, сәбилерге азан шақырылып, ат қойылып отырған. Ауыл балалары үшін мешіт жанынан медресе де ашқан. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінің қиындықтарына қарамастан, жағдайы жоқтарға қолұшын созып, жұмыссыз ауыл азаматтарын емханасына жұмысқа алып отырған. Осынау еліміз үшін қиын кезеңде ауыл тұрғындарының электр энергиясын пайдаланғаны үшін төлемін өз мойнына алып, жомарттық танытқан. Мүгедектер, қарттар және жетімдер үйлеріне барып, киім-кешек, азық-түлік апарып отырыпты. Иманжүзді, кеңпейіл, ақ жүректі ана 1998 жылы жолдасы Рахметолла, үлкен қызы Сара үшеуі Аллаға құлшылық жасап, Мекке Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп келген.

Елді мекенді Үміт апа қоныстанғанға дейін Жамбыл ауылы тұрғындарының жағдайы нашар болатын, — дейді көз көргендер. Ауыл тозып, жастардың көпшілігі жұмыссыз жүрген, ішімдікке әуес болыпты. Алайда, Үміт апаның жасаған игіліктерінің арқасында жастар санасы жақсарып, салауатты өмір салтына бетбұрып, ауыл жанданып, түрлене түсіпті. Өнерлі жастардың басын қосып, ансамбль құрып, ауыл тұрғындары мен емделушілерге концерт ұйымдастырып отырыпты. Ауылдағы той-томалақтардың басы-қасында өзі жүрген екен. Тіл үйірерлік ұлттық тағамдарымен көпшілікті тәнті етіп келген.

Үміт апаның шипалы алақанының арқасында талай адам ауруынан құлан таза айығып, балалы болу армандарына қолжеткізіп отырған. Осылайша, алғыс ретінде Үміт апаға қолда барымен бөлісіп, керек кезде көмектерінен аянып қалмаған. Емші апа бәрін де емделушілеріне жұмсайтын.

«Мен Құдай емеспін, тек шын ниетімен келген адамдарға көмегім тиіп жатыр, бұл да бір Алла берген қасиет болар» деп, апамыз әр сөзінде Жаратқан иеміздің құдіреттілігін айтып отырған екен. Өкінішке орай, 2005 жылы сәуір айында Рахметолла ата дүниеден өтеді. Артынан көп ұзамай, екі ай, он күннен кейін маусым айының он үші күні 81 жасында Үміт апа да бақилық сапарға аттанып кетеді. Өзі еңбек еткен топырақта денесі жер қойнына тапсырылды.

Талай жанға шапағаты тиген емшіні елі бүгінде де құрметтеп, қадір тұтады. Былтыр көпшілік тілеуі қабыл болып, Березовка (Жамбыл) ауылына Үміт апа есімі берілді. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл өңір Павлодар облысының киелі жерлер тізіміне енгізілді. Нәтижесінде, киелі жер деп танылған мекенге апарар Мичурино-Үміт апа тас жолының ойлы-қырлы 2 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ, емші Үміт апа мазарына, емханасына апарар жолға да асфальт төселген. Қазірде «Игілік-Рухани жаңғыру» қайырымдылық қорының қаражаты есебінен Үміт апа мазары мен мешітінде абаттандыру бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда.

Үміт апаның емдеу қабілеті кіші қызы Бақытқа дарып, ол сол ауылда емдеу ісін жалғастыруда. Айтуынша, емханаға күніне 60-қа жуық адам келеді. Сондықтан, келушілер үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері үнемі туындап тұрады және енді олар шешімін біртіндеп тауып жатқаны қуантады.