Керуен басы біздің ауданда

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өтіп жатқан «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» апта басында Павлодар ауданына ат басын тіреді. Осыған орай, жақында ғана атауы өзгертілген Кемеңгер ауылында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, «Shańyraq» облыстық халық шығармашылығы және мәдени–сауық орталығы қызметкерлерінің және жергілікті өнерпаздардың орындауында концерттік бағдарлама халық назарына ұсынылды. Көнеден келе жатқан «Ашамайға мінгізу» рәсімі көрсетіліп, ұлттық ойынмен жалғасты. Шара соңында, көпшілік дәмнен ауыз тиіп, риза көңілмен тарқасты.

«Ұлы даланың өнерпаздар керуені» – мәдениетімізді, дәстүрімізді, ауыз әдебиеті үлгілері мен ұлттық спорт түрлерін халық арасында дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған бірегей жоба. Керуеннің іс-сапары бұл жолы Баянауылдан Павлодар ауданына бет алған болатын. Өнерпаздар тобын жергілікті халық әсем әнмен, әжелер шашуымен қарсы алды. Кемеңгердегі аграрлы-техникалық колледждің жаңынан құрылған «Аламан» ат спорты клубының шабандоздары атқа міну мәдениеті үлгілерін көрсетті. Клуб жетекшісі Ерсайын Дүйсенов:

– Негізі көбіне ауқымды шаралар облыстың ірі қалаларында өтеді. Ал, ауылдық елді-мекендер мұндай мәдени шаралардан қалыс қалып жатады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында осындай шаралардың ұйымдастырылып жатқаны, ұлттық өнеріміздің бойына қайта қан жүгіртіп жатқандай әсер қалдыруда, – дейді. Ұстазының сөзін Жанаргүл Білай есімді шәкірті жалғап:

– Жазғы демалыста жүрсек те, осы шараға арнайы Екібастұз қаласынан келіп отырмын. Клуб жұмысын көрсетуге келгенде бұл таптырмайтын мүмкіндік деп ойлаймын. Жаңа оқу жылы тезірек басталып, «Аламанға» баруға күн санап жүрмін. Атқа міну тек денсаулықты нығайтып қана қоймайды. Сонымен қатар, ұлттық сана мен өр рухты қалыптастырудың кілті болып табылады, –деп өз ойын қосты.

Одан кейін көпшілік назарына «Ашамайға мінгізу» рәсімі көрсетіліп, шашу шашылды. Мәдениет үйінің бір жағында ат жалына жармасқан жігіттер «Аударыспақтан» күш сынасты. Сахна маңында жайылған кілемде қазақ күресінің әдіс-тәсілдері көрсетілді. Киіз үй маңында ауданымызға белгілі Шәмшия Әпи, Халима Күлжан мен Алпысбай Шалабаев сынды қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылды.

Ал, сахна төріне алғашқылардың бірі болып «Нұр – Ана әлемі» бірлестігінің әжелері шығып, «Ақ жайнақ» және «Арыс жағасында» әндерін шырқады. Павлодар ауданының «Балалар өнер мектебінің» оқушылары мың бұрала би билеп, әуелете ән шырқалып, күмбірлете күй орындап, шараның көрігін қыздырды. Ауданымызға белгілі өнерпаздар Айнұр Ешманова, Жазира Дүйсенбаевалар және « Ивушка» вокалды тобы мен «Достық» триосы халық әндері және патриоттық әндерді нақышына келтіріп орындады.

Концерттік бағдарламаның екінші бөлімінде қонақтар тізгінді ұстап, әлқиссаны «Томирис» үлгілі би ұжымының «Желдірме» биімен бастады. ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» Бейсенбі Мұқажанов пен жас ақын Нұрбек Бәкір, ата мен немере арасындағы үздік айтыс үлгісін көрсетті.

Шара барысында дәстүрлі әнші Амангелді Әбдіқадыр «Жайлауда», Алия Закрянова «Өсиет», «Туған жер» деген әндерді орындады. Қобызшы Нұртас Жұматай «Қорқыт» күйін, «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамбілінің жетекшісі Асан Әбдіқадыр «Баянда» әнін зор шеберлікпен орындап, көпшіліктің ыстық ілтипатына бөленді. Әрі қарай концерттік номерлер тоқтаусыз жалғасып, көрермендердің қол соғып қошеметтеуіне ұласып жатты.

– Өнерпаздар керуені біздің ауданғада ат басын бұрғанына қуаныштымыз. Аталмыш жоба – қазақ халқының салт- дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары, ән мен күйін насихаттап, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған бірден- бір жоба. Сондықтан, бүгін Кемеңгер аулына ауданымызға белгілі өнер әлемінің «қаймақтары» тайлы-таяғы қалмай түгел жиналып, өнерлерін ортаға салды,–дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Рақымжанов. Иә, расында да, ұйымдастырушы тараптың сөзімен толық қосылуға болады. Бүгінгі күні ұлттық өнеріміздің кенжелеп қалғаны құпия емес. «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» – осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында дер кезінде жасалып жатқан шара десек болады.

Шара соңында, «Шаңырақ» орталығының ұйымдастыру комитеті мәдени іс-шараға ат салысқан өнерпаздарды алғыс хаттармен марапаттады. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері осынау игі істің басында жүрген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ баталарын беріп, керуен көшімен қимай қоштасты.