Красноармейкада бастауыш мектеп жобасы қолға алынбақ

Осы уақыт аралығында, экономика және әлеуметтік салаларда оң үрдістер орын алды. Негізінен, «Зерноград» ЖШС-мен ұн және қарақұмық жармасы өндірісі артқанының арқасында аудан өнеркәсібінің өндірісі 1 млрд. 644 млн. теңгені құрады. Ауылшаруашылығы жалпы өнімінің өндірісі 7 млрд. 900 млн. теңгені құраған. Ірі мал, жылқы, шошқа, қой басы артып отыр, өкінішке орай, ешкі, құс басы кеміген. Негізінен мал басы артқандықтан, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісі ұлғайған: 7400 тонна ет, 24200 тонна сүт өндірілді. Республикада да, облыста да бақыланатын негізгі көрсеткіштердің бірі — шағын және орта кәсіпкерлік саны десек, Павлодар ауданындағы 1322 бизнес нысанының 1204-і жұмыс жасауда. «Аян», «Дәнекер», «Ертіс», «Луганск» ӨК, «Turkey-PVL» және басқа да шаруа қожалықтарында инвестициялық жобалар жүзеге асуда.

Ауданымызда 9 ауылдық округ, бюджеттің төртінші деңгейіне ауысқан. Демек, бұл округтерде демеушіліктен, әкімшілік айыппұлдар арқылы түсетін қаражатты өз пайдаларына жаратады. Ефремовка, Заңғар, Шақат ауылдық округтері мен Ольгинка елді мекенінде бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Келер жылы бюджеттің төртінші деңгейіне ауыстырылмақ.

Ауданда жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне зор көңіл аударылуда. Құрылған 415 жұмыс орнының 155-і тұрақты, 700-ден аса адам түрлі еңбекпен қамтылған. «Еңбек» нәтижелі еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 20 өтініш мақұлданған. «Кереку» несие серіктестігі ЖШС-на түскен 10 өтініштің 4-еуі қаржыландырылған. Несиелердің дені мал шаруашылығын дамытуға бағытталған: «Асылжан» ШҚ (Набережное а.), «Сырым» ЖК (Сычевка а.), «Баткеев» ШҚ (Заря а.). Сондай-ақ, «Жастар жылында» жастарға 35 грант бөлінген. Мысалы, Анна Руль шаштараз және Мадина Имамағзамова (Чернорецк а.) маникюр студиясын ашуға, Любовь Краснова (Розовка а.) пицца жасауға арналған жабдық сатып алуға, Санжарбек Әлімханов (Красноармейка а.) дәнекерлеу қызметтерін көрсетуге несие алған. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша ауданымызға 10 оралман және 64 қоныс аударушы келген. Барлық келушілерге қоныс аударуларына және тұрғын үй жалдауларына субсидиялар ұсынылған. Аудан көлемінде АӘК алатындар саны өткен жылмен салыстырғанда үш есе өсіп, 316 отбасыны құрап отыр. Бұлардың 133-і көпбалалы отбасылар.

Елді мекендерімізде жолдар жөнделіп, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Ауылдар абаттандырылуда. Игіліктер туралы газетіміздің бетінде жазған едік. Әкім есебінен белгілі болғандай, ауданымыздың денсаулық саласында өкінішке орай, туберкулез ауруына шалдыққандар саны артқан.

Білім саласына тоқталар болсақ, биыл шамамен 500-ден аса 1-сынып оқушысы алғаш рет білім табалдырығын аттайтын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, шамамен 80 балаға артық. Сондықтан, мектептердің жөнделуіне, шәкірттеріміздің білім алуына жақсы жағдайлар жасауға баса мән берілуде. Білім ошақтары заман талаптарына сай жөндеуден өтуде. Жиында Красноармейка ауылында, жарқын болашақта болатын қуанышты жаңалық жайлы білдік. 250 орынға арналған қайта жаңартудан өткен бастауыш мектеп жобасы қолға алынған. Жуырда, әкімдік балансына берілген елді мекендегі зертхана ғимараты қайта жаңартудан өткізіліп, пайдалануға берілмек. Мұнда 13 кабинет, шағын акт залы, спорт зал, спорт алаңы бар аула болмақ. Аудан әкімінің сөзінше, қайта жаңарту жобасын әзірлеп, облыс көмегімен 2020 оқу жылы бастауыш мектеп ашу жоспарда. Айта кетер болсақ, Красноармейка білім ошағында, бірнеше ауысымда жалпы 500 бала білім алуда, биыл 1-сыныпқа шамамен 60 бала барады деп күтілуде. Көптен бері көтеріліп келген өзекті мәселені аудан әкімі Жанат Рашитұлы бірізді етуді қолға алғаны қуантады. Бұл ретте, аудан басшысы халық қалаулыларын осы секілді өзекті мәлелелерді облыс көлемінде көтеріп, іске асыруға ықпал жасауға үндеді. Депутат Анна Солдатова, тұрғындардың сұрауы бойынша, Мичурино ауылдық округіне балабақша қажеттігін алға тартты. Үш мыңға тарта тұрғыны бар округіндегі мектепте жалға берілген шағын орталық жұмыс жасауда. Мұнда СЭС мамандарынан ескертулер жиі орын алады екен.

Мичурино округінде балабақшаның жоқтығы – таңданарлық дүние. Әрине, тоқырау жылдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен еді, бұл нысандар. Ал бүгінде аса қажет. Күрделі мәселені жоғары жаққа жеткізуге тырысамын дей келе, бұл ретте, бірқатар шағын ауылдарды біріктірген жөн екенін алға тартты. Мәселен, Подстепка елді мекенін Заряға, Заозерноены Шақатқа, Госплемстанция ауылын Мичуриноға қосу керек. Бір мектеп, емхана, су құбырын пайдаланатын осындай елді мекендерді біріктіру арқылы біраз мәселенің шешімін табу оңай болмақ. Бұл ретте округ әкімдері жұмыс жасауы міндетті дейді әкім.

Депутаттар кезекті сессияның төрағасы ретінде №8 Красноармейка сайлау округінің депутаты Азамат Кашитовты бірауыздан сайлады.