«Күміс алқалы» бақытты ана

Маралды ауылының тұрғыны, көп балалы ана Жангүлім Жолжақсынова «Күміс алқа» орденімен марапатталды. Төсбелгіні табыстау үшін аудан әкімі Жанат Шұғаев келіп, алты бала тәрбиелеп отырған отанасына ізгі тілегін жеткізді.

Аудан әкімі көп балалы ананы осы айтулы күнімен құттықтау үшін Маралды ауылына арнайы келген. Мән-жайдан соң, мемлекет тарапынан қандай көмек керек екендігін де сұрады. Отбасының ондай қажеттіліктері болмаған соң, «Күміс алқа» иегеріне төленетін жәрдемақыға құжаттарын көпке созбай тапсыру керектігін атап өтті.

Әр көп балалы ананың қолынан келе бермейтін шаруаны үйіріп, үй болып отырғаны Жолжақсыновтар әулетінің отанасы – Жангүлім Ерсайынқызының пысықтығынан болар. Балалардың болашағын ойлап, нәресте күтумен қатар, мектептегі жұмысын да бірге жасап жүр. Таңертеңнен сиырын сауып, өріске айдап, одан кейін үй-жайын реттеген соң, мектепке сабақ беруге кетеді. Осындағы Маралды негізгі мектебінде ол химия және биология пәнінің мұғалімі.

– Бұл пәннен сабақ беретін ауылда басқа ұстаз жоқ. Сондықтан, декреттік демалыстан үнемі ертерек шығып, жұмысқа кірісемін. Абырой болғанда, үлкен қыздарым бар, олар менің жоқтығымды білдірмей, кіші сіңлілері мен бауырын қарайды. Өздері өсіп, маған қолғанат болуға жарап қалды, – деп қыздарына ризашылығын білдірді.

Бұл ауылға Жангүлім Ерсайынқызы студент кезінде қыдырып келгенінде, өмірлік жарын осыннан кездестіремін деп ойламапты да. Келін атанып, содан бері 17 жыл Маралдыда тұрып жатыр. Бес қыз бен кенжесі Сұлтанәлиді бағып-қағып, бір әулеттің шамын жарқыратып отыр. Отағасы мал шаруашылығымен айналысады, ата кәсіпті нәсіп етіп, нәпақасын табады. Ал отанасы алдымен медицина колледжін бітіріп, кейін мұғалім мамандығы бойынша жоғары білім алған екен. Қарапайым отбасы қол қусырып отырмайды, өздері тырысып, бала-шағаның жағдайын жасайды.

– Үлкен қызым қазір 16-да, қалада оқиды. Өзі мұғалім мамандығын таңдады. Екінші қызым 9-сыныпта оқиды, оның да өз болашағын таңдайтын кез жақындап келеді. Олар маған үй шаруасында көмектеседі, сабақтарын оқиды, – дейді анасы.

Анасының мерейі тасып, үлкен марапатқа ие болғанын көрген балаларының қуанышында шек болмады. Олар анасын құшақтап, балалық махаббатпен өсіріп-жеткізгені үшін алғысын білдірді.

 

Өз тілшіміз