КӨМЕК КЕРЕК ПЕ? «111»-ГЕ ХАБАРЛАС!

Апта басында ауданымызға ҚР Президенті Әкімшілігінің жанында құрылған «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі Республикалық кеңес жұмыс тобының өкілдері келді. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру ұсыныстарын зерделеу және жинау жөніндегі мамандар бірқатар ескертпелер жасап, тапсырмалар берді.

 

Черноярка білім ошағында өткен жиында «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева балалар суицидке бармауы үшін алдын-алу шараларын қолданған абзал дей келе, әр білім мекемесінде «111» сенім телефоны жайлы хабардар ететін плакат ілулі тұруы тиіс екенін алға тартты. Білім ошақтарында ол шағын А4 форматында ілулі тұр. Оны қай оқушы көреді? – дейді маман. Талап бойынша, ұзындығы – 1 метр, ені – 70 см болуы тиіс мұндай плакаттың. Онда үлкен жазумен: «Сені ренжітеді ме?», «Сені ұрады ма?», «Сені қорқытады ма?» «111»-ге хабарлас! — деп жазылған. Қиын жағдайға тап болған әр бала кез-келген телефоннан қоңырау шалып, кеңес ала алады. Шұғыл желіде 30 білікті психолог маман қызмет етеді. Бір ғана Алматы қаласындағы мектептерде ілінген мұндай плакаттардың арқасында төрт ай ішінде суицид бойынша келіп түскен қоңыраулар саны үш есе, зорлық-зомбылыққа қатысты төрт есе артқан. Бұрын айына екі мың қоңырау келіп түссе, қазірде аптасына осынша қоңырау шалынады. Суицидтің алдын-алуда таптырмайтын қарапайым құрал десек, артық айтылған болмас, — деген маман әр білім ошағында осындай плакаттар ілінгені жайлы 1-ші қыркүйекке дейін есеп берілуін тапсырды.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр біздің ауданымызда да өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы орын алған болатын. Достық орта мектебінің оқушысы мұндай қадамға барады деп ешкім ойламаған. Өкінішке орай, болған іс болды, енді мұндай жаға ұстатар жәйттердің орын алмасы үшін кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспектор, психологтар, әлеуметтік педагог әр баламен барынша жұмыс жасауы қажет. Бұл мамандар санын арттырса да, көптік етпес…

Динара Закиеваның айтуынша, балаларымызды қорғау бойынша ауыз толтырып айтарлықтай көп істер атқарылып жатқанымен, іс жүзінде олар тиімді емес. Себебі балаларымыз жиі отыратын әлеуметтік желілерде қажетті жұмыстар жүргізілмейді. Міне, сол жағына көңіл бөлген абзал. Ғаламторда балаларды суицидке үндейтін түрлі қауіпті дүниелерден қорғауымыз керек.

— Балаларға арналып түрлі пайдалы роликтер жасалып жатады, оларды теледидардан көрсетеді, алайда, қазір балалар негізінен ғаламтордағы әлеуметтік желілерде отырады, міне, сонда салсақ, ұтамыз. ВКонтакте желісінде мектептің тобын ашып, сонда пайдалы ақпараттарды салып отырыңыздар. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қаңтар айында тұсаукесері болған жасөспірімдер мен балаларға арналған Қазақстанның әлеуметтік желісіне тіркеліп, әр бала өзіне қызықты әрі пайдалы мәлімет ала алады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы 16 жасар қыз тікұшақ жүргізеді екен. Бұған қаладағы колледждердің бірінде арнайы тегін машықтануға болады екен. Ал көпшілік балалар бұдан хабарсыз. Желіде бір-бірімен танысуларына да мүмкіндік бар. Әлеуметтік желіні қадағалап отырған әкімші жаман дүниелердің бәрін жойып отырады, — дейді маман.

Жұмыс тобы Черноярка ауылының тұрғыны Людмила Брехт отбасына барып, 32 жасар көпбалалы ананың жағдайымен танысты. Отбасы жуырда әкімдік тарапынан ұсынылған үш бөлмелі баспанада тұрып жатыр. Балалардың бәрі мектеп жасында. Алты қыздың арасында жалғыз ұл Әнуар бар. Болашақ чемпион десек, артық айтқанымыз болмас. Футболмен айналысады. Қабырғада ілінген сансыз медальдері бұған дәлел… Балаларды отағасынсыз асырау қандай қиын болғанымен, бұл отбасы балаларының тәртібі жақсы екені және әлі-ақ өсіп, анасы мен әжесінің қамқоршысы болатынына сенім зор.

Мамандар сондай-ақ Черноярка және Сычевка елді мекендеріндегі мектеп, балабақша, емдеу мекемелері сынды әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Сычевкадағы білім ошағының артындағы дәретхана жағдайына сын айтылып, түзетуге тапсырма берілді.