Марапат жауған күн

Өткен сенбіде, Ertis Promenade сахынасында Павлодар облысының үздік медицина қызметкерлері марапатталды. Іс-шараға аймақтың барлық қала-аудандарынан жыл бойы  денсаулық саласына елеулі еңбек еткен мамандар арнайы шақырылған. Олардың қатарында Павлодар ауданының ақ халаттылары да бар.

Демалыс күні орталық жағалауға халық көптеп жиналды. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, жүздері бал-бұл жанған дәрігерлер қауымы көптен көрмеген әріптестерімен қауышып, мәре-сәре күйге түсті. Шараның шымылдығы өткен жыл бойынша ең жарқын сәттерден тұратын бейнекөрініспен ашылды. Одан кейін сахна төріне  Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов шақырылып,  үздіктерді марпаттады. Асхат Раздықұлы құттықтау сөзінде өңірімізде өз ісінің шебері атанған, жауапкершілігі мол, білікті де білгір дәрігерлердің көп екендігін  бөле айтты:

– Құрметті медицина саласының қызметкерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Адамның басты байлығы — оның өмірі мен денсаулығы. ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашанда денсаулық саласына баса назар аударған. Сол себептен де облыс басшылығы атынан және жеке өз тарапымнан сіздердің бастамаларыңызды қолдап, жаңа мүмкіндіктер жасауға дайынбыз. Еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға құт-береке, қажымас қайрат, зор денсаулық тілеймін, – деді құттықтау сөзінде.

Шынымен де, соңғы жылдары павлодарлық медицинаның жоғары жетістіктерге жеткені байқалады. Оған дәлел ретінде — мамандарымыздың Республика деңгейінде үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтуге болады.

Марапатталғандардың ішінде, медицина қызметкерлерінен бөлек, алғашқы көмек көрсетіп, бес жасар қызды өлім аузынан құтқарып қалған Александр Жұмабаев есімді Павлодар қаласының тұрғыны да  бар. Осы үлгілі ісі үшін Александр  «Өмірлік ерлігі үшін» номинациясының жеңімпазы атанып, бағалы сыйлыққа ие болды.

Көп жылдық адал еңбегімен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін  облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болғандардың ішінде Достық ауылының фельдшері Фарида Байдалинова мен Павлодар аудандық емханасының лаборанты Ләззат Жақыпбаева бар.  Ал, Новочерноярка ауылының дәрігері Бағлан Мақатова «Павлодар облысының үздік ауылдық дәрігері» номинациясы бойынша мадақталды.

 

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙ

Суретті түсірген автор