МАҚСАТҚА ЖЕТУ ЖОЛЫ БІР

Павлодар ауданының «Nur Otan» партиясы мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің 9 маусым күні өтетін кезектен тыс сайлауын қолдайтынын мәлімдеді. Апта басында аудандық әкімдікте өткен партия конференциясы барысында нұротандықтар Елбасының ХVІІІ съезд барысында берген тапсырмаларының өңірде іске асырылу барысын талқылады.

Конференцияға қатысушылар қатарында аудандық партия филиалының төрағасы, аудан басшысы Жанат Шұғаев, сондай-ақ барлық бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, депутаттық фракция және партия ардагерлері бар. Алдымен аудан әкімі көпшілікті төрағаның бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған Вера Гейнцпен таныстырды.

Қазіргі уақытта жер-жерде Елбасы ұсынған төрт ұлттық жоба іске асырылуда, олар халықтың әл-ауқатын арттырып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Сондай жобалардың қатарында «Ауыл – ел бесігі», «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» және «Құтты мекен» бар. Партияластарын осы айтулы жобалардың ауданда іске асырылу барысымен мәслихат хатшысы, ХVІІІ тарихи съезд делегаты Айтуған Шайхимов таныстырды.

Естеріңізге салар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша еліміздегі болашағы бар ауылдар іріктеліп, осы елдімекендерде инфрақұрылымды жаңартуға 90 млрд. қаржы жұмсалады деп күтілуде.

– Елбасы, Қазақстан Респуб-ликасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде сөйлеген сөзінде біздің басты мақсатымыз – азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту екенін баса айтты. Осы жиында бірнеше тың жобалар жарық көріп, оны орындау тапсырылды. Әсіресе, ауылдағы ағайынның жағдайы түзелетін болды. Партия төрағасы ауылда тұратын жеті миллионнан астам халықтың хал-ауқатын арттыруға барлық мүмкіндік бар екенін айтты – деп Айтуған Абылайұлы жаңалықтарға толы болған партияның ақпандағы съезіндегі Елбасы тапсырмаларын бір шолып шықты.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы жас кәсіпкерлердің бизнеске жолдамасы болары анық, елдімекендерде жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Сол сияқты «Халыққа көмек» жобасы да бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі бойынша қызмет көрсетуді көздейді. Негізгі мақсаттарының бірі — тұрғындардың түйіткілдерін шұғыл шешуге жәрдемдесу. Әр жобаға кеңірек тоқталған Айтуған Шайхимов «Бақытты отбасы» жобасы бойынша Павлодар ауданында жасалып жатқан жұмыспен де таныстырып өтті. Бұл ретте ауданда 557 көп балалы отбасы әлеуметтік жәрдемақы алады екен. Ауыл тұрғындарының көп үміт артқан жобаларының бірі «Құтты мекен» болмақ, өйткені оның шеңберінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына басымдық берілген.

Осы ұлттық жобаларды іске асыруда бастауыш партия ұйымдарының еңбегі аса маңызды. Биік мақсаттарға жету үшін, еліміз бірлігін сақтап, партия мүшелері жұмыла кірісу қажеттілігін аудандық филиал төрағасы да атап өтті.

Күні кеше облыс орталығында өткен партияның облыстық филиалының конференциясында нұротандықтар алдағы сайлау науқаны әр партия мүшесіне үлкен міндет артып отырғанын бірауыздан мақұлдады.