МАҢЫЗДЫ СЕМИНАР

үні кеше, аудандық әкімдіктің үлкен залында Павлодар облысы дін істері басқармасының «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының» ұйымдастыруымен  «Жастарды экстремистік және теріс бағыттағы діни ағымдарға тартудың алдын-алу әдістері» – деген тақырыпта жастарға арналған семинар өтті.

 

Семинардың басты мақсаты — жат дiни ағым өкілдерінің етек жаюына, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге жол бермеу үшін діни бiлiмнің сапасын көтеру, дiни ағартудағы бiлiм беру жүйесiнiң орны мен рөлi туралы мәлімет беру болды. Бұл бағытта шынайы өмірден мысалдар келтіріліп, шығу жолы мен алдын-алу шаралары туралы ұсыныстар айтылды. Семинарға әр ауылдан жас мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер және белсенді жастар  жиналды.

Бірінші болып, КҚТД орталығының қызметкері теолог-сарапшы Асхат Утепов сөз алды. Ол:

— Дәстүрлі дін мен экстремистік бағытағы діннің айырмашылығына тоқталып,  күнделікті өмірде туындап жататын діни мәселелерді құқықтық және діни тұрғыдан жастарға түсінікті тілмен түсіндіріп берді.

Сонымен қатар, жат ағым жетегінде жүргендермен тікелей жұмыс жасаған білікті мамандар өз ойларын ортаға салды. Солардың бірі, дін мәселелері жөніндегі өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Әсия Әбитова болды. Оның сөзінше, кез-келген идеологияның ықпалына түскен азаматтарды дәстүрлі жолға бейімдеуге болады, –дейді. Маман, Сирия мемлекетінде жүрген қандастарымызды іздестіру, елге оралуына қол ұшын созу  бағытындағы жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Арнайы бейнекөрініс және слайд көрсетті.

Семинар барысында, қатысушылар тарапынан діни ағым өкілдерінің үгіттеуіне түсіп кетпеу жолдары туралы сұрақтар қойылды. Оған тиісті жауаптар да берілді. Соңында әр қатысушыға сертификаттар табысталды. Ақпаратты бейнекөріністер мен слайдттарды жүктеп алып жатты. Әрқайсысы «Ауылға барғасын жақындарыма көрсетемін, оқушыларыма тәрбие сағаты ретінде өткізіп, әріптестеріме әңгімелеп беремін» -деп жатты. Сөйтіп, отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарамақ.

Расында, әрбір адамға өмірінде әрдайым моральдық–рухани бағытта дұрыс шешім қабылдай білу керек. Осы тұста, діни сауатылыққа жетелейтін осы тектес семинарлардың көмегі зор болмақ.